Қазір білім саласына, орта мектеп басшысына қойылатын талап бұрынғыдан мүлдем бөлек. Өзі жетекшілік жасап отырған ұжымды жаңартылған білім беру ұстанымдарына бейімдеп, жаңалық енгізе алмаған басшы көшке ілесе алмай қалады. Ең бастысы, әріптестеріне де, білім алып жатқан оқушыларға да кесірін тигізеді.
Бұл ретте Қызылордадағы білім беру ұйымдарын басқаратын директорлар арасында жақсы үрдіс қолға алынғанын айта кетуіміз керек. Республикада алғаш болып Сыр өңірінде «Серіктес директорлар» лигасы құрылып, мектептердің жобалық бағыттары айқындалды. Құрылғанына жыл толған лигадағы мектептерге 20-дан аса тақырыптық бағыт беріліп, соған сәйкес әр білім ұясы жаңа жобалар енгізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тәжірибе әрі қарай өзге мектептерге таратыла береді.
Бүгінде облыс орталығындағы №3 ІТ-лицей «Бағдарламалау мектебі» атанып, білім ұясында Diqital school studio студиясы мен ІТ-журналистика үйірмесі жұмысын бастап кетті. Қаладағы №101 мектеп экологиялық жобаларды жүргізетін «Жасыл мектеп» мәртебесін алды. Ал №261 мектеп «Өзін-өзі басқару» жүйесін дамытатын тірек білім ошақтары қатарына еніп отыр. Мұнан бөлек, №176 мектеп «Оқуға құштар», №140 мектеп «Ғылыми жобаларға бағытталған» ұжым ретінде жұмыс жүргізуде. Ал келесі оқу жылында №278 мектеп оқушылар үшін бизнес тәсілдерін үйрететін «Кәсіпкерлік мектебі» атанбақ.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованың айтуынша, лиганы құрудағы басты мақсат – директорлар арасында шынайы бәсеке қалыптастырып, басшылардың коммуникалық және менеджменттік қасиеттерін дамыту және жаңа жобалармен жұмыс жүргізуіне мүмкіндік беру болып отыр.
– Қазіргі заман талабы директорлардың кабинеттік басқару жүйесінен алыстайтын уақыты жеткенін көрсетіп отыр. Директордың басқарушылық қабілеті өз мектебіндегі мұғаліммен қарым-қатынас орнатуынан көрінеді. Сонымен қатар білім ұясын басқарған басшы жұмысын бағалауда оқушылармен, ата-аналармен жұмысты жолға қоюы секілді өлшемшарт еніп отыр. Олардың жұмысы жаңа білімді игеру, педагогтерді тиімді басқару мен ата-аналардың тілін табу секілді маңызды қасиеттер арқылы бағаланады. Осы арқылы біз бірінші кезекте мазмұн мен сапаны талап етеміз. Білім беру стандартын меңгерту үшін директордың жан-жақты жұмысты үйлестіруіне мүмкіндік жасаймыз. Лиганы ашудағы мақсатымыз да өзара бәсеке қалыптастыру арқылы басқарушылық бағыттағы көзқарасты жаңа заманға сай бейімдеу, – дейді басқарма басшысы.
Жыл ішінде «Серіктес директорлар» лигасы мүшелері TEDx алаңында кездесіп, жаңа кейстер бойынша білімдерін жетілдірді. Директорлар «Стратегиялық брэнд менеджмент», «Мектептегі венчурді дамыту», «Мұғалім арасындағы матрицалар мен анықтауыштар», «Мектептегі HR менеджмент» енгізудің жаңа әдістерін үйренді.
Бір жылға жуық уақыт ішінде «Серіктес директорлар» лигасы әдістемелік марафон, «Алтын белгі» үміткерлеріне арналған форум, оқушылар арасындағы дебат, «ПедEXPO-2021, таза табиғат аясындағы «Мектептегі бенчмаркинг» шараларын ұйымдастырып, үздік 30 кітапқа 30 бейнеролик түсірген.
Лигадағы директорлар биыл өңірде тұңғыш рет өткен саммитте бас қосып, оқу жылын қорытындылады. «re-Start: Жаңа әлемдегі жаңа мен» атауында өткен директорлар саммитінде білім беру ұйымының басшылары өзекті мәселелерді пікір алмасу форматында талқылады. Қызықты тақырып аясында ой бөлісті. Мәселен, Қызылорда қаласындағы №176 мектеп директоры Қадыркүл Шаймағанбетова «Директордың 10 қателігі» тақырыбын арқау етіп алып, әріптестеріне сауал қойды. Ал №3 ІТ-лицей директоры Ләззат Әбенова «Директордың өзіндік дамуындағы жылдық жоспар модулі» тақырыбын тарқатты. Жеке және жылдық жоспарды құрудың жолдары жайлы тәжірибесін айтты. Сондай-ақ №43 мектеп директоры Бақытжан Иманбердиева «Көшбасшыдағы эмоциялық интеллект» бағытында ой өрбітті. Арнайы бейнесюжет арқылы директорларға тығырықтан шығар жолды нұсқап, тосыннан сұрақтар қойды. Ал өңірдегі білім ошағының ең жас басшысы саналатын Жаңақорғандағы №164 мектеп директоры Жанболат Ахметжанов «Педагогпен диалог» тақырыбында қызу пікірталас ұйымдастырды.
Ой алаңындағы талқылауда барлық директор өзіндік пікірін айтып, көзқарастарын білдірді. Ішкі сараптау, сыни ойлау сынды мәселелер де қамтылды. Лига жыл ішінде 30-ға жуық мектеп директорының басын біріктіріп отыр. Жаңа оқу жылында олардың қатары жаңа мүшелермен толықпақ.
Қызылорда облысы