Аз уақыт қана «жасыл аймақта» болған Ақмола облысы дерттің қайта бас көтеруіне байланысты «сары аймақ» санатына өтті. Мамандардың бағамдауынша, жағдайдың күрделене түсуіне жұртшылық тарапынан вакцина алуға немкетті қарау және жалпыға ортақ тәртіпті сақтамау себепші болып отыр.
Күні бүгінге дейін өңірдегі вакцина алуға тиіс халықтың 118 587-і бірінші компонентті алып үлгерді. Бұл орайдағы көрсеткіш 29 пайыз ғана. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын тиянақты жүргізіп, аурухана, емханаларда ғана емес, халық көп жиналатын ірі сауда орындарында да пунктерін ұйымдастырып жатқанымен, көрсеткіш көңіл көншітпейтін сыңайлы. Осы орайда ел ішіндегі қилы қауесеттің, әлеуметтік желілердегі алыпқашпа сөздің кесірін тигізуі әбден мүмкін.
Кейбір науқас адамдар жұртқа кесірін тигізетінін білгенімен, үй карантинінің шарттарын бұзып, халық көп жиналатын жерлерге баруын тоқтататын емес. Бір дертке қуаты ASHYQ жобасы мұндай немқұрайдылықтың жолын кесіп тұр. Жоба өңірде сәуірдің 21-інен жүзеге асырыла бастады. Бүгінге дейін 640 өтінім түсті. Оның ішінде 510 нысан ресми түрде жоба аясында жұмыс істейтін болып, QR-кодын алды. Жобаның тиімділігі анық байқалуда. Сөзіміз дәлелді болуы үшін дерек келтіре кетелік. Жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері жұқпалы ауруды таратуы мүмкін қоғамдық тәртіпті бұзудың 109 фактісі анықталған. Алдын ала ескертілгеніне қарамастан 34 «қызыл», 75 «сары» мәртебелі адамдар қоғамдық орындарға кірмекші болып әрекеттенген. Мұндай оқиғалар облыс орталығында ғана емес, аудандарда да жиі кездеседі. Мәселен, Бурабай ауданында 32, Көкшетау қаласында 29 оқиға орын алған. Сондай-ақ Степногорск қаласы мен Атбасар ауданында да бірнеше факті анықталған. Бір айта кетерлігі, ұзақ уақыт «қызыл аймақтың» санатында болып келген Нұр-Сұлтан қаласынан келетін жолаушылар да індет тасымалдаушылардың қатарында. Жоғарыда айтылған ауырып жүрсе де қоғамдық орындарға барған адамдардың 20-сы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары болып шықты. Олардың 13-і Бурабай ауданында орын алған, қалғандары Көкшетау қаласы мен Атбасар ауданына тиесілі.
Бурабай баурайында қауіп-қатердің көбеюі жазғы демалысқа байланысты болуы да әбден мүмкін. Демек курортты өңірде қауіп-қатердің алдын алуға байланысты шаралардың мейлінше күшейтіле түскені ләзім. «Қызыл» мәртебелі сырқат адамдардың екеуі – Алматы қаласынан келген меймандар, сондай-ақ Петропавл мен Қарағанды қаласының «қызыл» мәртебелі бірнеше адамы облыс орталығына келген. Келімді-кетімді жолаушылар ағыны тыйылмағаннан кейін дерттің алдын алу қиындай түспек. Жалғыз келушілер ғана емес, аз ғана уақыт «жасыл аймақтың» санатында болған Ақмола өңірінің «қызыл» мәртебелі тұрғындары да еліміздің өзге өңірлеріне сапар шегуде. Айталық, Нұр-Сұлтан қаласындағы халықаралық әуежайдағы тексеріс барысында «қызыл» мәртебелі – 5, «сары» мәртебелі 9 адам анықталған. Тексере келгенде олардың бәрі Ақмола облысының тұрғындары болып шықты.
– «Жасыл аймақта» болған кезімізде ASHYQ жобасының арқасында жолға шыққан «қызыл» мәртебелі 4 адам анықталды. Бүгін олардың екеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Көкшетау қаласында «қызыл» мәртебелі адамның телефонын пайдалану оқиғасы орын алды. Біз іле тексердік, сөйтсек ауруханада жатқан адамның телефонын екінші біреу пайдаланған. Сондықтан біз әркімнің өз денсаулығына мұқият болу керек екенін ескертеміз, – дейді облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.
Жалпыға ортақ тәртіпті бұзған 10 кәсіпкерлік нысаны жобадан шығарылған. 22-27 маусым аралығында ASHYQ жобасы арқылы жұмыс істейтін нысандарда 8 карантинге байланысты тәртіп бұзушы анықталған. Бурабай ауданында халыққа қызмет көрсету орталығына келушілердің арасынан «қызыл» және «сары» мәртебелі бірнеше адам белгілі болған. Мұндай оқиға Жарқайың ауданында да орын алып отыр. Қоғамдық тамақтандыру орындарына келген, Нұр-Сұлтан қаласының екі тұрғынының бойында дерт бар екені анықталды. Облыстың бас санитарлық дәрігері А.Мусинаның айтуына қарағанда, шектеу шаралары жеңілдетілмегенімен, «қызыл аймақтағы» Нұр-Сұлтан қаласының төңірегіндегі аудандарда вирус жұқтыру дерегі азаймай тұр.
– Біз ай сайын 10 тест нәтижесін скрининг жасауға жібереміз. Егер қазан айында британ штамы біздің өңірде бірінші анықталғанын ескерсек, үнді штамының анықталу ықтималдылығы да жоғары екенін айта кеткен жөн. Өйткені үнді штамының белгілері бірнеше науқаста байқалды, – дейді А.Мусина.
Дерттің өршуіне себеп болып отырған – адамдардың өздері. «Жасыл аймаққа» өтуіміз сол-ақ екен, мейрамханаларда жасырынып той, жаназа өткізу, жалға берілетін үйлерде құда шақыру, бесік тойын ұйымдастыру тым көбейіп кетті. Салдары бүгін белгілі болып жатыр. Егер зияны мол әдеттен біржола тыйылмасақ, аурудың алдын алу мүмкін емес.
Ақмола облысы