• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2014

Бекзат болмыс

500 рет
көрсетілді

21 жасында халқымыздың мәртебесін асқақтатқан  Құралай Аққошқарова туралы бір үзік әңгіме

Интеллектуалдық, адамгершілік, эстетикалық қасиеттерімен айналасына асыл тастай нұр шашып тұратын Құралай апай жан дүниесінің тазалығы, сымбаты бөлек сұлулығына сай ісі айқын аңғарылып тұрады. Ол еліміздегі білім ордасының қарашаңырағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бетке ұстар беделді оқытушысы, ұлағатты ұстаздық жолын жарты ғасырға жуық уақыттан бері жемісті жалғастырып келеді.

Біздің сүйікті ұстазымыз Құра­лай Аққошқарова – жас кезінен-ақ жарқырап көзге түскен тума талант. Алматыдағы №25 мектепті алтын медальмен бітірген ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факуль­тетінде оқып жүргенде Лениндік стипендиат болды. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын озат студент университет комсомол ұйымын да басқарды. Комсомол съездеріне делегат, республика Орталық комсомол комитетінің бюро мүшесі болып та сайланды.

21 жасында халқымыздың мәртебесін асқақтатқан  Құралай Аққошқарова туралы бір үзік әңгіме

Интеллектуалдық, адамгершілік, эстетикалық қасиеттерімен айналасына асыл тастай нұр шашып тұратын Құралай апай жан дүниесінің тазалығы, сымбаты бөлек сұлулығына сай ісі айқын аңғарылып тұрады. Ол еліміздегі білім ордасының қарашаңырағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бетке ұстар беделді оқытушысы, ұлағатты ұстаздық жолын жарты ғасырға жуық уақыттан бері жемісті жалғастырып келеді.

Біздің сүйікті ұстазымыз Құра­лай Аққошқарова – жас кезінен-ақ жарқырап көзге түскен тума талант. Алматыдағы №25 мектепті алтын медальмен бітірген ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факуль­тетінде оқып жүргенде Лениндік стипендиат болды. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын озат студент университет комсомол ұйымын да басқарды. Комсомол съездеріне делегат, республика Орталық комсомол комитетінің бюро мүшесі болып та сайланды.

Өткен ХХ ғасырдың екінші жартысында, нақты айтқанда, 1971 жылы қазан айының 19-20 жұлдызында Мәскеуде өткен студент жастардың Бүкілодақтық 1-слетіне қатысып, сөз сөйледі. Ең кереметі – сол Бүкілодақтық аса бедел­ді жиынның төрайымы болып, төрде КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Л.И.Брежневпен қатар отырды. Қол қусырып қарап отырған жоқ КСРО Ғылым акаде­мия­сының президенті, әлемге әйгілі ғалым М.В.Келдышке, атақты ақын, Социалистік Еңбек Ері А.А.Сур­­­­ковқа, КСРО Жоғары және арнаулы орта білім минис­трі В.П.Елютинге, маршал И.С.Коневке, БЛКЖО Орталық Коми­тетінің бірінші хатшысы Е.М.Тяжельниковке, елдің әр түкпірінен келген студенттер – Алла Майорова, Пальмира Мичюлитеге және басқаларға, Л.И.Брежневтің өзіне де кезек-кезегімен сөз беріп, дү­ниежүзі көз тіккен ұлы жиынды асқан біліктілікпен өте шебер басқарды.

Он бес одақтас республиканы уысында ұстаған, сол кездегі 250 миллион халқы бар КСРО атты алып державадағы миллиондаған жастардың арасынан суырылып шығып, ұлы жиынды басқарған үшінші курс студенті Құралай Аққошқарова небәрі 21 жасында әлемнің көз алдында қазақ деген халықты асқақтатты. Оған өзге рес­публика жастары қызыға қарады. Бұл туралы кезінде одақтық және шетел баспасөзінде кеңінен жазылды. 1972 жылы Мәскеуде «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрген «Студенттердің Бүкіл­одақтық слеті» деген кітапта байыпты баяндалды. Қазақстандық студент Құралай Ахметқызы Аққош­­қарованың слет президиумын­да Л.И.Брежневпен қатар отыр­ған суреті БАҚ-та және жоғарыда аталған кітапта жарияланды. Айтпай кетуге болмайтын тағы бір үлкен жетістік – жиын соңында Л.И.Брежнев Құралай апамыздың ұлы жиынды аса шебер басқарғанына риза болып, қазақстандық студентке алғыс айтқан еді.

Университетті 1972 жылы ойда­ғыдай аяқтаған Құралай Ахметқызы Мәскеудегі А.А.Байков атындағы Металлургия институтының аспирантурасын 1976 жылы бітіріп шықты. Сол жылы профессор Кирилл Петрович Гуровтың жетек­шілігімен Киев қаласында «Осо­бенности взаимной диффузии в многофазных бинарных системах» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

Құралай Аққошқарованың еңбек кітапшасында бір ғана ұжым – ҚазҰУ жазылған. Ол осы университетте оқытушы, деканның орынбасары, декан, күні кешегіге дейін шетел студенттерін дайындайтын кафедра меңгерушісі болып істеді. Профессор, Қазақ елі инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі Құралай Аққошқарова ұстаз­дық жолын жемісті жалғас­­­тырып келеді. Күні бүгінге дейін ҚазҰУ-де студенттерге дәріс оқып жүр. Өткен 2013 жылы ҚазҰУ-дің Ғылыми кеңесі Қ.Аққошқарованы «Университеттің құрметті кафедра меңгерушісі» етіп сайлады. Ол Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласына еңбегі сіңген қызметкері, Әл-Фараби атындағы Алтын медальдің иегері және Елбасының арнайы Жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Ұлағатты ұстаздың ғылым саласындағы еңбегі де жемісті. Ол – «Моле­куляр­ная физика и тер­мо­ди­на­мика», «Механика», т.б. кітап­тар­дың, жүздеген ғылыми мақа­ла­лар­­дың авторы. 2006 жылы Алма­тыдағы «Атамұра» баспасынан Қ.Ақ­қошқарованың көлемі 25 баспа табақ еңбегі – «Физика. Тео­рия. Есептер. Сұрақтар. Оны шешу­дің жолдары» кітабы (Н.Қой­шыбаевпен бірігіп жазған) жарық көрді. Жоғары оқу орындарына түсуші талапкерлер мен студенттерге арналған бұл кешенді оқу құралын баспаға Білім және ғылым министрлігі ұсынған. Қазақ тілінде жазылған бұл кешенді оқу құралында жалпы физиканың негіздері мен соңғы жылдары ұсынылған бір мыңнаң астам тест сұрақтары, есептер кеңінен қарастырылып, оны шешудің жолдары мен жауаптары көрсетілген. Қазақ тілінде тұңғыш рет шыққан бұл еңбек бүгінде таптырмайтын тамаша оқу құралына айналды.

2006 жылы журналистика факультетінің сырттай оқытатын бөліміне түскен соң, университетте қызмет істей жүріп оқысам, қарайып қалмай білім нәрімен сусындасам деген оймен кадрлар бөлімінің бастығы Мұрат Нұрғазинге университетке жұмысқа алу жөнінде өтініш айттым. Ол кісі мені Білік­тілікті арттыру институтының директоры Сұлтан Төлеуханұлына жіберді. Институт басшысы мені тыңдай келе, менің компьютерлік білімімді тексерген орынбасары Құралай Ахметқызының жұмыс­қа қабылдау жөніндегі кеңесін екі етпеді. Мұны мен ол кісінің жастарға жанашырлығы мен қамқор­лығы деп білемін.

Бір өмірге азық боларлықтай мол тәрбиені осы Біліктілікті арттыру институтынан алдым десем, артық айтқаным емес. Сұлтан Тө­леуханұлы мен Құралай Ахметқызы Қазақстанның барлық облыстарынан оқуға келген оқушыларды жылы шыраймен қарсы алып, олардың жатақханаға орналасуына, ғылыми бағытына сай жетекші тауып беруге қамқорлықпен қарайды екен. Басшы қандай болса, қосшылары да сондай болады. Біз де қазір алдыңғы толқынға қарап тыңдаушылар өтінішін елеусіз қалдырмайтын тәжірибелі мамандарға айналдық.

Атақты диқан Ы.Жақаевтың «Өзге үшін істе де, өзің үшін үйрен» деген тағылымды сөзі бар. Құралай Ахметқызының тапсыр­­маларын шын ықыласыммен мінсіз, мүлтік­­сіз орындауға тырысатынмын. Мейірімді көздерімен «жаным, жарқыным сол» деп мадақ­тап қоятын. Ауыра қалсақ, «балам ауырма» деп бізге бағасы қиынға соқпайтын дәрілерді алуға кеңес беретін. Бір жылы қыс мезгілінде тұмауратып, соңы жөтел­ге жалға­сып жүргенімде мейірімді жан: «Әлия, сен мумие алып ішші, емдік қа­сиеті мол, жөтелді қойдыруға тиім­ді» деді. Тағы бірде құлағыма суық тиіп ауырып отырмын десем «бор­ный спирт алып тамыз», – деп дә­­­рі­герден кем емес кеңес беретін еді.

Ғалым апайымызды универ­си­тет өміріндегі өзгерістер ешқа­шан бейжай қалдырған емес. Бұдан бірер жыл бұрын көптен бері құрылысы тұралап қалған ҚазҰУ қалашығындағы оқу ғима­­раттарының жұмысы қайта жан­да­нып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алатаудың баурайын­да орналасқан білім ордасы бұрын­ғыдан да көріктеніп сала берді. «Таңертеңгі уақытта ҚазҰУ қалашығындағы табиғи таза ауамен тыныс алып, көркем көріністің ортасында жүріп келе жатып көңілім ерекше шаттанады, тебіренеді», дейді Құралай Ахметқызы бойын кернеген қуанышын ұжымымен бөліскенде.

Осыдан біраз уақыт бұрын ректор жанындағы кеңесте корей құрылыс компаниясы универ­ситеттің жаңа бас ғимараты жобасы­ның таныстырылымын жасаған­да отырғандардың барлығы қол шапа­лақтап қолдай жөнелгенде Құралай Ахметқызы орнынан тұрып: «Еліміздің егемендігін көрсететін басты нысандардың бірі – қазақтың қарашаңырағы ҚазҰУ қалашығы. Сіздер ұсынып отырған біздің бас ғимаратымыздан ешқандай ұлттық белгіні, жанды жылытар жылуды көріп тұрған жоқпын», – деді қас­қайып тұрып. Сонда жауапты қыз­меткерлер ұлттық «колорит» ішінде деп ақталды. Бірақ ой сала білген апайымыздың іштен тулап шыққан сөзі ақиқат көрінісі болатын.

«Тектіден текті туады» дейді дана халқымыз. Құралай апа­йы­мыздың анасы – Орталық Азия әйел­дері арасынан тұңғыш рет геология ғылымына еңбек сіңірген, литология ғылымының негізін салған, геология-минералогия ғылым­­­дары­ның докторы, академик, профес­сор дәрежесіне жеткен қазақ қызы Патшайым Тәжібаева еді. Ғалымның 80 жыл­дық мерейтойына «Асыл тастар асқар тауда туады» және 90 жылдық мерей­тойы­на «Ғылымда дара, өмірде дана Патшайым» деп аталатын кітап шығарылды. Онда ғалым әріптестері мен шәкірттерінің, достарының ол туралы жазған пікірлері мен естеліктері, арнау жырлары, естелік-эсселері басылды. Сөйтіп, олар ана алдындағы перзенттік парыздарын адал орындай білді. Бүгінде Патшайым Тәжібаева атына ғалымның туған жері Қазығұрт ауданында, Алматы, Шымкент қалаларында көше беріліп, Қазығұрт ауданында есімі мектепте жаңғырып, ескерткіші бой көтерді.

Қазақтың аса тәрбиелі, талантты қызы Құралай Аққошқарованың өнегелі өмірі белгілі ақындардың жырына арқау болды. Солардың бірі – Серік Тұрғынбеков: «Адам­дар бар жүрегі – дастан ізгі, Жал­ғағандай жер емес, аспан бізді; Алпысыншы жылдары – Алматыда – Құралайдан көрмедім асқан қызды. Ай шуағы секілді ақша жүзі, Таңғалтады білінбей басқан ізі. Білсем егер, солай-ақ болған шығар, Патшайымның қызындай патша қызы», – деп жазды. Біздің де бұл ойға алып-қосарымыз жоқ.

Жаны жомарт, жүрегі тек ізгілік деп соққан аяулы жан туралы айта берсек, жетіп артылады. Біз оның кейбіреулеріне ғана тоқталдық. Бекзат болмыс, тектіліктің тіре­гін­дей Құралай апамыз жайлы бұдан соң да айтылары ақиқат.

Әлия АХМЕТОВА,

педагог.

ШЫМКЕНТ.

 

Соңғы жаңалықтар