• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Маусым, 2021

Стратегиялық сауда бақылауы – маңызды міндет

601 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) алаңында Қазақстандағы стратегиялық сауда бақылауы (ССБ) саясатын іске асыру мәселелеріне арналған онлайн-конференция өтті. Ғалымдар, сарапшылар мен түрлі сала мамандары, сыртқы сауда операция­ларын мониторингтеу және бақылау саласындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысқан іс-шара барысында стратегиялық тауарлардың сыртқы саудасы аясындағы, сондай-ақ жаһандық сауда шешімдері мен міндеттемелерін басқарудағы әлемдік озық тәжірибе талқыланды.

ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаевтың айтуынша, стра­тегиялық сауда бақылауы тақы­рыбы отандық ғылыми ортада көп талқылана бермейді. Деген­мен бұл тақырыптың біз үшін маңызсыз емес екенін біл­дірмесе керек. Осыған орай спикер қазақстандық компания­лардың алдында тұрған бірқатар міндетті атап өтті. Оның сөзін­ше, дәл қазір бізге дамыған ел­дердің стратегиялық сауда ба­қылау заңнамаларына мониторинг жасап, өз заңымызды жетілдіру, ССБ-мен байланыс­ты тәуекелдерді кәсіпорындар мен зерттеу орталықтарының тәуе­кел-менеджменті жүйесіне ен­гізу, ССБ саласындағы пәнаралық ғылыми-зерттеу қызметін қолдау аса маңызды. Ол сонымен қатар қарусыздандыру және жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесіне кешенді көзқарас болмайынша, сауда бақылауын толыққанды дамыту мүмкін емес деді. Қазіргі кезде ядролық қаруға ие Үндістан, Пәкістан, КХДР сияқты елдердің ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қоймауы да процесті тежеп отыр. Льеж университетінің еуро­палық зерттеулер бөлімінің өкілі Кәмшат Сағынбекова өз сөзінде ел­дер үшін жаппай қырып-жою қаруын таратпау сыртқы эконо­микалық мүдделердің, стра­тегиялық тауарлар мен қосар­лан­ған мақсаттағы заттарды сату мәселелері арасындағы тең­­ге­рімді сақтау үшін маңызды дейді.– Ел стратегиялық бақылау жүйесін енгізген және іске асырған кезде, бұның ішкі экономикалық субъектілерге тікелей әсері болады. Елдердің өздері бақылау жүйесіне түрліше көзқараста, кейбіреулері экономикалық кез келген қолайсыз салдар туралы алаңдаса, басқалары белгілі бір қағидаларды қабылдап, саяси келісімдерді ұстанады. Халықаралық қағидаларды сақ­тауға жұмсалатын барлық шы­ғынға қарамастан, елдер жа­һандық экономикалық қоғам­дас­тықпен жақындасу үшін мү­шелік жарна ретінде экспорт­тық бақылауды енгізуді қарас­тырады. 2020 жылы жүргізілген Тынық мұхиты форумының зерт­теуі бойынша шетелдік ұйымдар ССБ жүйесі жұмыс істейтін елдерге экспорт жасағанды жөн көреді, – деп атап өтті ол. Ал CAIDS ғылыми директоры Ғалым Махмеджановтың айтуынша, ақпараттың сәйкессіздігі сатып алушы үшін қолайсыз таңдауға, неғұрлым дамыған ел тарапынан технологиялық қол­дауға зәру аз дамыған ел үшін моральдық залалға, стра­тегия­лық бақылаудың қада­ғаланбауына себеп болады. Сарап­шы пікірінше түрлі эконо­метриялық талдау әдістерін ен­гізу – ұлттық сауда бақылауы, экономикалық көрсеткіштер және елдегі инвестициялық климат арасындағы байланысты анық­тауға көмектеседі. Онлайн-конференция қоры­тындысында қатысушылар өткізілген іс-шара стратегиялық сауда бақылауы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысын дамыту үшін негіз қалады және бұл бағытты бірлесіп қарқындату қажет деген ортақ тұжырымға келді.