• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Шілде, 2018

Иіні ірі йога

175 рет
көрсетілді

Жер үйдегі көршіммен өте сирек кездесіп қауқылдасатынымыз бар. Өзі дөй жерде, үкі­метте қызмет істейді. Көп көріне де бер­мейді. Ал кейде ауласында шашлық пісіріп шала бүлін­генінде ымдап мені де шақырып алады.

Бірде пісіргенінен ауыз тиіп отырып: «Жаңа үкімет басшысы қалай екен?» деп қалдым.

– Пәлекет футбол десе ішкен асын жерге қояды екен. Өзі де мығым, қолы қалт етсе болды футбол алаңынан табылады. Ақ тер, көк тер діңкелегенше доп тебуден жалық­пайды... «Бастығың соқыр болса бір көзіңді қы­сып отыр» деген, бізде ала доп қуып алашапқын болудамыз, – деді.

Содан ауласында ала доп көбейіп, шағын қақпа да пайда болып, өзі де нағыз футболшының формасын киіп алып күнде таңертең арсалаңдап тарғыл допты тебеді де жатады.

Бірде үкімет басшысы ауысқан күннің ертесінде көршім доп тебуін күрт қойып дамыл тапты.

Көп өтпей көршімнің ауласы астан-кес­тең болды да қалды. Баяғы доп қақпасы сы­пырылып, ол алаң тақтайдай тегістеліп, екі-үш күннің көлемінде мұнда теннистің ала­ңы орнап шыға келді... Сөйтсек жаңа та­ғайын­далған басшысының кіндігі тенниспен бірге жаратылған екен... Бұрынғы бұрынғы ма, бұл басшысы күніне екі мәрте шұғыл жинап шар ұрғылап шиыршық атқызбаса ішкені бойына тарамайтын көрінеді.

Көршім көбіне мені ымдап шақырып, мені қарсыласы етіп құйын-перін жаттығады. «Басекеңмен өстіп жақындасамыз. Тәуір ойын­шының қызметте де беделі өседі» деп іш пиғылын айтып та салды.

Көршіммен бір мезгіл теннис ойнап менде әжептеуір болып қалып едім, бір күнде бұл ермегіміз сап тыйылды. Сөйтсем, уақыты келіп үкімет басшысы ауысатын болыпты...

Ауыс-түйіс қыс мезгілінде болған. Көп өт­пей көршім аяғына шаңғы байлап шытынап шыға келді... Сөйтсек, жаңа басшы шаңғының шабандозы екен.

Көршім:

– Пәлекетті аяғыма бала кезде аздап бай­лаған едім, басқа түссе баспақшыл, қайта кию­ге, ертелі кеш үйренуге тура келді, – деп кейігені бар.

Не керек, балалары сүйемелдеп, атпен сүй­ретіп жүріп көршім көп өтпей-ақ қатарға қосылып ызғытып бара жатады.

Біздер Премьер-министр ауыстырудан әлем­де алдыңғы орында емеспіз бе, жаз са­лым көршім: «Көмегіңіз керек болып тұр» деп күмілжиді. Білсем – жаңа басшысы бұ­рын­ғылардың «бұралқы қылығынан» ма­құрым, бұның «ермегі» – мақала жазып майын тамызу екен. Көршімнің күмілжуін құп алып, мамандығымның бір қажетіне жа­рағанын місе тұтып, айда кеп көршіме мақала жазудың қыр-сырын үйретейін кеп... Не керек, бекер адам үкі­метте істемейді, бір-екі мақаласын бастап та, қырлап-жонып та беріп жүріп көршімнен тәп-тәуір журналист шығарып алдым.

Бұрынғысы бар, бұнысы бар, көршімнің бағы жанып қызметінде әжептеуір жоға­ры­лау болды.

Тұрақсыз дүние, көршімнің келмей кет­кенінен үкіметтің тағы да тайғанақтап кет­кенін елден бұрын сездім.

Көршімнен хабар-ошар болмай тым-тырыс болып қарасы да көрінбей кеткен соң ауласына аяқ басып үйіне кірсем, көршім аяқ-басы таңулы төсекте жатыр...

Мені ымдап қасына отырғызып, әйтеуір тілге бар екен, мен сұрамай-ақ болған жағдаятты баяндай жөнелді...

Сөйтсем, біздегі үкіметке кімдер келіп, кім­дер кетпеген, жаңа басшысы әпербақан «өнер» иесі болып, естімеген елде көп, ол йога­ның шебері болып шығыпты. Сөйтіп, бұ­ларға да иіліп-бүгілу, аяғыңды мойныңа асу, ба­сың­ды башпайыңа жеткізу «өнері» бұйырыпты.

«Бұйрықты» бұлжытпай орындаймын деп, болмаса да ұқсап бағамын деп барын сала бүгіліп-иілемін деп көршімнің белі қиралаң кетіп тоңқалаң асыпты...

Артының қайырын берсін деп, не көр­ме­ген­ бас, жетпегені йога еді, мүмкін алдыда «өнері» бұ­данда өтіп кетер «кереметтер» күтіп тұрған шығар деп ойлап, өз басым – көр­шім­нің келесі үкімет ауысқанша жата тұ­рып, құ­лан-таза сауыққан мезгілінде қыз­­метіне қайта шығуын тілеп жүріп жатырмын...

Берік САДЫР

Нұр-Сұлтан