Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа кезеңде Орталық Азияда тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақ елдері бірлесіп әрекет етуі тиіс деп санайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуінде айтты, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, елдер арасындағы тауар айналымын арттыру, оның құрылымын жақсарту және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейту бойынша жұмысты жандандыру қажет. Қазақстан Орталық Азия елдеріне экспорттық тасымалды 1 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайта алады.
«Мұндай қор аймақтың басқа да елдерінде бар екеніне сенімдімін. Орталық Азияның көлік дәліздеріне интеграцияланған тауар өткізудің бірыңғай желісін құруда күш жұмылдыруды ұсынамыз. Бұл көтерме-бөлу және агрологистикалық орталықтардан тұратын жаңа инфрақұрылым тауарларымызды Еуразия экономикалық одақтың, ТМД және үшінші мемлекеттердің нарығына шығаруға мүмкіндік береді. Маусымаралық кезеңде өз нарығымызды да ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге жағдай жасайды», деді Президент.
Мемлекет басшысы табысты серіктестіктің үлгісі ретінде Қазақстан мен Өзбекстанның ортақ шекарасында құрылған «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев президенттерді аймақтық экономиканың стратегиялық маңызды салаларына инвестиция тарту үшін күш-жігерді біріктіруге шақырды.