Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі агроөнеркәсіптік блоктың еншілес компанияларын қайта ұйымдастыру жұмыстарын жалғастыруда. Бұл ретте қолға алынған жұмыстар шаруалар үшін қаржыландыруға деген қолжетімділікті қиындатпауы тиіс. Холдингтің осы бағытта жүргізіп отырған жұмысы туралы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры Мұрат Дәрібаевтан сұрап білген едік.
– Мұрат Аманкелдіұлы, осы жылдың наурыз айында «ҚазАгро» холдингі «Бәйтерекке» қосылды. Сөйтіп, «Бәйтеректің» компаниялар тобы тағы үш қаржы институтымен толықты: «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» және «ҚазАгроҚаржы». Бұлардың бәрі ауыл шаруашылығы саласында өзіндік орны бар іргелі даму институттары екенін білеміз. «Бәйтеректің» аталған компанияларға қатысты алдағы жоспары қандай?
– Мемлекет басшысы «Бәйтерек» холдингінің алдына еншілес компаниялардың санын екі есе қысқарту міндетін қойғаны белгілі. Аграрлық секторда жұмыс істейтін компанияларға, яғни шағын бизнеске микрокредит беруді жүзеге асыратын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорын» «Аграрлық несие корпорациясына» қосу жоспарлануда. Ол өз кезегінде саладағы орта және ірі жобаларды, сондай-ақ егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға бағытталмақ.
Осылайша, «Аграрлық несие корпорациясы» бірыңғай салалық кредит беруші ұйым атанады. Сонда фермерлер де «несие алу үшін қайда жүгіну керек?» деген сұрақпен бас қатырмайды. Әйтпесе, осыған дейін олар несие корпорациясына немесе қаржылай қолдау қорына жүгінерін білмей, сенделіп келген еді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын лизингке беретін республикадағы ең ірі компания – «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы «Бәйтерек» холдингінен «Аграрлық несие корпорациясына» еншілес компания ретінде беріледі.
Банктер тарапынан агроөнеркәсіп субъектілеріне берілетін кредиттерге кепілдік беру жөніндегі қызмет «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» тиесілі еді. Енді бұл қызмет «Бәйтеректің» тағы бір еншілес компаниясы – кәсіпкерлік субъектілері үшін банк несиелеріне кепілдік беретін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына беріледі.
– Бұл жағдай ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру кезінде көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігіне кері әсер етпей ме?
– Өздеріңіз білетіндей, бұрынғы «ҚазАгро» холдингінің үш еншілес компаниясы агроөнеркәсіп субъектілерін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын қолжетімді несиелеуде, лизингпен қамтамасыз етуде басты рөл атқарды. Сондықтан компанияларды қайта құру процестері қаржыландыруға деген қолжетімділікті қиындатпауы керек. Біздің мақсат – сабақтастықты сақтау. Түптеп келгенде өзгерістер компания клиенттерінің қызметіне әсер етпеуі тиіс.
Біріншіден, еншілес ұйымдарды қайта ұйымдастыру кезінде қаржыландырудың қолданыстағы шарттарын қайта қараудың қажеті жоқ. Десе де «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» «Аграрлық несие корпорациясына» қосылғаннан кейін кредит таңдау кезінде фермерге бағдарлауды жеңілдету үшін несие бағдарламалары кеңейтілуі мүмкін. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сыйақы мөлшерлемесі, кредит беру мерзімі, жеңілдікті кезең секілді басқа да негізгі шарттар өзгеріссіз қалатынын бөле-жара атап өткім келеді.
Екіншіден, қосылу кезінде қаржы қызметтерін көрсететін негізгі бизнес-процеске тартылған «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» іс басындағы өндірістік персоналы «Аграрлық несие корпорациясына» ауыстырылады. Олардың бәрі – тәжірибелі кадрлар. Олар фермерлерге қызмет көрсетудің ерекшеліктерін жақсы біледі. Сондықтан мұндай мамандардан айырылып қалуға болмайды.
Сондай-ақ бұл жағдай компанияларды біріктіру сәтінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» несие беру үшін келіп түскен өтінімдерді қарауға қатысты туындауы мүмкін-ау деген кідірістердің алдын алмақ.
Үшіншіден, бізде компанияларды қайта ұйымдастыру бойынша нақты әрі дәйекті іс-шаралар жоспары мен мерзімі бекітілген жол карталары бар. «Бәйтерек» холдингі қайта ұйымдастырудың барлық процесін тұрақты бақылауда ұстайды және жалпы үйлестіруді жүзеге асырады.
– Компанияларды қайта ұйымдастыру толықтай қашан аяқталмақ?
– Қайта ұйымдастыруға қатысты мәселелердің барлығы бірдей «Бәйтерек» холдингінің құзыретіне жатпайтынын атап өту маңызды. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктерінің жекелеген бұйрықтарына және бірқатар заңға өзгерістер енгізу талап етіледі.
Компанияларды қайта ұйымдастырудың негізгі процестерін осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Нормативтік-құқықтық актілерді уақтылы түзету кезінде қызметкерлерді ауыстыру және несие қоржынын аудару да осы мерзімде аяқталуға тиіс.
– Сұрақтарға тұщымды жауап бергеніңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»