Өңірде кезекті №16 қаулы жарияланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті. Шектеулердің күшейтілуіне індет жұқтырып, сырқаттанғандардың көбеюі және елдегі эпидемиялық ахуалдың нашарлауы себеп болған.
Шілде айының 4-інен бастап «қызыл аймақта» тұрған өңірімізде карантин қайта күшейтілді. Саралай келгенде, облыс орталығы, Ақсу, Екібастұз қалалары, Ақтоғай, Успен, Баянауыл, Шарбақты аудандары «қызыл аймақта», ал «сары аймақта» Павлодар, Ертіс, Железин, Тереңкөл аудандары болса, Аққулы мен Май аудандары «жасылда» тұр.
Сонымен жаңа №16 қаулыға сәйкес 15 шілдеден бастап Ashyq жобасына қатысатын нысандардан басқа, облысаралық, облысішілік, қалааралық, ауданаралық автобус, шағын автобус жолаушылар тасымалы тоқтатылды. Сондай-ақ балалар ойын-сауық орталықтарының (ойын алаңдары, жабық үй-жайлардағы аттракциондар), театр, кинотеатрлардың, концерт залдарының жұмысына, спорттық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Демалыс күндері сауда үйлері, қалалық автобустардың қозғалысы шектелді. Жұмыс күндері Ashyq жобасына қатысатын қоғамдық тамақтану орындары мен фудкорттардың қызметі сағат 20.00-ге дейін, қатыспайтындардың жұмысы 18.00-ге дейін шектеледі.
Ал өңірде екпе алушылар қатары күнделікті артып келеді. Вакцинаның бірінші компонентін облыстың 179 931 тұрғыны алса, екіншісін 94 403 тұрғыны алған. Вакцинаны медицина мамандары, мұғалімдер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері алуда.
Облыс орталығында, Ақсу қаласында екпе алған тұрғындар арасында ұтысқа смартфондар мен тұрмыстық техникалар ойнатылуда. Демеушілер есебінен қалалықтар үшін IPhone 12 Рrо, сондай-ақ әрқайсысы 50 мың болатын 20 сертификат берілмек. Ұтыс ойыны он күн сайын онлайн режімде өткізіледі. Енді IPhone 12-ні кім алатыны 20 шілдеде белгілі болады.
Сонымен қатар Ақтоғай, Қожамжар, Жолболды, Жалауыл, Мүткенов ауылдарында вакцинаның бірінші компонентін алушыларға бағалы сыйлықтар дайын. Мысалы, Май ауданында екпе алудан өткен отбасылар «Май сервис» КМК-ның сумен жабдықтау қызметі үшін айлық төлемнен босатылады.
– Жалпы, облыс орталығында еңбек ұжымдарына арналған 67 мобильді топ жұмыс істейді. Өңір бойынша 153 екпе кабинеті бар. Сауда орталықтарында 5 екпе кабинеті, 3 жылжымалы медициналық кешендерде екпе жасалады, – дейді Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ерғалы Асылбек.
Елімізде күзге дейін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру міндеті тұр. Індеттің түрлі штамдарына қарсы тұру үшін екпе алып, тұрғындар өз денсаулығын сақтауы қажет.
Бүгінгі күндері облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері түгелдей екпе қабылдауда. Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, қызметкерлердің санитарлық-эпидемиялық саламаттылығын қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылатын инфекциялық аурулардың иммунопрофилактикалық іс-шаралары жүргізілуде.
Павлодар облысы