Президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ерлан Қарин елімізде алғаш рет өтіп жатқан әкімдер сайлауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгін Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтуде. Бұл – Президент айтқандай, елімізде саяси жаңғырудың жаңа кезеңін ашатын өте маңызды сәт. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауда әкімдерді тікелей сайлау туралы бастама көтерген болатын. Нәтижесінде, оны ұсынғаннан бастап нақты іске асырылғанға дейін бір жылдан аз уақыт өтті», деп жазды ол Telegram-каналында.
Оның айтуынша, ауыл әкімдерін сайлау азаматтарға өз елді мекендерінің дамуына тікелей ықпал етуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Олар мемлекеттік басқару жүйесінің ұзақ мерзімді жұмыс қағидаттарын қалыптастырып, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастардың сипатын сапалы етіп өзгертеді. Сондықтан, бұл сайлау науқанының барысы азаматтар арасында үлкен қызығушылық тудырды», дейді Президент кеңесшісі.
Сондай-ақ, ол бүгін өтіп жатқан сайлау елдің саяси өрісін жандандырғанын, жергілікті деңгейде саяси бәсекелестіктің артқанын тілге тиек етті.
«Осы тұрғыдан алғанда, барлық 6 саяси партияның өз кандидаттарын ұсынғаны, көптеген өзін-өзі ұсынушылар тіркелгені де маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған үш саяси пакет шеңберіндегі барлық өзгерістер дәйекті түрде іс жүзінде іске асырылып, қоғамның сұраныстарына сай келеді және елдің одан әрі демократиялануына ықпал етеді», деп жазды Ерлан Қарин.