«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы биылғы 27 қазанда Қазақ хандығының атақты билеушісі Қасым хан Жәнібекұлының Сарайшықта жерленгеніне 500 жыл толуына орай «Қасым хан және Сарайшық: Қазақ мемлекеттілігі тарихында» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізбек, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы 2019 жылы Атырау қаласында Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Жошы Ұлысы және Сарайшық: Қазақ мемлекеттілігі бастауында» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Қасым ханның туғанына 575 жыл толуына орай «Сарайшық – Ұлы Дала мұраты: мемлекеттілік және тарихи сабақтастық» атты дөңгелек үстел мәжілісін ұйымдастырған болатын. Міне, осы жиындарда бастау алған қазақ мемлекеттілігі тарихындағы өзекті мәселелерді әрі қарай зерделеу мақсатында тарихшылардың басын қосамыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды жұмыс екенін ерекше атап өткен болатын», дейді музей-қорықтың директоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұхтар.
Ұлт тарихында Қасым хан Жәнібекұлының орны ерекше. Ол ХVІ ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақ хандығының іргесін бекіткен, көрші елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан, қазақ мемлекетін шет елдерге мойындатқан тарихи қайраткер. Атақты хан Қасым 1445 жылы дүниеге келіп, 1521 жылы Сарайшықта қайтыс болды. Қасым жеңімпаз қолбасшы, үлкен ұлыстың беделді сұлтаны, кейіннен қазақ ханы, ел арасында «Қасым ханның қасқа жолы» аталып кеткен заңдар жинағын дүниеге әкелген реформатор билеуші. Қасым Жәнібекұлы Қазақ хандығын билеген кезеңде, Жошы Ұлысының, кейіннен Ноғай ордасының астанасы болған Сарайшық қаласы Қазақ хандығының астанасына айналды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған бұл мерейлі дата отандық тарихнамаға жаңа деректер қосып, мемлекеттіктің іргетасын бекіте түсері анық.
Конференцияға тарихшылар, археологтар, этнологтар, этноархеологтар, өлкетанушылар, географтар, филологтар, тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мамандар шақырылған.