Алдағы әкімдер сайлауының елімізді саяси жаңғырту, саяси реформалар бағытын жалғастыру тұрғысынан маңызы зор. Осы ауқымды іс-шараны өткізудің құқықтық негізі де дайын.
Тек маған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау мәселесі коронавирус пандемиясымен күрестің көлеңкесінде қалып қойғандай көрінеді.
Сайлау туралы алғаш рет 2000 жылдардың ортасында айтылды, тіпті кейбір аймақтарда қанатқақты жоба ретінде сайлау өткізілді. Бірақ ол жоба бірнеше себеппен жұмыс істемеді. Біріншіден, бұған ешкім дайын болмады, Үкімет те, мәслихат депутаттары да, халық та. Екіншіден, ол кезде әлемде экономикалық, қаржылық дағдарыс басталып кетті. Одан да басқа проблемалар жеткілікті болды. Менің ойымша, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде осы мәселе бойынша байыппен ойланып, оның оң және теріс жақтарын таразылаған. Бірақ ел дамыды, онымен бірге азаматтық қоғам да ілгеріледі. Міне, енді бұл мәселе пісіп-жетілген кезде, оны 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында бастама етіп көтерді. Мәселе Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында да талқыланды. Депутаттар өз кезегінде құқықтық базаны дайындап, сайлау туралы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізді.
Қазір жұртшылық осы тақырыпқа қатысты ой-пікірлерін білдіріп жатыр. Кейбір саясаттанушылар, сарапшылар, оппозиция өкілдері бұған шүбәлана қарайды. Алайда, менің ойымша, сайлау өткізу қажет және бұл – қазақстандықтардың демократиялық таңдауы екені сөзсіз. Сайлау әрқашан өркениетті саяси бәсекелестік пен мемлекеттік басқарудың тиімді институты болып қала бермек.
Ауыл әкіміне 25 жасқа толған, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес біліктілік талаптарына сай келетін Қазақстан азаматтары үміткер бола алатынын еске салған жөн. Сайлауға келесі үміткерлер қатыса алады:
- өз мүшелерін ұсынған саяси партия атынан;
- дауыс беру құқығы бар сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1%-ының қолын жинау арқылы өзін өзі ұсынғандар.
Бір адам аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып екі реттен артық сайлана алмайтынын атап өткен жөн.
Сайлау 40 күн бұрын жарияланады, ал сайлау қазіргі әкімнің толық мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады.
Сайлау өткізілгеннен кейін жеті күн ішінде аумақтық сайлау комиссиясы сайланған әкімді тіркейді, содан кейін ол өз жұмысына кіріседі. Мұның бәрі – толықтай демократиялық әдістер.
Бірақ, әрине, сайлау рәсімін өткізуге, оның ашықтығына, әділдігіне байланысты күмән туындайтыны анық. Мысалы, ауыл тұрғындары өздерінің туыстарын қолдауы, жоғары тұрған әкімдер сайлауға әсер етуі мүмкін, қосымша бюллетеньдерді тастау да болуы ғажап емес. Біздің менталитетімізді ескерсек, мұндай күмәнді бекерге шығару қиын.
Бірақ кез келген жағдайды бастан өткеруіміз қажет. Бұдан Еуропа елдері мен Америка да, басқалары да өтті. Бізге құқық қолдану тәжірибесін, сайлау үрдісінің барлық тетіктерін пысықтау қажет. Ең бастысы, осының бәрінен кейін талдау және дұрыс қорытынды жасау маңызды. Халықты да, сайланған әкімдерді де ұзақ та шыдамдылықпен оқыту қажет.
Менің ойымша, сайланған әкімдерге сайлауалды бағдарламасын орындауы тұрғысынан айтарлықтай қолайлы жағдайлар жасалған. Қазірдің өзінде қабылданған мемлекеттік бағдарламалар кәсіп бастауға да, әлеуметтік міндеттерді шешуге де мүмкіндік береді. Әрине, қордаланған мәселелер бар, жаңалары да туындайды. Бірақ бұл ретте алға қойылған міндеттерді әкімді сайлаған жергілікті тұрғындардың өздеріне сүйене отырып, шешу маңызды. Осы орайда келесі өте маңызды мәселеге назар аударғым келеді. Ол – бюджет. Мен ауылда тұратын халықтың, онда тіркелген бизнес субъектілерінің барлық салықтық және салықтық емес төлемі осы ауылдық округтер мен қалалардың бюджетіне түсуін қолдаймын. Бұдан басқа, жоғары тұрған бюджеттен міндетті трансферттер мен бюджеттік кредиттер болуы тиіс. Міне, әкім қаржы ресурстарына ие болған кезде ғана тиімділік, даму және мәселелерді шешу жолға қойылады. Сонымен қатар әкімдердің де, оларды сайлаған тұрғындардың да жауапкершілігі пайда болады.
Келесі мәселе – сайланған әкім есепті қалай жүргізу керектігін, оларды кімге және қашан ұсыну керектігін нақты түсінуі керек. Оны бүкіл бюрократиядан, керексіз қағазбастылықтан арылту қажет. Осының салдарынан көптеген маңызды мәселені шешуге қол тимей жатады. Мен енді жағдай өзгереді деп сенемін.
Өзін өзі ұсыну институты туралы пікірімді ортаға салғым келеді, өйткені ол басқа сайлауда жоқ. Менің ойымша, адамның өз ауылы, кенті үшін пайдалы боламын деген ниеті болса, бұл тамаша мүмкіндік деп білемін. Ең бастысы, бұл мансапқорлыққа айналмауы тиіс. Өзін өзі ұсынушыға саяси партиялармен бәсекелес болу қиын болады, бірақ егер нақты іс-қимыл жоспары, мәселені шешу жолы және сайлаушылардың қолдауы (қол жинау) болса, өзін өзі ұсынушылардың айы оңынан тумақ.
Әрине, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау туралы көп сөйлесуге болады. Әркімнің айтатыны бар, біреу сынап, біреу өз күдігін білдіреді. Бірақ біз үшін ең бастысы – осы маңызды саяси іс-шараны ойдағыдай өткізу.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» деп қазақ бекер айтпаған. Ендеше, бәріміз осы сайлауға қолдау көрсете отырып, көрегендігімізді, ұйымшылдығымызды, елімізге деген сүйіспеншілігімізді, тек өзімізге тән демократиялық ұстанымымызды білдірейік, ағайын. Бұл іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы үлкен жетістігіміз болады деп ойлаймын.
Серік САНАУБАЕВ,
«Қарағанды облысы кәсіпкерлері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры