• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 28 Шілде, 2021

Экологиялық сауаттылықты қосымша білім арттырады

3343 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда қоғамдық көзқарас тұрғысынан неғұрлым өзекті болып отырған экология проблемаларына назар аудару, жоғары оқу орындары мен мектептерде экологиялық білім беру, өскелең ұрпақты туған өлкенің экология­сына құрметпен қарауға тәрбиелеу қажеттігі туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде бірнеше рет атап өтті. Алға қойылған міндеттің маңыздылығын түсіне отырып, республиканың білім беру ұйымдары белгілі бір деңгейде жұмыс жүргізуде. Әрине, табиғатқа жауапкершілікпен қарау, балаларда экологиялық сананы қалыптастыру – өте күрделі және ұзақ процесс.

Өткен жылы Білім және ғылым министр­лігі 1-11-сынып оқушыларына экологиялық білім беру бойынша сынып сағаттарының бағдарламасын әзірледі. Оны құрас­тыруға және талқылауға мектеп мұғалімдері, экологиялық-биоло­гиялық бағыттағы қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері, сондай-ақ «Биология» оқулығының қосарлы авторлары, ЖОО өкілдері қатысты. Бағдарлама мектеп пәндерінің интеграциясы негі­зінде құрастырылған, сондай-ақ Жара­тылыстану, Дүниетану, Биология, Химия, Физика, География пәндерін зер­­делеуге логикалық қосымша болып табы­лады. Бұл құжаттың құндылығы сынып сағаттарын өткізудің көптеген қызықты түрлері мен тақырыптарын қамтуында. Мысалы, «Жас экологтің әліппесі», «Экология әлеміне саяхат», «Мен әлемді танудамын», «Ауа көз­ге көрінбейді», «Жануарларға деген сүйіс­пеншілікпен», «Қоқыс – ХХІ ғасырдың құбыжығы!», «Табиғат қате­лік­терді кешірмейді», «Каспий итбалығы – біздің мақтанышымыз!», «Мен және экология», «Экология және адам денсаулығы» және басқа да тақырыптар оқушыларға оқыту мен тәрбиелеу проце­сінің белсенді қатысушысы болуға мүм­кіндік береді.

Экологиялық сауаттылық негіздерін қа­лыптастыруда, өскелең ұрпақтың эколо­гиялық санасын қалыптастыруда мек­тептен тыс ұйымдар маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда республи­ка бойынша 11 жас натуралистер мен экологтердің орталықтары мен стан­салары, 38 жас туристер мен өлке­танушылар стансалары мен орта­лық­тары, 190 Оқушылар сарайлары мен үйлері жұмыс істеп жатыр. Оларда 150 мыңнан аса оқушыға арналған эко­­логиялық-биологиялық үйірмелер ашылған. Көптеген жалпы білім беретін мектепте осы ұйымдардың филиалдары жұмыс атқаруда.

Орталықтар мен стансалардың аумақ­тарында үйірмешілер, облыс және қала мектептерінің оқушылары, ЖОО сту­денттері үшін практикалық, зерттеу базасы – жылыжайлар, оқу-тәжірибелік учаскелер, зертханалар, тәлімбақтар, дендрарийлер, экологиялық модельдеу мұражай-зертханалары, жанды бұрыштар, оранжереялар бар.

Оқушылардың «Жайық – Орал» су экспедициясы ерекше танымал. Осы уақыт ішінде бұл үгіт-насихат акция­­сынан өзінің жүйесі мен құры­лы­мы бар кешенді туристік-эколо­гия­­лық экспедицияға, Батыс Қазақ­стан жастарының едәуір санын бірік­тіре­тін экологиялық қозғалыстың қуат­ты өзе­гіне айналды. БҚО білім басқар­масы­ның Облыстық экологиялық-биоло­гиялық орталығы білім беру проце­сін экологияландыру міндетін шеше оты­рып, бірыңғай экологиялық білім беру кеңістігін құрумен айналысуда. Алғаш­қы қадамдардың бірі «Экомектеп», «Экобақша» экологиялық жоба­ла­рын әзір­леу болды. Жобалар 19 мек­теп пен 11 балабақшада жүзеге асырылуда.

Экологиялық тәрбие – бұл табиғатпен үйлесімді экологиялық сана мен мінез-құлықтың бірлігі. Мұны Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы Облыстық балалар биологиялық орталығы жақсы түсіндіруде. Бүгінде мұнда 57 үйірмеге 800-ден аса бала қаты­сады. Үйде өсетін гүлдердің 100-ден аса түрі, көкөніс дақылдарының 36 түрі, дәрі­лік өсімдіктердің 30 түрі, жеміс-жидек екпелерінің 30 түрі ұсынылған біре­гей өсімдік әлемі балалардың ғана емес, ере­сектердің де назарын өзіне аударады.

Жаппай экологиялық акциялар мен іс-шараларды өткізу, жыл сайын қала мен қала маңындағы 12 мыңнан аса мектеп оқушыларын қамтитын «Жер сағаты», «Су сақшылары» халықаралық экологиялық акцияларына қатысу қоғам­ның назарын ресурстарды үнемдеу проблемаларына аударуға мүмкіндік береді.

Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданында «Жасыл мектеп» жобасы табысты іске асырылуда. Әрбір білім беру ұйымының жасыл патрульдері аумақтар мен мектеп аулаларын көгалдандыру үшін талап етілетін өсімдіктердің саны мен жай-күйі бойынша диагностикалық кар­талар жасайды.

Павлодар облысы Ақсу қаласындағы «Ақсу» балалар Эко-техноорталығының экоканториумы – бұл қосымша білім берудің жаңа моделі үйірмелерге оқу­шылардың биологиялық-химиялық бейін­дегі ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуға, сондай-ақ базалық мектеп кур­сында қаралмайтын бірқатар пәнмен (биохимия, биотехнология, генетика, гендік инженерия) танысуына мүмкіндік береді.

Жас экологтер мен натуралистердің қа­ра­мағына Солтүстік Қазақстан облысы­ның оқушылар сарайында «Шағын оранжереялар» – флорариумдер ұсынылды. Бұл – заманауи биотехнология зертханасы (гидропоника, аквапоника), флора мен фаунаны зерттеуге, белгілі бір жердегі ауа, су, топыраққа талдау жүргізуге ар­нал­­ған биология зертханасы, зерттеу жүр­­гізуге, суға, ауаға, топыраққа талдау жа­сауға мүмкіндік беретін жоғары тех­ноло­гиялық жабдығы бар химия зертханасы бар, өсімдіктерді өсірудің дәстүрлі емес тәсілдеріне арналған кешен.

Ақмола облысының білім беру ұйым­дары арасында ормандарды сақтау, қал­пы­на келтіру және көбейту, қалалар мен аудандарды көгалдандыру, аумақты абаттандыру ісіне жастарды тарту мақсатында «Сақтаймыз және дамытамыз!» «жасыл» акциясы іске асырылды.

«Табиғатты аяла» жас өлкетанушы­лардың, экологтер мен натуралистердің республикалық форумы аясында жыл сайын мыңдаған жас экологтер мен олардың ересек тәлімгерлері қатысатын түрлі бағыттар бойынша ондаған экспедиция мен экскурсия өткізіледі.

 

Раиса ШЕР,

Білім және ғылым министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры