Биыл елорда күнін мерекелеу ерекше мәнді болғалы тұр, себебі бұл мейрам ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Жаңа астананың құрылуы – Отанымыздың дербес дамуындағы алтын кезең.
Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1994 жылғы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмола Астана болып өзгертілді.
Балалық шағы балқарлық, түрік, чех, неміс балаларымен бірге бір ауылда өткен, алғашқы еңбек жолы Карметкомбинаттың көпұлтты жұмыс ұжымында басталған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін этносаралық келісімнің маңыздылығы, яғни басқа этностар өкілдерін өз ұлтынан бөліп тастамау, олардың бірлігін қамтамасыз ету – астананы көшіру идеясындағы басты факторлардың бірі.
Ол кезде, тоқсаныншы жылдардың ортасында бұл идеяның жүзеге асатынына сенетіндер көп болған жоқ, «жаңа қала салу және оны ілгерілету үшін көптеген жылдар қажет болады» деп санайтындар да бар еді. Бірақ олар жаңылысты. Астана қысқа мерзімде салынып, ел дамуының символына айналды.
1998 жылдың 10 маусымында Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері өтті. Бұл тарихи оқиға Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясын іске асырудың бастауы болды.
Астананы көшіру геосаяси, экологиялық, логистикалық және басқа да көптеген параметр бойынша салмақты шешім болды. Енді бұл қала – достықтың, этносаралық және конфессияаралық келісімнің символы. Елбасының стратегиялық жобасын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев даналықпен жалғастыру үстінде.
Біз елорданың қалыптасу тарихындағы үлкен өзгерістердің куәсі болып отырмыз. 2019 жылдың 20 наурызында Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің инаугурациялық сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет үшін сіңірген еңбегін атап өтіп, мемлекеттің астанасына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Оның бастамасын ел Парламенті қолдады.
Елорданың атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту көреген шешім болды. Бұл Тұңғыш Президенттің еңбегі үшін ризашылықтың белгісі. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де бұл шешімді толығымен қолдады.
Елорданың Еуропадан Азияға апаратын жолдар қиылысында орналасуы өте тиімді. Себебі бұл географиялық жағдай оның саяси, экономикалық, мәдени және рухани орталыққа айналуының басты кепілі.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің Тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды.
Бүгінде Нұр-Сұлтан халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) тарихи саммиті, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) мерейтойлық саммиттері өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі ойдағыдай өтті.
Нұр-Сұлтан қаласының күн сайын көркейіп келе жатқан шаһар екендігін ескерсек, оның өсіп-өркендеп, аз уақыт ішінде сыртқы көрінісі ішкі мазмұнына сай болып, қанат жайып, шеттен келгенді де, ел ішінен барғанды да тамсандыратын ғажайып қалаға айналғаны – бәрімізге мақтаныш.
Бұл күні әрбір қазақстандықты Нұр-Сұлтан қаласының күнімен құттықтаймын және баршаңызға бейбітшілік, жақсылық, амандық және Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі үшін жаңа жетістіктер тілеймін!
Ілияс БУЛАРОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты