• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Маусым, 2021

Жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын жобалар

280 рет
көрсетілді

Жамбыл облысының әкімдігі мен Еңбек және халықты Әлеуметтік қорғау минстрлігінің ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешенінде «Әлеуметтік кәсіпкерлік: қоғам мен бизнес үшін жаңа мүм­кіндіктер» тақырыбында халықаралық форум өтті. Аталған жиынға онлайн режімінде АҚШ, Ресей, Үндістан, Израиль және ТМД елдерінің өкілдерімен қатар, өңір кәсіпкерлері де қатысты. Қатысушылар кәсіпкерлікті дамыту төңірегінде пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.

Аталған форумға қатысу­шылар әуелі «Көне Тараз» кеше­нінің көрме залында болды. Мұн­да түрлі бағдарламалар мен жо­ба­ларға қатысып, жеке кәсібін аш­қан кəсіпкерлердің өндірген өнімі мен қолынан шыққан дү­ниелері қойылған. Сондай-ақ форумның ашылуы алдында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде әлеу­меттік кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып отырған көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көр­меге қойылған кондитерлік, сүт өнім­дері және қолөнер мен жиһаз, аяқ киім, қуыршақтар мен қыз жасаулары бұйым­дарымен танысты. Мәселен, мемлекет тарапынан қайтарымсыз 2 млн теңге ұтып алған Меркі ауданындағы жеке кəсіп­кер Ұшан Өмірзақова кондитерлік цех ашып, жұмысын жолға қойыпты. Ал Шу ауданынан жеке кəсіпкер әрі көпбалалы ана Сайра Тілеуханова «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында алған 5 млн теңге несиесіне сүт өңдейтін цех ашыпты. Ол бүгінде пастерленген сүт, айран, сары май, құрт пен ірімшік және тағы басқа да сүт өнімдерін өндіруде. Сонымен қатар өнер­тапқыш, екінші топтағы мүм­кіндігі шектеулі азамат Рауан Рауыл­бековтің өз бетінше жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылған азаматтарға арналған «Метрон» механикалық қозғалтқышы қо­нақтардың қызығушылығын тудырды. Рауан бұл құралды жасап шығу үшін 3 млн теңге несие алыпты. Қазір оның тірек-қимыл жүйесі бұзылған азаматтарға арнап жасап жатқан мұндай аппараты 200 мың теңгеден өткізілуде. Қазіргі кезде 4 адамды жұмыспен қам­тып, бұдан бөлек тапсырыс­пен бас­қа да бұйымдар жасап келеді. Бұдан бөлек түрлі жи­һаздар мен кәдесыйлар, қуыр­шақ­тар, былғары аяқ киімдер мен қыз жасауын тігіп, оны кәсіп көзі­­не ай­нал­дырған әлеуметтік топ­тағы кәсіп­керлердің бәрінің жұмы­сымен жеке таны­сып шық­қан облыс әкімі олардың әрқай­сысының бастаған жұмысы­на сәт­ті­лік тіледі.

Халықаралық форумды облыс əкімі Б.Сапарбаев ашып бер­ді. «Бүгінгі форумға Ресейден, Түркиядан, ТМД елдерінен қо­нақтар келіп, қатысып отыр. Бұл форумды өткізудегі бас­ты мақ­сатымыз – өңіріміздегі әлеу­мет­тік кəсіпкерлікті дамыту. Мем­лекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азамат­тардың өз кəсі­бін ашып, қоғамға тар­тылуына жәрдемдесу. Олардың мəсе­лесін форумда талқылап, шетел­дік әріп­тестеріміздің тә­жіри­бесіне сүйене отырып бір­лесе шешуге тырысамыз. Сөй­­тіп өзге мемлекеттердің озық тəжі­рбиелерін өңірімізде қол­­дануға жол ашатын боламыз. Қазіргі таңда əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа заң – Парламенттің қара­уын­да. Бұл заң қабылданса, əлеуметтік кəсіпкерліктің мәр­тебесі анықталып, салықта түрлі жеңілдіктер қаралып, басқа да мүмкіндіктер жасалады деген сенімдемін», деді Б.Сапарбаев. Сондай-ақ облыс əкімі осы са­наттағы азаматтардың бүгінгі таңда 500 мыңнан 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант және несие алып, өз кəсібін ашып жат­қандардың көп екенін айтты. Бұдан бөлек «Асарлатып үй салу» және «Жомарт жүрек» жо­балары аясында ат­қарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

Ал еліміздің Еңбек жəне ха­лықты əлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов Тараз төрінде өткен халықа­ралық фо­румға онлайн режімі арқылы қа­тысып, оның маңыздылығын атап өтті. «Алдымен бүгін шетел­дік əріптес­терімізбен форум ая­сында тəжірибе алмасуға бар мүмкіндікті жасап отырған Жам­был облысының əкімдігіне рахмет айтқым келеді. Бұл форумның бас­ты мақсаты – әлеуметтік топ­қа жататын және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мəселесін шешу. Оларды қоғамдық ортаға, кəсіпке бет бұруға тарта отырып, қоғамнан не аламын деп емес, қоғамға мен не бере аламын деген қағи­дамен олардың өмірге деген құл­шынысын арттыру. Осы форумнан кейін біздің ортамызда өзін көрсете алмай отырған мүмкіндігі шектеулі азаматтар əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту жобасы аясында өзін көрсетуге, кəсібін ашуға мүмкіндік алады деген сенімдемін. Олар форумға қатысу арқылы кəсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілетінін білетін болады. Шетелдік мамандардың тәжірибесіне сүйене отырып жұмысын жолға қояды деген сенімдемін», деді министр.

Одан әрі аталған халықаралық форумды әлеуметтік кәсіпкер-модератор Эмин Әскеров жүр­гізіп отырды. Сондай-ақ жиында Еуропалық қайта құру және да­му банкі Шағын және орта бизнесті қаржыландыру және дамыту тобының жоба маманы Мұрат Нарқұлов, «Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Айнұр Заурбекова атқа­рып жатқан жұмыстары туралы әңгімеледі. Ал АҚШ-тың Қазақстандағы Бас консул­ды­ғының мәдени кеңесшісі Ананд Кришна әлеуметтік кәсіпкерлікті еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы және Талдықорған қалаларында дамыту үшін ондағы кәсіпкер­лерге қандай көмек көрсетіп жатқанын айтып өтті. Сонымен қатар бангладештік экономика ғылымдарының профессоры, әлеу­­меттік кәсіпкерлік сала­сын­дағы Нобель сыйлығы­ның лау­реа­ты Мохамед Юнус, әлеуметтік инвестициялар және кәсіп­керлік саласындағы жетек­ші ресей­лік сарапшы Сергей Голубев және Қыр­ғыз елінің «Әлеуметтік кәсіп­керлер қауым­дастығының» басқарма төрағасы Бақыт­бек Сағыналы бұл саладағы өз тәжіри­белерімен бөлісті. Ал Тәжік­стандағы әйелдер кәсіпкерлігі күнінің елшісі Насибахон Ами­нова Жамбыл өңірі мен Душанбе арасындағы туризмді дамыту туралы ойын ортаға салды. Бұл ұсынысты Б.Сапарбаев та қолдап, Тараз бен Душанбе арасында ашылғалы отырған әуе рейсі екі қала арасындағы, соның ішіндегі 2 мың жылдан ас­там тарихы бар Тараз туризмін таны­туға өз ықпалын тигізетініне се­нім­ді екенін жеткізді. Бұдан кейін форум жұмысы түрлі секция­лар бо­йын­ша жалғасты.

 

Жамбыл облысы