• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Технология 15 Шілде, 2021

Арыз-шағым аяқсыз қалмайды. Оны бақылайтын eOtinish жүйесі бар

1424 рет
көрсетілді

Биыл 1 шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енгені белгілі. Осыған байланысты азаматтардың арыз-шағымымен жұмыс істеу жүйесі де өзгерді. Енді жұртшылықтан келіп түскен бірде-бір өтініш жерде қалмайды. Олардың орындалуын қадағалайтын eOtinish электронды желісі іске қосылды.

Ел тұрғындары мемлекеттік қызмет саласына жиі шағымданып жатады. Бірақ халықтың бірі өтініші қаралса, екіншісі құзыретті орган назарынан тыс қалатыны бар. Ал азаматтардың мемлекеттік органдарға жолдаған арыз-ша­ғымдары қаншалықты қаралып, орындалғанын бақылайтын бірыңғай жүйе болған емес. Енді жаңадан жұмыс істей бастаған eOtinish электронды қызметі бір­де-бір арыз-шағымның жерде қал­мауын қамтамасыз етеді, дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов. «Бұрын бізде азаматтардың өтініштерін қарайтын, орындалуын қадағалап отыратын жүйе болған жоқ, сон­дықтан біз қандай да бір талдау жүргізіп, өтініштердің қаралу процесін бақылай алмадық. Мұн­дай дерек қолымызда болмайын­ша мемлекеттік мекемелердің жұ­­мыс сапасын бағалау және өті­ніш берушілердің қай салаға кө­бірек шағымданатынын анықтау да қиын. EOtinish электронды өті­ніштер жүйесін енгізу – осы мә­селелерді шешеді», дейді Ә.Тұ­рысов.

Министрлік бұл жүйе мемле­кеттік органдар жұмысының тиім­ділігін арттыратынына сеніп отыр. Ал келіп түскен арыз-шағымдар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша 15 жұмыс күннің ішінде қаралып, жауап берілуге міндетті.

Вице-министрдің түсіндіруін­ше, өтініштерді екі жолмен беруге болады. Тұрғындар халыққа қыз­мет көрсету орталықтарына, әкім­дікке немесе мемлекеттік ор­ганға келіп, өтінішін қалдырады. Қазір ХҚО-ларда eotinish арқылы өтініштерді қабылдайтын арнайы пункттер ашылған. Олардың саны – 259. ХҚО операторы жеке кабинетте азаматтың өтінішін қабылдап, оны eOtinish жүйесіне тіркейді. Мемлекеттік органдар қызметкерлері қабылдаған өтінішті жүйеге қосады.

«EOtinish жүйесі әрбір ауыл әкімдігінде де орнатылады. Әкім­діктердің қызметкерлері жүйені пай­далану жөнінде арнайы оқудан өтті. Енді олар осы электрон­ды жүйе арқылы жергілікті тұр­ғын­дардың арыз-шағымын қабыл­дамақ. Ауыл тұрғындары мем­лекеттік мекемелерге деген қандай да бір өтініш-ұсынысы болса, әкімдіктерге барып, арызын жүйеге тіркете алады. Ал егер ХҚО немесе мемлекеттік ор­ганға баратын уақыты болмаса, онда өтінішті eGov порталы, eOtinish, eGov mobile, aitu мо­бильдік қосымшалары арқылы беруге болады», дейді Ә.Тұрысов.

ЕOtinish электрондық жүйе­сінің ерекшелігі сол, әрбір азамат өзінің өтініші қайда, қандай мекемеге жолданғанын, қай кезде қаралғанын жүйе арқылы қарап, бақылай алады. Сонымен қатар арыз-шағымына деген мемлекеттік мекеменің жауабын бағалауға да мүмкіндігі бар. Осы арқылы тиісті органдардың халыққа қызмет көрсету сапасын саралауға болады.

Жүйеде өтініші тіркелген аза­мат­тарға SMS-хабарлама ар­қы­лы арыз-шағымының қаралу кезеңдері туралы хабарламалар жіберіледі. Оның қаралу тарихы жүйеде сақталады және мем­ле­кеттік орган бұрын қандай ше­шім қабылданғанын саралай отырып, әкімшілік іс қалыптастыра алады.

Eotinish электронды өтініш­тер жүйесінің бас операторы – «Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпорациясы. Корпорацияның міндеті –  eOtinish арқылы алынған деректерге талдау жүргізеді. Мұндай тал­дау жұмыстары еліміздің әр өңі­ріндегі тұрғындарды қандай мәселе көбірек толғандыратынын, мемлекеттік органдар қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін анықтауға мүмкіндік береді екен.