• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Маусым, 2021

Инновациялық 10 жыл: идеядан нақты іске

892 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан – ірі мегаполис. Сондықтан бұл шаһар үздіксіз даму мен жаңашылдықты жақсы көреді. Бұрын «Smart» қала» деген сөзді тек шетелдік кино не болмаса жаңалықтардан еститінбіз. Ал, қазір елорда тұрғындарының барлық мәселелері заманауи «Smart» технологиялар арқылы шешіледі.

Нұр-Сұлтанда цифрлық технологиялар бойынша ең үздік әлемдік тәжірибелер жүзеге асырылуда. Айталық, соның бірі әрі бірегейі «Ақылды қала» жобасы. Оның негізгі 6 бағыты бар: экономика, басқару, өмір, ұтқырлық, адамдар, қоршаған орта. Бұл шетелдік кеңесшілермен бірлесіп жүргізілуде. Соның арқасында еліміздің бас қаласы әлемдегі ақылды қалалар рейтингінде 21-ші орынға ие.

Бірақ осыдан 10 жыл бұрын, индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту саласында білікті мамандар мен талдаушылар тобын құру қолға алынды. 2011 жылы елорда әкімдігінің қаулысымен «Астана Innovations» АҚ құрылды. Жыл бойы қала толыққанды зерттеліп, тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету процестеріндегі проблемаларды анықтады. Алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибеге талдау жасай отырып, команда қазіргі заманғы қалалық инфрақұрылымға қатысты ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану есебінен анықталған проблемаларды шешуді ұсынды.

Осылайша, «Астана Innovations» АҚ қала әкімдігіне ұсынған Smart Astana жобасының тұжырымдамасы пайда болды. 2012 жылы тұжырымдама қала әкімдігінің 2012 жылғы 3 қарашадағы № 180-1479 қаулысымен бекітілді. Осы қаулымен «Астана Innovations» АҚ тұжырымдаманы іске асырудың операторы және үйлестірушісі болып белгіленді.

Astana Innovations «Smart Astana» жобасының сервистік интеграторы ғана емес, сондай-ақ «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру операторы, қаланың инновациялық экожүйесін дамыту институты, Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің деректерді басқару операторы болды.

Қалалық тапсырмаларды шешу үшін Big data, Заттар интернетін, ГАЖ, «бұлтты» технологиялар, жасанды интеллектіні қолдану арқылы қала құрылысының барлық салаларын цифрландыруға баса назар аудара отырып, Astana Innovations-та бірқатар орталықтар ашылды: бейнежазу жүйелерін бақылау (БЖБО), тіршілікті кешенді қамтамасыз ету жүйелерін бақылау (ТКҚЖБ), SMART жобаларды дамыту, инновациялық экожүйені дамыту (ИЭДО), ақпараттық технологияларды дамыту (АТДО), кабельдік кәрізді пайдалану (ККПО).

Қауіпсіз қала

Қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдардағы қылмыстық ахуалды және апаттылықты барынша азайту, жол жүру ережелерін бұзудың алдын алудың тиімділігін арттыру, қылмысты ашуға қажетті деректерді іздеу және талдау үшін техникалық құралдарды пайдалану – Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі құрған және енгізген бейнебақылау мен бейнежазбаға арналған аппараттық-бағдарламалық кешеннің (АБК) басты мақсаты болды. Бұл АБК-нің негізгі пайдаланушылары – Нұр-Сұлтан қаласының Жол полициясының Жедел басқару орталығының қызметкерлері.

Осы бағдарламаны орнату арқылы 2020 жылы 2320; 2019 жылы 1724; 2018 жылы 1043; 2017 жылы 446 қылмыстың беті ашылды. Оған қоса, бейнебақылау камералары қарбалас кезінде де, жолдағы көлік кептелісінде де көмектеседі. Кептеліс кезінде полиция сол жол учаскесіне жол қозғалысын реттеу үшін жол полициясының жасағын жіберді.

Өз кезегінде, АБК-нің үздіксіз жұмыс істеуін техникалық бақылауға және камералардың жұмыс істеуін бақылауға Astana Innovations-тегі бейнежазба жүйелерін бақылау орталығы жауап береді. Орталық камералардың жұмысы бойынша кеңес береді, яғни, оларды қайда бағыттау керек, қайда орнату керек және т.с.с. және камераларды орнатқанға дейінгі және кейінгі локацияларды зерттеумен айналысады. Қауіпсіздіктің бірыңғай талаптарына және Қазақстан Республикасының жеке деректерді қорғау туралы заңнамасына сәйкес, резервтік жүйелердің бүтіндігі және серверлік жабдықтардың түгенделуі тексеріледі.

«Ақылды» қоғам және инновациялық экожүйені дамыту

Елорданы ақылды қалаға айналдыру инновациялық экожүйені құрусыз мүмкін емес. Ол үшін «Нұр-сұлтан – инновациялар қаласы» Жол картасы әзірленді. Ол  3 негізгі бастамадан тұрды:

инновацияға деген сұранысты ынталандыру; инновация ұсынысын қолдау; қаланың инновациялық экожүйесін жетілдіру.

Astana Innovations командасы барлық үш бағытта жұмыс жасайды. 2017 жылдың басынан бері 18 стартап-конкурс өткізілді (10 стартап уикенд және 8 хакатон). Әр іс-шараның тақырыбы қала тұрғындарының проблемалық мәселелерінен құрылған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қалалық технологиялық міндеттерінің арасынан анықталды. Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласының ғана емес, сонымен қатар, республиканың әртүрлі аймақтарынан (Павлодар, Қостанай, Алматы, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Петропавл) 5800-ден астам адам қатысты.

Мектеп, қоғам, бүкіл әлем арасында тұрақты байланыс орнататын және «ақылды» қоғамның дамуына ықпал ететін тағы бір маңызды жыл сайынғы іс-шара – 8-11 сынып оқушылары арасындағы STEM олимпиадасы.

3 жылдың ішінде олимпиаданың іріктеуіне және қорытынды кезеңіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен 14000-нан астам оқушы қатысты. 2018 жылы қалалық STEM олимпиадасына 100 оқушы, 2019 жылы STEM республикалық олимпиадасына 500-ге жуық оқушы қатысты. 2020 жылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық сақтық шараларын сақтай отырып ұйымдастырылған қалалық STEM олимпиадасына 90 адам қатысты. Республикалық олимпиаданы 2021 жылы да өткізу жоспарланған.

Деректерді «ақылды» басқару

Нұр-Сұлтан қаласында еститін үкіметтің үлгісін қамтамасыз ету үшін бірқатар Smart жобалар іске асырылды:

Smart Astana мобильдік қосымшасы 70-тен астам қызметті ұсынады (мемлекеттік және қалалық қызметтер, коммерциялық қызметтер, төлемдер). Мобильдік қосымшаны жүктеу саны 247 мыңнан асады, ал бірегей белсенді қолданушылар саны айына  7,5 мыңнан асады.

Виртуалды көмекшілер мен ассистенттер – Telegram, Facebook, Whatsapp, Instagram секілді барлық танымал мессенджерлер қызмет көрсету, жиі қойылатын сұрақтарға жауап беру секілдң тәулік бойы қоңырау қабылдауға арналған көпарналы құрал болып табылады.

Белсенді тұрғын – тұрғындарды қаланы басқаруға белсенді қатысуға шақырады, сауалнама жүйесі арқылы әкімдікке деген адалдықты арттырады.

Қатысу бюджеті – азаматтардың бастамалары мен ұсыныстары негізінде қала территориясын дамыту және сәулеттендіру.

Ашық мәліметтер порталы (OPEN DATA) – Нұр-Сұлтан қаласының түрлі аудандары бойынша ақысыз мәліметтер базасы.

BIG DATA жобасы –жасанды интеллекті негізінде алдағы жағдайларды болжау және модельдеу үшін көптеген деректерді басқаратын және талдайтын ақпараттық жүйе.

«Ақылды» өмір салты және «ақылды» инфрақұрылым

Astana Innovations-тың тағы бір маңызды міндеті – қала инфрақұрылымын қолдау және жақсарту болып табылады. Нұр-Сұлтанда «Есіл», «Алматы» және «Сарыарқа» аудандары әкімдіктерінің қолдауымен «Ақылды аудан» атты ауқымды жоба іске қосылды. Жобаның идеясы – бүгінгі таңда танымал ақылды технологиялар мен тиімді шешімдер елорда аудандарының бірінде пилоттық режимде енгізу.

Бүгінгі күні жоба аясында бірқатар технологиялық шешімдер енгізілді:

- жаяу жүргіншінің жақындағанын білетін және лазерлік сәуле шашқыш пен жарықтандырғыш арқылы жүргізушілерге хабар беретін «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелі;

- жерасты қоқыс жәшіктеріндегі қоқыс көлемін анықтайтын және коммуналдық қызметтерді шақыру керектігі жайлы хабарлаушы қоқыс толтыру датчиктері бар «ақылды» қоқыс жәшіктері;

- бейнебақылау жүйесі және мобильді қосымша арқылы есікті ашумен, төтенше жағдайлар үшін SOS батырмасы және төтенше жағдайлар мен басқа оқиғалар туралы әр пәтерге хабар беру функциясымен жабдықталған «ақылды» домофондар;

- шикізатты өңдеуге қабылдайтын қайталама шикізатты қабылдау пункті, ал тұрғындар, есесіне, аздаған төлем алады;

- рұқсат етілмеген, ашылу туралы коммуналдық қызметтерге хабар беретін люк датчиктері;

- ауаны шусыз дезинфекциялауды, бөлмені ионизациялауды қамтамасыз ететін және вирустардың белсенділігін жоятын, қашықтықтан басқарылатын тәулік бойғы бейнебақыланатын IP-камерасы бар павильондардың автономды дезинфекциялануы мен қауіпсіздігін бақылау жүйесі;

- сонымен қатар, су мен газды есептегішінің көрсеткішін қашықтықтан беру қызметі бар су және газ есептегіштері.

Мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елордадағы екі мектепте пилоттық режимде адам жүзін тану жүйесі іске қосылды.

«Ақылды қаланы» дамытудың критерийлерінің бірі – ғимараттардың энергиялық тиімділігі, технологиялық шешімдерді қолдана отырып энергетикалық ресурстарды тиімді және ұтымды пайдалану болып табылады. Пилоттық жоба аясында Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен ақысыз түрде жылу оқшаулағыш тысқап орнату бойынша тағы бір жоба жүзеге асырылды. Өлшеу нәтижесінде құрылғының бетіндегі температура шамамен 71%-74% төмендеген.

Astana Innovations бұл қызметі елорданың цифрлық инфрақұрылымын дамытуға және нығайтуға бағытталған стратегиялық бағыттардың бірі болып табылады және жоғары жылдамдықты байланыс желілерін соңғы пайдаланушыға дейін жеткізуге маңызды рөл атқарады.

«Ақылды» экономика

Қаланың қажетті қажеттіліктерін анықтау және шетелдік инвесторларды тарту мақсатында, Astana Innovations компаниясы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп, елорданың аналитикалық бейнесін жасауды қолға алды. «Біріккен тұрақты қалалар» жобасы шеңберінде ақылды тұрақты қалалар үшін негізгі тиімділік көрсеткіштері (НТК) туралы мәліметтер жинаудың дайын әдістемесімен БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы (БҰҰ ЕЭК) шетелдік серіктеске айналды.

БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы келесі өзгерістерді қолға алуға кеңес берді: тұрмыстық қатты қалдықтарды басқаруды жүйесін жақсарту, сертификаттау шараларын және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, қоғамдық ғимараттардағы ресурстардың балансын жақсарту. Сонымен қатар, қалалық және кеңістіктік жоспарлауды жетілдіру, сапалы және қол жетімді тұрғын үйге қол жетімділікті арттыру және тұрақты даму үшін қалалық басқаруды жетілдіру, қала туралы деректердың болуы мен оған қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Алғашқы 10 жыл

Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын, кең даланың қақ ортасында Қазақстан астанасы «пайда болды». Міне, 10 жылдан бері қаланы тұрғындар мен қонақтарға барлық жағынан ыңғайлы ету үшін Astana Innovations астананың қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. Өз ісін сүйетін адамдардың, ұйымшыл және өршіл мамандар тобының, компанияның құндылықтары мен дәстүрлерінің арқасында көп дүние шындыққа айналды.

Үнемі жетілдіру, халықаралық тәжірибені зерделеу, «ақылды» қала үшін ең жақсы технологиялық және инновациялық шешімдерді қабылдау және оны барлық тұрғындар мен қонақтар үшін, мүмкіндігінше, ыңғайлы және жайлы ете отырып, астанамен бірге даму. Осы және басқа да көптеген міндеттерді Астана Innovations алдағы 10 жылға алдына мақсат етіп қойып отыр.