Біздің көбіміз әлі де мойындай қоймаған, қауіп-қатерін толық сезінбеген коронавирус індеті күн сайын қаншама адамның жанын қысып азапқа салып, өмірін жалмап жатыр.
Қазір күшіне қайта мініп тұрған бұл бәлекеттің тигізіп жатқан зардабы еселенуде. Ауырғандар саны артқан сайын қаралы хабарлар да жиілеп барады. Елімізде күніне жүзден аса адамнан көз жазып қалып жатырмыз. Өкінішке қарай, қоғамда осыншама қайғылы жағдайлар орын алып жатса да, сақтық шараларына, вакцина салдыруға селқос қарайтындардың қатары азаяр емес.
Денсаулық сақтау министрлігі 6 тамыздағы мәлімет бойынша тіркелген қайғылы жағдайлар санын жариялады. Елімізде коронавирустың кесірінен 122 адам қайтыс болды. Пациент өлімі елордада көп тіркелген. Нұр-Сұлтан қаласында 20 адам қайтыс болса, Алматыда 19, Шымкентте 18 науқас көз жұмған. Жалпы, індет келгелі бүгінге дейін Қазақстанда 6 764 адам қайтыс болды.
Ал кешегі дерек бойынша елімізде өткен тәулікте 7 802 адамның коронавирус індетіне шалдыққаны ПТР арқылы расталды. Бүгінде 111 239 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Олардың ішінде 30 633 пациент стационарда, 80 606 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Ауырып жатқан адамдардың арасында 1 918 адамның жағдайы ауыр, 405 пациенттің жағдайы өте ауыр, 196 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.
Қазір еліміздің қай тұсында болсын, жағдай оңып тұрғаны шамалы. 8 тамыздағы эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша Қазақстанның өңірлері түгелге жуық «қызыл аймақта» тұр. Тек Түркістан облысы – «жасыл аймақта». Бұл ретте қалған өңірлердің де «жасыл аймақ» қатарына қосылуы үшін барлық шара жасалып-ақ жатыр. Бірақ түсі сұйылудың орнына одан сайын қоюланып кеткен «қызыл аймақтар» бар. Бүгінде осындай қауіпті тәуекел аймағында төрт өңір тұр: Алматы, Шымкент қалалары, Атырау және Қарағанды облыстары. Бұл өңірлерде төсектік орындардың апталық қамтылу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 200 және одан да жоғары болып отыр.
Расында, қазір ауруы асқынып, төсекке таңылып жатқан науқастар көп. Сондықтан инфекциялық стационарлардың көбі науқастарға толық. Өткен аптадағы дерек бойынша елімізде 52 803 инфекциялық төсектік орын ашылған, оның 56%-ы бос болмай тұр. Шілдемен салыстырғанда коронавируспен ауырғандарды емдеуге тартылған медициналық ұйымдар саны 326-дан 339-ға дейін артып, жалпы төсектік орын саны 10 мыңға дейін ұлғайды. Ал инфекциялық стационарлардағы реанимациялық төсектік орындар саны – 4 795, оның бүгінде 46%-ы бос емес. Стационарлардағы жүктемені бағалау матрицасына сәйкес, төсектік орындармен қамтудың ең көп пайызы – Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында, Қызылорда және Қостанай облыстарында. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында, Маңғыстау және Атырау облыстарында реанимациялық төсектік орындарда жатқандар көп. Эпидемиялық жағдай одан сайын ушыққан жағдайда КВИ-ден емдеу үшін қосымша 12 мың инфекциялық төсектік орын, жоспарлы медициналық көмекті тоқтатпай 5 500реанимациялық төсектік орын орналастыруға дайындық бар.
Індет салған осынау қиын күндерден құтқаратын бірден-бір амал жаппай вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру екені түсінікті. 8 тамыздағы мәлімет бойынша Қазақстанда бірінші компо-нентпен 5 727 414 адам, екінші компонентпен 4 356 279 адам вакцина салдырды. Дәл қазіргі жағдайда қоғамның саулығын, бүтіндігін сақтауға халықтың көптеп вакцина салдыруы ғана кепіл бола алады. Індеттің залал-зардабының қаншалықты ауыр екенін күн сайын көзімен көріп-біліп, сезініп жүрген дәрігерлер тынысы тарылып төсек тартып жатқандардың 100 пайызға жуығы вакцина салдырмағандар екенін зар қақсап айтып жатыр. Түсіне білгенге, жоғарыда келтіргендей, індеттен күніне жүзден аса адамның қайтыс болуы онсыз да халқы көп емес елімізге ауыр соққы екені анық. Сондықтан жанталасып жүргізіліп жатқан індетпен күрес іс-шараларына қарсы болып, кері тартып, кежірлік көрсетудің қажеті жоқ.