Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалар пакетін ұсынып, соның ішінде ауыл әкімдерін тікелей сайлау керектігін айтып, нақты тапсырма бергендігі қоғамымызда қызу талқыланып, кеңінен қолдау тапты. Ал өткен жексенбіде бұл демократиялық өзгеріс нақты іске асырылып, елімізде ауылдық округтердің әкімдерін сайлау ойдағыдай өтті.
Ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлауы – игі бастама. Кезінде ата-бабаларымыз да билер мен болыстарды өздері сайлаған. Халық ішінен шыққан тұлға халықшыл болады. Заман талабына сай ауыл әкімдерін сайлаудың оң тәжірибесін қалыптастырдық деп ойлаймын және бұл өзге Орта Азия мемлекеттеріне де жақсы үлгі болатыны сөзсіз.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлауы – Конституциямызда белгіленген демократиялық қағиданың айқын көрінісі. Халық бұл институттың әлі де жақсы жақтарын толық сезінбеген шығар, бірақ болашақта әрі қарай даму барысында ауыл тұрғындары осы саяси оқиғаның мән-маңызын қазіргіден де гөрі анығырақ түсінеді деп ойлаймын.
Жалпы, сайлау Жамбыл облысында жоғары деңгейде өтті деуге болады. Себебі сайлаушылардың 90 пайызынан астамы сайлауға қатысты. Сайлауға қатысу бойынша белсенділікті Сарысу, Меркі, Талас және Қордай аудандарының тұрғындары көрсетті. Басқа аудандарда да сайлауға қатысу деңгейі 84 пен 92 пайыз аралығында болды. Бұл сайлауға «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалынан 194 байқаушы және аудандарда солармен тығыз байланыста жұмыс істеген 14 капитан даярланды. Олардың бәрі де сайлау барысына сайлау учаскелерінде күні бойы бақылау жүргізді. Сайлау учаскелері жабылғаннан кейін де комиссия мүшелері сайлаушылардың дауыстарын санап болғанға дейін сол жерде болды.
Саяси науқан барысында өте белсенді қызмет атқарған Мойынқұм ауданынан Әсел Сарыбаева, Талас ауданынан Салтанат Махмут, Т.Рысқұлов ауданынан Дария Нарматова және Шу ауданынан Әсел Қасенова сияқты капитандардың есімдерін атап өткім келеді. Барлық байқаушы өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, сайлаудың әділ өтуіне өз үлесін қосты.
Ал енді жаңадан сайланған әкімдерге халық көп үміт артып отыр. Себебі ауылдық жерлерде, ауыл шаруашылығында шешімін күткен мәселе көп. Әрине, ауыл өмірі бірден өзгермейтін шығар. Бірақ егер сайланған әкімдер қолындағы ресурстарды тиімді қолдана білсе, халықтың жағдайы бұдан да жақсаруы керек.
Бұл сайлау халықтың өздерінің билік жүйесіне нақты араласа алатынын, жеке тұрғынның өз мәселесін өзі шеше алатынын түсінуіне ықпал етеді. Сонымен қатар бұл үрдіс тек қана ауыл әкімдерін сайлаумен тоқтап қалмайды. Ол болашақта аудан әкімдерін сайлауға ұласады. Мұның өзі биліктің орталықтан жергілікті жерге берілуін байқатады. Бұл, әрине, өз кезегінде жергілікті мәселелердің уақытында шешілуіне өз септігін тигізетіні анық.
Асқар ҚАДЫРҚҰЛОВ,
«Партиялық емес байқау орталығы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы
Жамбыл облысы