Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері түрлі себептермен паспортсыз жүрген 37 адам Қазақстан азаматы атанып, паспорт алды. Олардың 1974 жылғы үлгідегі кеңестік паспортының күші жойылған, туу туралы куәлігі жоғалған. Бұл туралы облыстық ПД Баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Жалпы Петропавлдың әлеуметтік бейімдеу орталығына құжаты жоқ 75 адам жүгінген. Олар өмір бойы Қазақстанда тұрып келген, мектепті аяқтап, жұмыс істеген. Барлық құжаттары: туу туралы куәлігі мен 1974 жылғы үлгідегі паспорты ертеде жойылған.
Солтүстік Қазақстан ПД Көші-қон қызметі олардың бұрынғы тұрғылықты жеріне сұрау жіберіп, білетін адамдардың куәлігіне жүгінген. Бұрыннан Қазақстан азаматы екеніне көз жеткізген соң ғана паспорт берген.
«Өмірдің қиын жағдайына тап болып, өз уағында сәйкес органға жүгіне алмаған бізге Көші-қон қызметіндегі қажетті құжаттарды тезірек жинауға көмектескен, кейін қысқа мерзім ішінде бізді Қазақстан Республикасының азаматы деп танып, жеке куәлік берген адамдарға алғыс білдіреміз», деп жазылған СҚО ПД бастығы, генерал-майор Марат Төлебаевтың атына жіберілген бір хатта.
Дегенмен мұндай адамдарға аса сақтықпен қараған жөн сияқты. Оралмандарға түрлі сылтаумен жылдап паспорт бермейтін органдар 30 жыл бойы Қазақстан азаматтығын алғысы келмегендерге неліктен елгезектік таныта қалатынына да таң қаласың...
Солтүстік Қазақстан облысы