Медицинадағы озық технологиялардың мүмкіндігі біз ойлағаннан әлдеқайда жоғары. Дер кезінде дұрыс диагноз қойып, емдеу ісінде жаңылыстырмайтын құрал-жабдықтардың игілігін пайдалану – заман талабы.
Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында ишемиялық және геморрагиялық инсульттың аса дәл диагностикасы үшін жасанды интеллект Cerebra енгізілді. Нейрорадиология саласында осы уақытқа дейін пациенттерге МРТ арқылы диагноз қойылып келгені белгілі, бірақ адамның көзі КТ суретінде пайда болған цитотоксикалық ісінуді байқай алмайды. Оның үстіне, дәрігер инсульт диагнозын симптомдар белгі бергеннен бастап 6 сағаттан кейін қоя алады. Ал инсульттің терапевтік терезесі 4,5 сағатты құрайды.
Cerebra жобасын AlmatyA.I.Lab лабораториясының жас мамандары ойлап тапқан. Отандастарымыз 2018 жылдан бастап жасанды интеллект технологияларын дамытумен айналысып келе жатыр. Барлық әзірлеушілер РФММ, СДУ, ҚБТУ, Назарбаев Университеті, Мәскеу мемлекеттік университеті, британдық жетекші университеттер түлектері екенін айта кету керек.
Аталған жасанды интеллектің көмегімен инсульт 10 минут ішінде танылады. Сонымен қатар бұл мидың зақымданбаған паренхима бөлігімен салыстыру арқылы ядродағы тіндердің тығыздығының өзгеруін нақтылауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, пациентке жедел емдеу тағайындалып, функцияны жоғалту және неврологиялық тапшылық қаупі азаяды.
Жаңа софт медицинада ерекше маңызды. Себебі инсульт Қазақстандағы өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Жылына 40 мыңға дейін инсульт тіркелсе, оның жартысы өлімге, ал 80%-ы мүгедектікке әкеледі. Сондай-ақ еліміз инсульт дерті белең алып тұрған 30 елдің тізіміне кіреді. Біз тілге тиек етіп отырған Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының өзі жылына инсультпен мың науқасты қабылдайды.
– Команда жас, болашағы зор, креативті, оның құрамында бағдарламашылар, математик, физик, нейрорадиологтер бар, – дейді жоба менеджері Меруерт Сайфуллақызы. – Біз бағдарламалық жасақтаманы 3 жыл бойы мұқият әзірледік. Отандық ауруханалардан КТ деректерінің архивін сұрадық. Ең бірінші болып Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері Алмаз Джувашев жауап беріп, бізге қолдау көрсетті. Жалпы, бұл мәліметтермен елімізде мәселе бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені оларды талдауға арналған КТ дерекқоры жоқ. Сондықтан біз жасанды интеллекті сынау үшін бәрін біртіндеп жинадық. Өзіміздің өнертабысымызбен біз ауруханаға уақытында барып, нақты диагноз қойылған жағдайда инсульттің емделетінін, миды зақымданудан сақтауға болатынын дәлелдегіміз келеді. Мидың өзгеру нәтижелері бойынша ақпаратты автоматты түрде беретін Cerebra мобильді қосымшасын пайдаланып, біз уақытты барынша үнемдейміз, әрі барлық емдеуші топ бір желіде болып, кеңес бере алады.
Сонымен Cerebra көмегімен диагноз қалай қойылады? КТ суретін алғаннан кейін бағдарлама мидың 3D моделін жасайды, содан кейін нейрондық желі оларды өңдейді және нәтижені мидың зақымданған аймақтарын көрсететін аналитикалық есеп түрінде береді. Бұл бірнеше минут уақытты алады. Ал инсульт кезінде time is brain «уақыт деген ми» – уақыт өте маңызды.
Бүгінде Cerebra инсульттің 85%-ында дұрыс диагноз қоюға көмектеседі, сондықтан әзірлеушілер қосымша мәліметтер жинау арқылы оны жетілдіре бермек. Ал ең бастысы, науқастар дәлірек диагностикадан өтіп, олардың сауығу мүмкіндігі артады.
АЛМАТЫ