Солтүстік Қазақстан облысында патрульді полиция батальонының экипажы ауыл тұрғынын, 80 жастағы әйелді түтінге оранған үйден алып шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 7 тамызда сағата 5.00 шамасында болған.
Айыртау ауданында кезекшілікте жүрген патрульді полиция батальонының инспекторларына аудан орталығы Саумалкөлдегі Лермонтов көшесінде бір тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түседі.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция лейтенанттары Азамат Бүкүев пен Нұрсұлтан Оспанов жеке тұрғын үйдің жабық ауласының көк түтінге оранып, жалындап жатқанын көреді.
Азамат үш газ баллонын шығарып, үйге кіріп кеткен әріптесіне көмекке ұмтылады.
«Көк түтін үйге де кіріп үлгеріпті. Үй иесі – зейнеткер әйел түтінге тұншығып, өздігінен шыға алмай жатыр екен. Екі жақтап сүйемелдеп, далаға алып шықтық. Өтініші бойынша дәрілерін де алуды ұмытпадық. Көлікке отырғызып, үйдің бөлмелерін тағы бір қарап шықтық. Осы кезде көршілері де кеп үлгерді. Бәріміз бірге шелекпен өртті сөндіруге кірістік», дейді Азамат Бүкүев.
Көп ұзамай өрт сөндірушілер де жетіп, өртті толық сөндірді.
Ал полиция қызметкерлері болса кейуананы баласының үйіне аман-есен жеткізді. Екінші күні зейнеткердің ағасы Александр Маймескулов Көкшетаудан келіп, апасын құтқарып қалған полиция қызметкерлеріне алғысын жаудырды. Азамат Бүкүев пен Нұрсұлтан Оспанов бұл әрекеттерін ерлікке жатқызбайды, айтуларынша, олар халыққа көмектесуге міндетті, қызметтері сондай. Әрі өртті өршітпей тез арада сөндіруге Саумалкөлдің басқа тұрғындары да көмектескен.