Ертіс өзенінің «Жылы жағажай» жеке меншік жағажайында ер адам суға батып кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 тамыз күні қоғамдық құтқарушы Сергей Ермаков жағажай аумағынан тыс жерде ер адам суға батып кеткенін көрген.
- Сол күні оқиға орнына кезекші шықты. Іздеу жұмыстарының бірінші күні өзен түбі 2000 метр төмен ағыспен, жағадан 50 метр қашықтықта, тереңдігі 3-тен 10 м-ге дейін зерттелді. Бұдан басқа, эхолоты бар жеке меншік қайық жұмылдырылды. Алайда іздеу нәтиже бермеді. Өзеннің түбінде көптеген су басқан шөгінділер бар. 4 тамызда жүргізілген іздеу шаралары нәтижесіз аяқталды, - дейді департаментте.
Келесі күні сағат 15.47-де Павлодар облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел-құтқару жасағының сүңгуірлерімен іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде автожол көпірі маңынан 1962 жылы туған ер адамның денесі табылып, судан шығарылды.Ер адамның туыстары ажал құшқан адамды таныды.