Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, Шу ауданындағы бірқатар нысанды аралады.
Депутатты Төле би ауылында салынып жатқан Оқушылар сарайы ғимаратының құрылысымен аудан әкімі Нұржан Календеров таныстырды. Бүгінгі күнге аталған нысандағы құрылыс жұмысының басым бөлігі аяқталған. Қазір ішкі жұмыстары жалғасуда. Бұл нысан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту болмақ.
Бұдан кейін Гүлдара Нұрымова аудандық аурухана маңынан салынған жаңа емхананың ғимаратымен де танысты. Сондай-ақ депутат дәрігерлердің жұмыс кабинетін аралап көріп, келушілермен тілдесті. Оларға тұрғындарды вакциналаудың маңызды екенін айтты. Осы орайда аудандық аурухананың бас дәрігері Жайдар Айтишев қазіргі кезде коронавирусқа қарсы вакцина салу жоспары 46 пайызға орындалғанын, Шу ауданы бойынша күн сайын 250 адам екпе алып жатқанын жеткізді.
Гүлдара Нұрымова Әл-Фараби атындағы мектеп ғимаратының құрылысын да көрді. 300 орындық мектеп келесі жылдың сәуір айында сараптамаға тапсырылуы қажет. Жаңа білім ошағында кең спорт залы, асхана және үш қабатты сыныптар мен зертханалық кабинеттерден құралған оқу корпусы болады. Кездесуде депутат құрылысшылардың жалақысы жөнінде сұрап, жұмысшылардың 70 пайызы жергілікті тұрғындар болуы керектігін айтты.
Содан кейін мәжілісмен Қорағаты ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткер Әділ Диханбаевтың ауыл тұрғындарымен кездесуіне барды. Биыл елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауыл әкімдерін сайлау өтетіні белгілі. Саяси науқанға Жамбыл облысынан 122 кандидат ұсынылған. Сондай үміткерлердің бірі – Әділ Диханбаев. Кездесуде үміткер сайлаушыларды өз өмірбаянымен және сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Ол алғашқы еңбек жолын Шу ауданындағы «Тасөткел» коммуналдық мемлекеттік су шаруашылығы кәсіпорнында инженер болып бастап, бүгінге дейін бірқатар жауапты қызмет атқарған.
Жиын соңында Гүлдара Нұрымова сөз сөйлеп, Парламент Мәжілісінің жанындағы Nur Otan партиясының депутаттық фракциясының жұмысы жайында баяндады.
Жамбыл облысы