Бауыр басқан, түтін түтетіп, ұрпағын өрбітіп отырған жерінің қадір-қасиетін жете түсініп, еліне көмек қолын созу – адамгершіліктің белгісі. Қазақ және араб тілдерін еркін меңгерген Нурсаит Машанло ел ішіндегі еріктілер қозғалысына ұйытқы болып жүр.
Бәрі бір қап картоптан басталған. Ел шетіне жаман індеттің жан түршіктірер қорқынышты хабары жеткенде ауылдағы адамдар абдырап қалды. Тіпті таяқтастам жердегі азық-түлік дүкеніне баруға жасқанған. Қауіп қайдан дерің бар ма? Жүріс-тұрыс саябырлаған соң жалғызілікті адамдардың азық-түлік алуы да қиындап кетті. Қаражаты болғанымен, қарға адым жер ұзап шығудың өзі мұң.
Бір күні Нурсаитқа әдемі ой келген. Үйде екі қап картоп бар. Отбасысына бір қабы да біраз уақытқа еркін жетеді, екінші қапты ауылдастарына тегін таратып берсе қайтеді? Тағы бір ой иектеген. Осының жөні қалай болар екен? Мені мүсіркеді деп ойлап, шамданып қалмас па екен? Ақыры өзі ақ адал ниетімен ұсынатын болған соң шешімге келген. Бірақ бір қап картопты бір адамға ұстата салған дұрыс болмайды-ау деп топшылады. Бірнеше қалташаларға бөліп салып, мүмкіндігінше көбірек адамға жеткізбек. Солай жасады да. Алғашқы күмәнді ой жаңсақ екен. Нурсаиттың қолынан картоп салған қалташаны алып тұрып, көрші-қолаң алғысын жаудырған. Дастарқандары жүдеп отырмаса да, ел жайын ойлаған азаматтың ниетіне тәнті.
Жұртқа жанашыр Нурсаит Машанло – Жамбыл облысының Жалпақтөбе ауылының тумасы. Орта мектепті орыс тілінде осы ауылда бітірген.
– Мектепте орысша оқығаныммен, отбасында көбіне қазақ тілінде сөйлесетін едік. Ауылдағы дүнген балалары қазақтың балаларымен тонның ішкі бауындай араласып, ойнап-күліп өскендіктен, тілдік ортамыз жақсы болды, – дейді Нурсаиттың өзі. – Қазақша тіл сындырғаннан кейін қазақ тіліндегі көркем әдебиетті еркін оқи бастадым. Бәлкім, бойымдағы кейбір қасиет, мінез сол әдебиеттің арқасында қалыптасқан шығар. Негізінде, қазақтан асқан бауырмал халық жоқ қой. Тағдыр тәлкегімен топырағын басқан талай ұлттың өкіліне қамқор болды емес пе? Сол жақсылықтың қайтарымы болуы керек қой. Оның үстіне, жаны жомарт, пейілі кең қазақта «Көрші ақысы – тәңір хақысы» дейтін сөз бар. Қысылтаяңда көршіңе көмектеспесең, кісілігің кәне?!
Жалғыз Нурсаит қана емес, Шортанды кентінде тұратын ондаған этнос өкілдері дәл осылай ойлайды екен. Бір қап картоп туралы әңгіме ел ішіне тарап кеткен. Іле жиырмаға тарта адам хабарласты. Біреуінде басы артық ұн, енді біреуінде іркіліп қалған қант бар екен. Макарон да, шай да табылды. Бәрін бір жерге жинап, теңдей етіп, ондаған отбасыға бөліп берді. Қайырымдылық іс-шарасы мұнымен тоқтап қалған жоқ, қайта қанатын жая берді. Ел қамын ойлаған азаматтарға жұрт та разы. Сауапты іс атқарғандары үшін жанашыр жандардың да көңілдері тоғайып қалды.
Дауасыз дерт аяусыз шеңгелін жайып тұрған кезде Шортанды кентінде екі-үш тұрғын үй өртеніп, бірнеше отбасы баспанасыз қалды. Бұл кезде бірін-бірі танып, қоян-қолтық араласып, жалпақ жұртқа жақсылық жасауын үдете түскен еріктілер енді білек біріктіріп, шаңырағын өрт шалған адамдарға көмектесе бастады. Қаражат жинап, құрылыс материалдарын әперді. Құрылыс жұмысына қол ұшын берді. Сөйтіп қаншама адамның сауабын алды. Жігіттерге бас болған біздің кейіпкеріміз жиналған ақшаның қайда жұмсалғандығын, қаншасы, қай қарекетке бағытталғандығын қолмен қойғандай етіп есептеп, айтып отырды. Жазатайым қателессе, күдік тууы да әбден мүмкін. Бірақ өзі ондайға баратын адам емес. Өйткені араб тілін жетік білгендіктен, қолынан Құран түспейтін, намазға жығылған адам.
Биылғы жаз – аптап ыстық. Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған кезде алқаптағы егіс, шабындықтағы шөп өспей қалса, елдің жағдайы не болмақ? Осы бір ой еріктілердің де есінен шықпайды. Дәл осы кезде ілкі заманнан бері үзілмей келе жатқан тасаттық беру рәсімі ойға оралғаны. Шаруа қожалығынан құрбандыққа шалатын мал сатып алды. Новокубанкада тұратын Абылай имамды алдырды. Бар рәсімін сақтап тасаттық берген. Жаратқанның мейірі түсіп, Шортандының төңірегінде үш-төрт күн бойы нөсер жауын жаусын-ай келіп. Құрбандыққа шалынған мал етін ауыл тұрғындарына таратып берген. Ауыз тиген жұрт ет жегендеріне емес, жауын жауып, еріктілердің елге септіктері тигеніне шын жүректен разы болған.
– Жамбыл облысынан 2000 жылдардың басында көшіп келдім. Жергілікті жұрттың ішіне тастай батып, судай сіңіп отырған жайымыз бар, – дейді Нурсаит Машанло. – Өз істеген шаруамды ешқашан міндетсінген емеспін. Сәл ғана септігіміз тиіп жатса, біз де осы өсер елдің өз ұлы болғандықтан. Ал өз перзенті ата-анасына жасаған жақсылығын айқайлап айтпайды ғой. Біздің қосқан үлесіміз де дәл солай. Біз – біртұтас Қазақстан халқының өкіліміз.
Әркім дәл осылай түйсінсе, ортақ шаңырақтың уық-керегесі күннен-күнге беки берері хақ.
Ақмола облысы,
Шортанды ауданы