Ауылдық округ әкімдерін халықтың тікелей сайлауы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев уәде еткен саяси өзгерістер мен бастамалардың ең маңыздысы деп білемін. Бұл еліміздегі демократиялық процестердің сырттан импортталмай, іштен жүруіне, төменнен бастап сатылап дамуына, сөйтіп жүйелі өзгерістерді тудыруға зор ықпалын тигізетін болады.
Енді екі жылдан кейін аудан және қала деңгейіндегі әкімдерді сайлау мәселесі қойылып отыр. Сондықтан да халықпен күнделікті бетпе-бет кездесіп, мәселесін жедел шешіп дағдыланған, құзыреті мол атқарушы билік органдарының жұрт алдындағы жауаптылығы мен бақылауда болуын тоқтаусыз жетілдіре беруге тиіспіз.
Былтырғы Nur Otan партиясы өткізген праймериз – халықтың кез келген демократиялық жаңалықтар мен бастамаларға дайын екендігін көрсетті. Әрине, праймериз әкелген жағымды құбылыстармен қатар, елеулі кемшіліктер де орын алды. Мұны мен оған қатысушы және зерттеуші ғалым ретінде жақсы білемін. Сол кезде «алдағы болатын әкімдер сайлауы праймериздің өз талабына сай өтуіне зор ықпал тигізеді» деп айтқан болатынмын. Себебі халық сайлаған әкім – кез келген демократиялық процедураны, соның ішінде праймеризді де халықтың қалауына сай ұйымдастыруға іштей мүдделі.
Сондай-ақ әкімдерді сайлау елімізде кенже дамып отырған азаматтық ұлтты қалыптастырудың басты көрсеткіші ретінде көрініс тауып отыр. Рулық-туыстық байланыстар сыналып, оның мемлекеттік сана қалыптастыруда, азаматтық ұлтқа ұласуымызда зиянды екендігі айтылды. Мәселен, бізде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті осыдан он жыл бұрын жоқ еді. Халықтың бойында мұндай әлеуметтік иммунитет қалыптаспаған болатын. Ал қазір жұрт жемқорлықты, оған жол беруі мүмкін кез келген жағдайды айыптайды. Ауыл әкімдерін сайлау кезінде де халықтың басым көпшілігі осы ұстаным төңірегіне шоғырланып отыр.
Жалпы, бұрындары конституциялық механизм дұрыс жұмыс істеуі үшін саяси плюрализм маңызды деп ойлаушы едім, праймеризге қатысқаннан кейін бұл пайымыма түзету енгіздім. Дәл қәзір маңыздысы – әділ сайлау өткізу, халықтың тікелей дауыс беруі және сайланған тұлғаны бақылай алуы, әрбір қоғам мүшесінің дара тұлға екендігіне күмәні қалмауы.
Ауыл әкімдерін сайлау халықтың саяси мәдениетін өсірді деп сенемін. Бұл – саяси реформа деп атауға тұрарлық айтарлықтай өзгеріс.
Қазыбек ДАУТАЛИЕВ,
заң ғылымдарының кандидаты