• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Маусым, 2021

Аудандық газет – ауылдың рухани орталығы

728 рет
көрсетілді

Аудандық газеттердің бірсыпырасы 1990-шы жылдардың ортасындағы өтпелі кезеңде қаржы дағдарысына ұшырап, жабылып қалған. Осы сәтті оңтайлы пайдаланған «сары газеттер» мен «жалаңаш газеттер» облыс орталығы түгіл, аудандарға ауыз сала бастаған тұста ел басшылары естерін жиып, барлық аудандық газеттерді мемлекет саясатын жүргізетін баспасөз құралы ретінде қайтадан аша бастады.

Кейбір аудандар мүлде жаңа тұрпаттағы, заман талабына сай газет ашса, кейбірі бұрынғы компартиядан қалған редакциялар мен ешқайда көше алмай тұралаған журналист кадрларды пайдаланып, тонын ғана өзгертті. Өкінішке қарай, ондай газеттер әкімдердің ғана ықпалында бо­лып, әлеуметтік-экономикалық маңызы бар тақырыптар мен қоғам талап ететін тақырыптарды жаза алмады. Тіпті жазуға мұрша да бермеді. Өйткені, қаржы – мемлекеттікі, демек, әкімдіктікі. Сондықтан да ондай газеттер бірде «мемлекеттік коммуналдық мекеме», бірде «жауапкершілігі шектеулі серіктестік» деген меншік түрімен шығарылды. Аудандық газет­­тердің көбі әкімдердің атқарған жұмы­сын ғана мадақтайтын әкімнің жеке ведомстволық басылымына айналды. Газет бетінен «сын», «фельетон» дегендер жоғалды. Жекелеген сын тек әкімнің тапсырмасымен ғана жазылды. Мен журналистік қызметімді бұ­рын­ғы Семей облысында жаңадан құ­рылған Таскескен ауданында ашылған «Еңбек»-«Труд» аудандық газетінен бастап едім. 1983 жылы аудандық газетте, баспаханасымен қоса алғанда, 50-ге тарта журналист пен баспагер еңбек етті. Аудандық газет аптасына үш рет қазақша, орысша шығып тұрды. Жазғаныңды қолма-қол жұтып жатады. Отырмаймыз. Ел аралаймыз. Үнемі іссапар. Редакторымыз: «Отырмаңдар, саусақтан сорғанды қойыңдар, елді аралаңдар, көзбен көріп қана жазыңдар...» дейтін үнемі. Ол өткен шақ. Барлық аудан­дағы газеттердің жағдайы шамамен бірдей. Рухани-шығармашылық орта, қалам­гер­лердің алғашқы шыңдалу мектебі, аудан тұрмыс-тіршілігінің шынайы айнасы бола білді. «Заманның озығы бар, тозығы бар» деген ғой. Қоғамдық қатынастар мен мемлекеттік құрылымдар қанша өзгерсе де, халыққа рухани азық бере­тін құрылымдар мен қажеттіліктер өзгермейді. Әрине, бүгінгі баспасөз бен ақпарат жаңаланып, заманауи техника, технологияға көшіп жатыр. Ғаламтор барлық жүйені торлау үстінде. Басылымдар, өзге де бұқа­ралық ақпарат құралдары интернет жүйесіне көшуде. Бірақ, газет-журнал, кітапты қағаз түрінде шығарудың маңы­зы зор. Ол қашанда болсын сақ­талады. Әрі адамның есте сақтау, санасын ояту, рухын күшейтудегі рөлі әлеуметтік желіден әлдеқайда мол. Оның үстіне аудандар мен ауылдар ин­тернет жүйесіне әлі толық көшіп үлгер­ген жоқ. Жалпы, баспасөздің қандай заманда да артықшылығына көптеп дәлел келтіруге болады. Енді сол аудан­дық газеттердің қазіргі жай-күйі туралы айтайын.Интернет желісі күшейген сайын қазір газет-журналға жазылу күрт азайды. Оның үстіне «Баспасөзге жазылуды ерікті түрде жүргізу керек» деген қағида бар. Ол қағида бірқатар басы­лымға жүрмейді. Бұл да дұрыс шығар. Мемлекеттік маңызы бар кей­бір басылымдар мен ведомстволық басылымдарды үгіт-насихат жүргізіп жаздырмаса, жұрт онша жазыла қой­майды. Көпшілік қазір қаржысын қы­дыруға аямай, жүз мың теңгелеп ша­шуға бар, ал рухани азыққа келгенде бір жылға бес-он мың теңгесін шыға­руға тартынады. Бүгін көптеген аудандарда рухани орталық болып келген аудандық газет­тер­де шығармашылық орта жоқ­тың қасы. Қазір ол газеттерде бес-он, ары кет­се, он беске дейін ғана қызметкер еңбек етеді.Қазір біздің әлемдегі үздік 30 елдің қата­рына қосыламыз деген жоспарымыз бар. Алайда, өкінішке карай, қазір аудан орталықтарының көбінде ешқан­дай шығармашылық ұйым жоқ. Аудан, облыс басшылары мемлекет іргесін нығай­туда маңызды рөл атқаратын ру­хани құндылықтарға жете көңіл бөл­мейді. Сондықтан да алдағы уақытта аудан­­дардағы баспасөзге ерекше көңіл бөлу керек. Бізді әлем деңгейіндегі өрке­ниет өріне сүйреп шығаратын – рухани құндылықтарымыз. Ол ауылда жатыр. Қазақ тарихы, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, өткен-кеткені – ауылдарда. Сол ауылдардан шыққан қазақ зиялылары республика орталықтарында әртүрлі қор­лар, ұйымдар құрып, үлкен еңбек атқа­рып жүр. Ол жетімсіз. Сон­дай орта­лықтардың филиалдарын аудандар­да құру керек. Нақты айт­қанда, аудандық газеттер жанынан. Шынтуайтында, бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Қазір «тендер» арқылы тиіс­ті жұмыс­қа қаржы бөлу деген жетіл­меген, әрі біздің сана-сезіміміз бен рухани дең­гейімізге сай келмейтін пәле бар­лық салада теріс нәтижесін көр­сетіп жатыр. Себебі «Қайткен күнде қалтамды оңай ақшаға толтырып алсам» деп ойлайтындар көбейіп тұр. Мемлекет қаржысын жұмсауға бақылау қатаң болса, оның оң нәтижесі бар. Өкініштісі, қазір олай емес. «Тендер – ебін тап та, бөліп алып жеңдер» деген қылжаққа айналған. Осы жүйедегі жемқорлық – көрінбейтін жемқорлық. Оны қазір кез келген адам біледі. Бірақ, ашып айта алмай­ды. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Ақша үшін арын сататындарды көбейткен бұл жүйедегі «шатырға», тексеретін түрлі комиссияға беретін пара деп, тиісті жұмысқа арналған қаржыны жырымдау белең алды. Жол, құрылыс, ауыз су, ауыл шаруа­шылығы, т.б. бөлінетін үлкен қаржыны айт­пай-ақ қояйын. Менің айтайын дегенім – он-он бес миллион теңгелік шағын қызметтерді де тендерге шы­ғарып, сол үшін Алтайдан Атырауға ұтыс­керді шақырады. Ол өзі жұмыс істемей, сол жерден қосымша мердігер тауып, жатып ақша алады. Жұмыс шала жасалып, артынан бірін-бірі сотқа сүйреп, іздеп таба алмай жатады. Бұл, әсіресе ауыл мектептерін, мәдениет ошақтарын ағымдағы жөндеуде жиі кездеседі. Мұны айтып отырғаным – аудан баспасөзіне бөлінетін қаржы да дәл солай «тендер» арқылы өтеді. Өмірі ауданда болып көрмеген ақшақұмар біреулер аудан ақпаратына бөлінген ақшаны ұтып алады. Әсіресе, бұл аудандағы тәуелсіз газеттер үшін солай жасалады. Кейінгі кезде «барлық аудандық, облыстық басылымдар жеке меншікке өтуі тиіс» деген әңгіме айтылып жүр. Өз ойым, мемлекет нысанындағы баспасөздің жекеге өтуі – дұрыс саясат. Өйткені, мемлекет меншігіндегі газет сол өңір, не аудан басшылығының айтқанымен ғана жұмыс істейді. Ал жекеменшік газет тендер арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты да жүргізеді, халықтың талап-тілегі мен сын-пікірлерін, тарихи, рухани дүниелерді де еркін баса алады.Аудандық басылымдар мен осыған ұқсас шаруалар атқаратын ұйымдарға бөлінетін мемлекет қаржысы 15 миллион теңгеден аспаса, тендерсіз-ақ өзара тікелей шарт жасасу арқылы қаржыландырылуы керек. Осы мәселе шешілсе, аудандағы газеттерге жан бітер еді. Әр ауданның тірлігі әр түрлі. Жур­налистер мен кез келген қалам ұстаған маман иесіне қамқорлық жасап, редакцияны көтермелеп отырған аудандар да бар. Күнделікті тіршілік күйбеңінен арыла алмай, рухани құндылықты екінші кезекке ысырып келе жатқан аудандар да бар. Баяғыда «Гүлденсе ауыл – гүлде­неміз бәріміз» деп жырлаушы едік. Сол сөз мәнін әлі жоғалтқан жоқ. Ауылдың гүлденуіне аудандық басылымдардың қосар үлесі мол. Ендеше, ауылдың руха­ни орталығы – аудан баспасөзіне көңіл бөлейік.

Бақытөмір ШАЛҒЫНБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының және Бас редакторлар клубының мүшесі

Шығыс Қазақстан облысы,Аягөз қаласы