Бұл күнде бір ғана тәулікте Алматыда індетке шалдыққандар саны 1 500-ден асып жығылып жатқаны белгілі. Ендігі жерде коронавирустың «Дельта» штамы көбіне екпе салдырып үлгермеген жастарға, тіпті емізулі балаларға жұғып жатқаны тосын жаңалық емес. Вирус жұқтырғандардың 37%-ы 20-40 жас аралығындағылар екенін Алматы қалалық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасы мәлімдеді.
Коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандарда аурудың симптомдары өзгерген. Науқастардың иіс, дәм сезбеуге деген шағымдары азайып, аурудың басқа залалдарын байқағандар көбейді. Коронавирус жұқтырғандар арасында асқазан-ішек кеселдері асқынған.
«Соңғы екі аптадағы жас құрылымын талдау жасөспірімдер арасында КВИ таралуының үлесі 0,7%-ға, ал 40-59 жастағы азаматтар арасында 0,8%-ға өскенін көрсетті. Негізінен, коронавирус жұқтыру 20-40 жас аралығындағы жастардың – 37%, 40-59 жастағы азаматтардың – 25%, 60 жастан асқан адамдардың – 19% және 14 жасқа дейінгі балалардың 13% үлесінде кездеседі», дейді Санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Індет ошақтары немесе қала маңына қыдырулар кезінде инфекциялардың өсуі – 2%, демалыс саябақтары мен жаяу жүргіншілер көшелерінде – 1%, банктерде, пошта бөлімшелері мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында – 0,9%, дәріханаларда – 0,9%, отбасылық шараларға қатысқанда – 0,7%, қоғамдық тамақтану орындарында – мейрамханалар, кафелер мен түнгі клубтарда 0,2%-ға көбейді.
Алматыда тек шілде айында жұқтырғандар саны 25 500-ден асса, жыл басынан бері індетке шалдыққандар 82 мыңға жетті.
Айтуға қиын болса да, қала эпидемиологтері тамыз айында КВИ инфекциясын 34,5 мың, ал қыркүйекте 4,5 мыңдай адам жұқтырады деген болжам айтып отыр. Бір апта ішінде Алматыда КВИ ауруын тіркеу 1,5 есеге өсті – 6 397-ден 9 852 жағдайға дейін, күнделікті өсім 1,7%-ды құрады. Өткен аптаға қарағанда симптомды науқастар үлесі 90%-дан 92%-ға өсті.
«Бүгін біз жастар арасында дерттің асқынғанын және аса ауыр жағдайларды тіркеп отырмыз. Бұл вирустың жаңа, жұқпалы штамдарына байланысты. Инфекция тез таралады және жиі ауыр асқынуға әкеледі. Оның таралуын тоқтатудың, тұрғындардың денсаулығы мен өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы – коронавирусқа қарсы вакциналау», дейді СЭДБ өкілі.
Мегаполистің осындай жағдайға душар болуына той-томалағын доғармай отырған тұрғындардың өздері де себепші, кәсіпкерлердің де «үлесі» бар. Мәселен, Алматыда Ashyq «көшбасшылары» мен «аутсайдерлерінің» жаңа тізімін жариялауға мәжбүр.
Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, бизнес қауымдастығы індетті ауыздықтау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланады десек те, кейбір кәсіпкерлер келушілерді сканерлеуде жауапсыздық танытады. Қазірдің өзінде 900-ден аса аутсайдер бар.
Дегенмен Ashyq-пен жұмыс істегісі келетіндердің саны күн сайын артып отыр. Егер маусымның басында 1 700 қатысушы болса, бүгінде олардың саны 6 419-ға жеткен. Айтуар Қошмамбетов Алматыда жеке кәсіпкерлердің 37 пайыздан астамы жобаға қосылғанын айтты. Әдетте, қоғамдық тамақтану мен қонақүйлердің иелері барынша белсенділік танытуда. Бұл ретте жобаға ең көп қатысушыны тіркеген қызметтің ТОП-5 түрі анықталды. Бұл – 22 242 қоғамдық тамақтану объектісі, 1 117 базар, СОО, сауда орталықтары, 835 сұлулық салоны, шаштараз, 491 балаларды сауықтыру орталығы және йога орталықтарын қосқанда 426 фитнес-клуб.
«Биылғы 30 шілдеде біз әкімдіктің сайтындағы тізімдерді жаңарттық, онда жауапсыз қатысушылар да, жоба көшбасшылары да көрсетілген. Ashyq жобасында барлығы 152 көшбасшы бар. Біз барлық ақпаратты апта сайын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен аламыз. Егер жобаға қатысушылар өз міндеттемелерін орындамаса, олар шығарылады және преференциялармен жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады. Екі аптаның нәтижесі бойынша Алматыдан 61 қатысушы жобадан шығарылды», деді А.Қошмамбетов.
Эпидемиологтердің мәліметі бойынша, Алматыда Ashyq сканерлеуінің арқасында өзін өзі оқшаулау режімін бұзған 170 адам анықталды. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
АЛМАТЫ