Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында ауыл әкімдерін сайлау саласындағы саяси реформа халық пен өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардың өзекті мәселелерді бірлесіп шешуі үшін қажет екенін мәлімдеді. Еліміздің өкілеттік мерзімі аяқталатын 730 ауыл әкімін сайлау биылғы 25 шілдеге белгіленді.
Мемлекет басшысы «Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек. Бірақ реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін өзі басқару жүйесін нығайтамыз», деп атап өтті. Мемлекеттік басқаруды кезең-кезеңімен орталықсыздандыру бағыты жергілікті өзін өзі басқару институттарын нығайтады.
Бұрын аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің басшыларының кандидатурасын жоғары тұрған әкім ұсынып, ал жергілікті мәслихаттардың депутаттары оларға дауыс бере отырып, жанама әдіспен сайлап келді. Ауыл әкімдерін жанама сайлау жүйесі және олардың өкілеттіктерінің жеткіліксіздігі жергілікті аумақтардың өзекті мәселелері бойынша шешімдер қабылдауды шамадан тыс орталықтандыруға алып келді, дәрменсіздік, бастамашылдықтың жоқтығы, тіпті жергілікті билік органдарының немқұрайдылығы арта түсті. Мұның салдары жергілікті халықтың жоғары және тіпті республикалық билік органдарына бүкіл аймақтың кішігірім мәселелерін шешу үшін жүйелі түрде өтініш білдіруіне әкелді.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауына сәйкес берілген ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу туралы тапсырма еліміздің саяси өмірінің дамуына соны серпін берді. Нақты дербестік беру үшін өңірлерде белгілі бір құқықтар мен міндеттер, жеткілікті қаржы ресурстары болуға тиіс. 2022 жылдан бастап 2024 жылға дейін қаржылық тұрақтылықты жақсарту мақсатында жергілікті өзін өзі басқару органдарына бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы, жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер, жер учаскелерін жалдау құқығын сатқаны үшін төлемақы, су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы, қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым, қызмет түрлерімен айналысуға арналған лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы сияқты бірқатар салық пен төлем беріледі. Ауылдық округтердің өзін өзі қамтамасыз етуі орта есеппен 50%-ды (қазіргі уақытта – 13%) құрайды деп болжануда, бюджет қаражаты тек жергілікті аумақтардың мұқтаждарына ғана бағытталады.
Жаңа жағдайларда сайланған әкімдер сайлау алдындағы бағдарламаны іске асыру бойынша халыққа тікелей есеп береді. Сайланған әкімге дауыс берген тұрғындар да оған жан-жақты қолдау көрсетуге мүдделі болатынын атап өткен жөн. Ауыл әкімдерін сайлау ауылдық аумақтардағы азаматтардың саяси белсенділігін біртіндеп күшейтуге және барлық қажетті атқарушылық және заңнамалық өкілеттікті жергілікті билік органдарына беруге, сондай-ақ саяси бәсекелестік мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді.
Тағайындаудың жетілмеген жүйесі және ауыл әкімдері нәтижелілігінің төмендігі заңды түрде ауылдық аумақтардың даму қарқынының баяулауы бойынша теріс факторлардың артуына алып келді. Бұған мысал ретінде жеке ауладағы малды ауылдарға жақын жайылымдармен қамтамасыз ету, суармалы ауыл шаруашылығы дақылдары алқаптарын сумен және мал азығымен қамтамасыз ету мәселелерін айтсақ болады. Ауыл әкімдері мен салалық органдар басшыларының проблемаларды шешуге ұзақ уақыт қатыспауы өнімділіктің төмендеуіне және мал өліміне әкелді. Жақында республикамыздың ауыл шаруашылығы саласы басшылығының ауысуы ауылдық аумақтарды ұтымды пайдалану бойынша неғұрлым салмақты аграрлық саясатты жүргізу қажеттігімен байланысты болды. Егер реформаларды сайланған әкімдер бастаған ауыл халқы белсенді қолдайтын болса, онда ол қысқа мерзімде оң нәтиже береді.
Ауыл экономикасының өсу резервтерінің бірі – осы уақытқа дейін тиісті деңгейде дамымаған ауыл шаруашылығы кооперациясы. Ауыл әкімдері өздерін қызмет көрсететін шенеуніктер ретінде ғана санамауы керек, олар жергілікті жерлердегі кооперацияларға бастамашылық жасап, оларды басқарғаны жөн. Ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу бойынша ұжымдық өнеркәсіптік кәсіпорындарға, кооперативтерге біріккен жеке шаруашылықтар түрінде тауар шаруашылықтарын құру орнықты ауыл экономикасының берік іргетасын қалайды.
Сайлауды ұйымдастыру ісінде жергілікті атқарушы органдар, аумақтық сайлау комиссиялары, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар сайлау заңнамасын қатаң сақтауға мүдделі болуы керек екенін атап өткен жөн. Лоббистер тарапынан құқыққа қарсы іс-әрекеттерге, жергілікті халықты руы мен ұлтына қарай бөлуге жол бермеу керек, сөз байласу мен сыбайлас жемқорлық көріністерін түбірімен жою қажет. Барлық кандидат үшін тең жағдай жасау және жергілікті тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет.
Болашақта жергілікті өзін өзі басқару бойынша бірқатар нормативтік-құқықтық акт қабылданады, онда сайланған әкімдерге кең басқарушылық және шаруашылық өкілеттіктер беріледі. Сондықтан олар үшін Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, арнайы қайта даярлау бағдарламасын әзірледі, онда оларды жергілікті өзін өзі басқару, коммуналдық меншікті басқару, мемлекеттік сатып алуды өткізу, ауылдық бюджетті жоспарлау және басқару, ауылдық бюджетке түсетін салық түсімдерін басқару саласындағы стратегиялық және нормативтік құжаттармен таныстыру бойынша модульдер қарастырылған. Бұдан бөлек, оқыту аясында сайланған әкімдер тиімді коммуникация жасай білу дағдысын, команданы басқару әдістерін, дағдарыстарды, тәуекелдерді және өзгерістерді басқару құралдарын меңгереді.
Ерлан ӘБІЛ,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры