Соңғы кезде қор нарығының игілігін пайдалану, инвестиция салып, көл-көсір пайдаға кенелуді жарнамалайтын компаниялар мен ұйымдар көбейіп кетті. Әрине, оның біразы заңды. Әйтсе де, арасында алаяқтар да жоқ емес. Солардың айтқанына арбалып, қолдағы бар ақшасынан айырылып, санын соғып қалғандар да аз болмай тұр.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сондай компаниялардың бірін анықтаған. Инвестициялық қызметтен жоғары кіріс алуға уәде берген Finiko компаниясы Сyfron Sapital OÜ платформасында cryptocurrency және басқа инвестициялық құралдарды сатып алуды ұсынған. Агенттіктің хабарлауынша, бұл – жылжымайтын мүлікті, автомобильдерді сатып алуға, міндеттемелерді өтеуге және инвестициялауға байланысты жағдайларды имитациялайтын ойын алаңы.
«СYFRON (CFR) – есептеулер жүргізілетін криптовалюта ресми валюта емес және қаржылық құндылығы жоқ. Осылайша, пайдаланушылар ақшаны нақты инвестициялық компанияға емес, оның жалған «көшірмесіне» салады. Өз кезегінде Finiko компаниясы осы ойын платформасын пайдалану кезінде күніне 1-1,2 пайыз мөлшерлеме бойынша кіріс төлеуді уәде етеді, бұл халықтың теңгелік депозиттері бойынша орташа нарықтық мөлшерлемеден 43 есе асатын жылдық есептеудегі кірістіліктің жоғары деңгейіне сәйкес келеді», дейді агенттік.
Компания мұнымен де шектелмеген. Тұтынушылық және ипотекалық несиелерді де өтеуге шақырған. Егер қатысушы жалпы қарыз сомасының 35 пайызын салса, компания онда несие бойынша соманы түгел жауып беруді мойнына алған. Автокөлік және жылжымайтын мүлік алу бойынша да дәл осындай сценарий. Қатысушы мүлік құнының 35 пайызынан кем емес мөлшерде жарна төлесе, 3-4 ай өткен соң компания мүлікті сатып алып, қатысушының меншігіне беруге уәде еткен.
«Сондай-ақ компания кез келген сатып алуда 25 пайызға дейін ақшаны қайтарып беретінін және ай сайын ақысыз қызмет көрсете отырып, қаражат балансында 6 пайыз сыйақыны ұсынатын жалған кешбэк карталары арқылы жоғарылай беретін табысты уәде етеді. Сонымен қатар осы карта аясында бес адамға дейін тартқаны үшін 1-ден 10 пайызға дейін жоғары кешбэк пайызын ұсынатын да бағдарламасы бар. Finiko-ның мәлімдеуінше, кешбэк-карта MasterCard-пен бірлесе отырып жасалған. Алайда Finiko компаниясы MasterCard серіктестерінің тізімінде жоқ», делінген агенттік мәлімдемесінде.
Бұл қаржы пирамидасы банкте арнайы есеп айырысу шоттарын пайдаланбайды. Өздерінің алаяқтық ниетін іске асыру үшін қолма-қол төлемді немесе Qiwi-әмиян, Easy Pay, PayPal сияқты интернет-төлем жүйелерін пайдаланған. Соның салдарынан қатысушылар өз ақшасының қайда кетіп жатқанын бақылай алмайды. Қазірдің өзінде Ресейде бұл компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. Жалпы шығын 80 млн рубльге бағаланып отыр. 2019 жылғы тамыз бен 2020 жылғы желтоқсан аралығында компания Татарстан мен Ресейдің өзге аймақтарында жеке тұлғалардың қаражатын қор нарықтары мен криптовалютаға инвестициялау үшін деп тартқаны анықталған. Осы ретте, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Finiko-ны қаржылық пирамида мен қаржылық алаяқтықтың белгілеріне ие деп бағалайды. Өйткені бұл компанияға уәкілетті органнан ешқандай лицензия берілмеген. Компания ұсынып отырған қызметтері екінші деңгейлі банктер, ұлттық пошта операторы және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары ұсынса ғана сенген жөн.
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, қаржы пирамидасының бірнеше айқын белгісі бар: олар әуелі үлкен көлемде сома салуды талап етеді; салған ақшаны ірі пайызбен қайтарып береміз дейді; төлемді алу үшін таныстарыңызды тартуға шақырады; жобаны «ноу-хау» деп бағалайды; жарғылық капиталы төмен және жалғыз құрылтайшысы бар делінеді; түрлі ұтыс ойындары мен жолдамалар ойнататын жарнамалармен арбайды; шартты мұқият оқысаңыз, төтенше жағдайда ешкімге жауапкершілік жүктелмейтінін аңғарасыз; әдетте олар өздерін «микроқаржы ұйымы», «қаржылық қызметтер орталығы» деп таныстырады. Өзге ресми ұйымдардан ерекшелеп тұратын басты белгісі – банктердегі есеп айырысу шоттарын емес, түрлі интернет-төлем жүйесін қолданады немесе ақшаны қолма-қол қабылдайды. Мақаланың басын мұқият оқыған болсаңыз, Finiko компаниясында осы айтылған белгілердің барлығы дерлік бар екенін байқайсыз.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 150-бабы және Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес қаржы пирамидаларын жарнамалау және олардың қызметін жүзеге асыру үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жоғарыдағыдай аста-төк пайда ұсынған кез келген компанияның заңды не заңсыз екенін мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы «Салық төлеушілерді іздеу» сервисі арқылы тексеруге болады.
Жақында Алматы қалалық прокуратурасы да Finiko-ға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Олардың дерегінше, компания салынған сомадан (ең төменгі салым – 500 доллар) ай сайын 150 пайызға дейін сыйақы береміз деп азаматтарды шақырған. Әр елден жиылған салымшылар саны 165 мыңнан асады. Аталған компанияның қылмыстық әрекетінен зардап шеккен азаматтар қалалық экономикалық зерттеулер департаментіне арыз түсірсе болады.