• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Шілде, 2021

Балаларды жүзуге үйретсе...

482 рет
көрсетілді

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 10 адам, соның ішінде 2 бала суға кеткен. Ал жазғы шомылу маусымы басталысымен-ақ суға батып кете жаздаған үш бала құтқарылған. Балаларын өзен жағасында қараусыз қалдырып кеткен 2 ата-ана жауапқа тартылыпты.

– Біздің қызметкерлер өңірдегі барлық өзен-көл,  су айдындарын бақылай алмайды. Бұл мүмкін де емес. Тұрғындарға  сақтанып, тек  рұқсат етілген жерлерде  суға түсуге кеңес береміз. Бірақ қанша ескерту берілсе де, адамдар рұқсат етілмеген орындарда суға түседі, – дейді ТЖД құтқару қыз­метінің бас маманы Мейрамбек Батырқұлов.

Қазір облыста 33 жағалау бар, оның 17-сі – коммуналдық, 16-сы – жекеменшік. Облыс орталығындағы Ертіс, Усолка өзенінде суға түсуге ресми түрде рұқсат берілген. Павлодар жағажайларындағы қауіпсіздікті қадағалайтын мамандар да, техника да жеткілікті. Жекеменшік су айдындарында жеке құтқарушылар қызмет етеді.

Қазір ауылдық жерлерде де спорт кешендері, футбол, хоккей, басқа да ойын алаңдары бар. Бірақ су спорты ауылға әлі жеткен жоқ. Қаладағыдай жүзу бассейндері салынып, арнайы мамандардың көмегімен балалар кіш­кентайларынан суда балықша жүзуге үйренсе дейсің.

Ал биыл өзен-көл, су айдындарында 513 рейдтік іс-шара өткізіліп, сақтандыру жайлы жадынамалар таратылған. Суға түсетін өзен-көл жа­ға­лау­ларына қауіпсіздік шаралары жазылған тақтайшалар, жедел әрекет жасау үшін арнайы бейнебақылау құралдары орнатылған. Өткен жылы құтқару құрал-жабдықтарын алуға 20,9 млн теңге бөлінген. Жазғы маусымдағы қауіпсіздікті сақтау үшін қоғамдық құтқарушылар да даяр­лануда.

Департамент тарапынан жазғы демалыс лагерьлерінде  мектеп жа­сындағы балаларды жүзуге үйрету мақсатында  89 модульдік бассейн орнату бойынша ұсыныс берілген. Әзірге 10 мектеп жиналмалы бассейн сатып алыпты.

Өткен жылы облыс  орталығындағы суда жүзуге арналған алаң Ертіс өзенінің Усолка жағалауындағы құт­қару бекетінде ашылды.  Балалардың суға жүзуді үйрену алаңы қазіргі жазғы маусым басталғаннан бері жұмыс істеуде. Құтқарушылар балаларға суда қалай жүзу, қандай ережелерді сақтау керек екенін түсіндіреді. 

Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, соңғы жылдары бала­лардың тентектігі мен абайсыз­дығы­нан, судағы қауіпсіздік ережелерін біл­меуінен, төтенше жағдайларда әрекет ете алмауынан туындайтын оқыс оқиғалар көбейе түскен. Сондық­тан төтенше жағдайлардың алдын алу мақса­тында   мектептерде жыл сайын «Жас құтқарушы» облыстық жарысы өткізіледі.

Құтқарушылар суға түсуге рұқ­сат етілген орындарда ғана оқыс жағ­­дайларға жол бермейді. Ал адам­дардың  рұқсат етілмеген жерлерде  суға түсуінің себебі – өзен-көлдерде суға түсетін  орындар аз. Өткен жы­лы 584 адам белгіленбеген орында суға түскені үшін, жағалауларда арақ-шарап ішкен 2 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған.

Құтқарушылар  балалар суда жүзе білмейтінін, сондықтан оларды кішкентай кезінен бассейнге апарып, жүзуге үйреткен дұрыс екенін айтады. Биылғы жазғы маусымда  Екібастұз қаласында балалардың суға кетуіне олардың рұқсат етілмеген орында суға түскендері себеп болды.

...Ертіс өзенінің жағалауында жүрміз. Байқағанымыздай, өзеннің ортасына дейін жүзетін,  бір шетінен екінші шетіне дейін жүзіп жарысатын  демалушылар аз емес. Жақсы жүземін деген бір жігіттің кенеттен аяғы тартылып, суға түспей жатып,  қайта шықты. Бала кезімізден өзенге суға түсіп үй­ренген  біз судың беті мен ішіндегі жылылық бірдей емес екенін  білеміз. «Судың ортасына, тереңге бармаңдар, ол жерлерде иірім көп, иіріп әкетеді», деген үлкендер сөзі де жадымызда.

Ойлап қарасақ, сонау өткен ғасыр­дың 70-жылдары біз, ауыл балалары бір-бірімізден суда жүзуді үй­ренгеніміздің өзі де бір  өмірлік сабақ екен.

 

Павлодар облысы