• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 15 Тамыз, 2021

Ақындықтың асыл мұраты

985 рет
көрсетілді

Таңғы намазымды оқи салысымен Атыраудан шығып Мұрат Мөңкеұлының сүйегі жатқан Индерге бет алғанымызда арманның желін қуған жастық шағымдағы оқиғалар ойыма орала берді. Құдайға шүкір, осыдан отыз жыл бұрын жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбектің аузынан есімін кездейсоқ жағ­дайда құлағым шалып қалған күрескер ақын қазір ұлт мақтанышына айналды.

Көңілім алып-ұшып аруақты атаның басына тағзым етуге бара жатқаныма балаша қуанып, жүрегім дүрсілдеп кетті. Күн суыта бастағанына қарамастан, көліктің терезесін ашып тас­тап, жыр жампозын дүниеге әкелген дала самалына бетімді тосып, керім ауасын рахаттанып жұтып қоямын. Арқамнан ауыр жүк түскендей еңсем тіктеліп, тұла бойымды еркіндіктің құдіреті билеп, ойым желмен жарысып, қиялым қияға самғап, ақын жырларын есіме түсіріп, рухымен сырласқандай көңіл-күйді басымнан ке­шіп келемін.

Ақселеу ағам әңгіме барысында ауызша айта салғанымен, арнайы қаулымен өлеңдері оқулықтардың бәрінен сыпырылып тасталған Мұрат шығармашылығын зерттеу де, ол жөнінде аузыңды ашу да өте қиын іс болып шықты. Ақынның артында қалған құнды қазынасын түгендеп үлкен еңбек жазып, оның жақсы атын насихаттап дәріптеуге көп еңбек сіңірген филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлының «Мұрат Мөңкеұлы» монографиясында жыр сү­лейі­нің өмірі мен шығармаларына назар аудар­ған ғалымдардың қалай қудаланғаны да айтылыпты.

Совет билігі Мұрат тақырыбына жа­қындап кеткен талап­керлердің соңы­нан шам алып түсіп, қудалап, аяусыз жа­залады. Ақын мұрасына ықылас та­ныт­­қандардың бірі Әлішер Тоқ­мағам­бетовтің ізденісіне тұсау салынды. Басқа мұраттанушылардың да жағдайы мүшкіл болды. Бауыржан Омарұлы бас­пасөзде жарық көрген бір мақаласында Абай атындағы Алматы мемлекеттік уни­вер­ситетінің профессоры, жазушы Нығмет Ғабдуллиннің аузынан естіген мынандай бір жантүршігерлік оқиғаны тілге тиек етіпті. «Елуінші жылдарда әй­гілі әдебиетші Қажым Жұмалиевті бір күнде ұстап әкетті. Бізді, филология фа­культетінің студенттерін сабақтан босатып, топырлатып, сотқа алып барды. Тер­геуші Қажекеңнен бәріміздің көзімізше жауап алды. Сол кездегі баршаға танымал қаламгерлердің біразы сот залына куәгер болып келді. «Қажым Жұмалиевтың Мұрат Мөңкеұлының қоғам үшін зиянды өлеңдерін елдің көзінше оқығаны рас па?» деген сұраққа олардың бірі: «Оқыды» деп жауап берді. Екіншісі: «Мен мас бо­лып ұйықтап қалыппын, білмедім», деп тайқып кетті. Тек партизан жазушы Жұ­мағали Саин ғана: «Ол оқыған жоқ», деп қасарысып тұрып алды. Көп ұзамай Қа­жым аға 25 жылды арқалап кете барды. Біз соны көрдік, қарағым…».

Әрине, мұндай сұмдық жазалаулардан соң Мұрат шығармаларының жоқ­тау­шысы болып, ер-тұрманын түген­деуге кімдердің дәті шыдап, батылы ж­ете қояр дейсің. Бірақ қызыл импе­рия­ның қабағынан қар жауған қаһарынан қай­мықпай ұлы ақынымыздың «әр сөзінің тасасында асылы» (Жұмекен) жат­қан мұрасын зерттеуге тәуекел етіп, жабық тақырыптың сандығын ашып, ұл­тымыздың қалғып кеткен рухын оятудан қорықпағандардың әдебиет тарихында болғаны шындық. Мұратбек Бөжеев филология ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін жазған диссертациясының бүтін бір тарауын Мұрат Мөңкеұлына арнапты. Ысқақ Дүйсенбаев «Ғасырлар сыры» атты монографиясына «Мұрат Мөң­кеұлы» деген бөлім енгізді. Ал Мұхтар Ма­ғауиннің 1978 жылы Мұраттың «Үш қиян» толғауының аудармасын Ленинград қаласынан шыққан «Поэты Казахстана» атты антологияға енгізіп жібергені үлкен ерлік болды.

Жылымықтың жылы лебі ескен алпысыншы жылдарға дейін де Мұраттың ерлік пен елдікті жырлаған туындылары мүйізі қарағайдай ғалымдарымыздың назарынан тыс қалған жоқ. Жыр сүлейінің алғашқы зерттеушісі – Алаштың ардақты перзенті Халел Досмұхамедұлы болды. Аяулы ағамыздың 1924 жылы Ташкент қа­ласынан «Мұрат ақынның сөздері» атты кітапты бас­тырып шығарғанын көп жұрт біле бермеуі де мүмкін. Кітапты шы­ғарып қана қоймай, алғысөзін де жазып, ақиық ақынымыздың туынды­ларында ұшырасатын кісі есімдері мен жер-су аттарына түсініктеме беріп, мұрат­танудың іргетасын қалап кеткен де – Халел Досмұхамедұлы екенін ұмытуға болмайды. Қауіпті тақырыпқа көзін салған басқа ғалымдар да бар. Бұл туралы мағлұматтар мен деректердің бәрі Баукеңнің (Омарұлы) докторлық диссертациясында егжей-тегжейлі баяндалған. Дей тұрсақ та ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Зар заман ақындары» мақаласындағы Мұраттың ақындығына берген баға­сын­­дағы амалының жоқтығынан жұм­бақтап жеткізген тұстарына назар ауда­ру­дың мәнісі зор. «Мұрат зар заман ақын­дарының ішінде патша саясатының бір тарауына көп көңіл бөлген ақын. Ол тарауы қазақтың жері алынуы болатын. Сондықтан бұл ақын көп жырында қоныс пен өрістің жоқшысы болады. Жер тарылып, заң бұзылып, ел сасқан соң, бұрынғы ұйтқысы бұзылмаған ру тіршілігі көркінен айырылып, құбылып, қуарып бара жатқан сияқтанады. Бұзылған заман мұның да өлең сөзінің бар күшін әлеумет қамына жұмсатады. Мұрат зар заман ішін­дегі ірі ақынның бірі. Мұның сөз үлгісі баяғының толғауы сияқтанып, қарсыға шапқан жүй­ріктей көсіліп, құлашын керіп келеді...

Қазақтың атақонысы, мекені алына бастағаны, бүгіннен емес, көптен бас­тал­ған. Сондықтан бұл зорлықтың тарихын шолып өтеді.

Ел өмірін осындай ескіден келе жатқан дерт кернеген соң, заман бұзылмасқа шара жоқ. Бұған да заман өзгеріп, «қырсық шалғандай» болып көрінеді. Бұ да азған заманның белгісін айтып келіп, заман неден бұзылғанына шешу айтады...

Қайғы мен үмітсіздік жеңген ақын алдыңғы заманнан да шошиды, алдыңғы заман ел сұрқын бүгінгіден де жаман бұ­затын сияқты. Көмескі келешек тағы да талай бұзық белгіні сездіріп тұрған сияқты. Өмір ұйтқысының бұзылуы ақын заманындағы жамандықпен тоқтамайды. Жақында тағы қауіп бар. Ол қауіп:

Ұстай ма деп білегін,

Нығая ма деп жүрегін,

Кейінгі туған баланың

Шашын, мұртын қойдырып,

Ащы суға тойдырып,

Бұза ма деп реңін,

Адыра қалғыр заманның

Жаратпаймын сүреңін.

Бұл сөзде жақындап келе жатқан заман­ның ақынды күпті қылған жұмбағы бар. Ол жұмбақ патша үкіметінің қазақ елін орыс қылмақ саясаты. Мұрат сол ниет­тің шетін сезген. Өз заманындағы көп белгіден топшылап, сол күн бола ма деп қайғы шеккен...».

Ұлтымыздың ұлы мұрасын түгендеп, санатқа қосу үшін зар илеп, жапа шеккен аруағыңнан айналайын ұлы Мұхам-ай! Даналықтың дариясындай болған ардақты абызым, қиядағыны шалып, алыстағыны көретін кемеңгерім! Халқымыздың баға жетпес байлығы – рухани қазынасын аман алып қалу үшін мойныңа аманат жүктеп, сені қазақтың ортасына Құдайдың өзі жіберген шығар, бәлкім. Сенің зар заман ақындарына арнап жазылған ма­қа­лаң­дағы жұмбақтап жеткізген сөз­дерің­нің астарына үңіліп, орыстың қанды шең­­гелінен құтылмайынша еш уақытта да ұл­­тымыздың бағы ашылмайтынына, қай­­­наған сорының бұрынғыдан да бетер қайнай беретініне көзім жете түскендей болады.

Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,

Сарытау, Аштраханның жерін де алды.

Артынан Еділден соң Нарынды алды,

Тоғайдың ағаш, қамы, талын да алды.

Ел үшін, жер үшін қасірет шегіп, қан жұтқан алтын бабам! Орыс сенің жеріңді тартып алғанымен, намысыңды таптап, рухыңды өлтіре алмап еді.

* * *

Ниет етіп Мұрат Мөңкеұлының басына зиярат етуге бара жатқанымда өткен күндердің елесі сағымдай мұнарланып, көңілімді алаңдата бергенін қарасайшы. Әкем ойыма оралғанда, бұрын да қа­перімде болғанымен, аса мән бермеген бір жаңалығымның шындығына терең бойлап, заманы басқа уақытта өмір сүрген ақындардың туындыларын жол бойы салыс­тырып, ұлт-азаттық күресінің еш уақытта да тоқтамай, ақын жырлары арқылы өрмегі үзілмей жал­ғасып бүгінгі күнге жет­кеніне қай­ран қалдым. Поэзияның құді­ретін қара­сай­шы, Махамбет пен Мұ­рат­тардың отар­шылдыққа қарсы үн­деген жан айқайы қылышынан қан тамған Совет заманында да саябырсымай, ұлт ақындары шы­ғармаларының астарында жасырынған көркем шындық арқылы халық жүрегіне жетіп жатыпты.

Қазақ әдебиеттану ғылымына зар заман ақындары терминін алғаш Мұхтар Әуезов енгізді. Зар заман — XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін суреттеген бір өлеңінің аты. Шор­­­тан­байдың өлеңі ілгергі, соңғы ірі ақын­­дардың барлық күй, сарынын бір ара­ға тұ­тастырғандай жиынды өлең бол­ған­дықтан, ұлы жазушы бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың бәріне «зар заман» ақындары деген ат қойды.

Әдебиетімізде содан бері Алаштың рухы балталанып, жігері жаншылып, құл­дықтың қамыты киілген кезеңде, қара қазан, сары бала қамы үшін алаңдап, жырларының нәтімен елдіктің намысын қайраған Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан т.б. «зар заман ақын­дары» ретінде атау әдебі қалыптасты. Ұлы суреткеріміз бұл кезеңді Абылай хан дәуірінен Абай заманына дейінгі созылған жүз жылға ұластырып, Нарманбетпен тә­мамдайды. Әрине, кезең-кезеңмен қа­рас­­тырғанда әр дәуірдің кескін-кел­бетін анығырақ тануға жеңілірек болу үшін «зар заман ақындары» терминінің атқарып тұрған қызметі ерен екенін мойын­дамасқа амал кем. Алайда ақынды ұлттық көзқарасы, азаматтық ұстанымы тұр­ғысынан бағалағанда мұндай жіктеудің кә­сіби мамандарды емес, қарапайым оқыр­­мандарды адастыратын тұстары бар­шылық.

Ғалымдардың миын ашыту емес, жалпақ жұртқа түсінікті болу үшін өз басым шартты түрде ақындарымызды үш топқа бөлер едім. Біріншісі – тұрмыстық ақындар. Тамылжыған табиғатты, мөлдір махабатты, түрлі-түрлі тіршіліктің түйіт­кілдерін жырлайтын тұрмыстық ақын­дардың әдебиеттегі алатын орнын жоққа шығара алмаймыз. Қайнаған өмірдің ортасында шығармашылықтың балын жалап жүріп олар адам бойындағы ізгілікті сезімдерді оятып, тәтті жырларымен жа­­нымызды кейде жадыратып, кейде мұңға бөлейді. Әйткенмен, кестелі тілі, көрікті ойы бар, сыршыл сезімі жү­рек­­тің нәзік қылын шертетін мұндай ақындар ұлт тағдырына көп араласпайды. Дінінен айырылып, тілін жоғалта жаздап, қиямет-қайымды басынан кешіп жатса да тұрмыстық ақындар ұлт үшін жанын шүберекке түйіп, ағысқа қарсы жүзуге тәуекел етпейді.

Көп болмаса да, әдебиетімізде үркер­дің шоғырындай ғана ақындардың тағы бір тобы бар. Олар – ұлт ақындары. Азат­тығынан айырылып биліктің қолдан жібек матадай сусып шығып кетуі, орыс отаршылдарының тізесін батырып, же­рімізді зорлық-зомбылықпен тартып алуы, елдік қасиетті жоғалтып халықтың азғындалуы, ана тілімізге төнген қауіп, жерасты, жерүсті байлығымыздың талан-таражға түсіп тоналып, ұстағанның қо­лында, тістегеннің аузында кетуі т.б. толып жатқан әлеуметтік әділетсіздік мә­селелері – ұлт ақындары поэзиясының өзегі болып, күретамырына айналады. Билікке майдай жағатын жылы сөз­де­рімен ұлықтардың көзіне түсіп, шенді-шекпенділердің құрметіне бөлен­бесе де ұлт ақындары поэзиясының мем­лекетшілдік сананы қалыптастырып, елдік мақсат-мұратымызды айқындап, отан­шылдық сезімді бойымызға сыналап сіңірудегі атқаратын қызметі өлшеу­сіз зор. Басқаша сөзбен тәпсірлесек, олар­­дың бәрі рухымызды ояту арқылы бізді отаршылдық сананың құлы болып, орыс тілді билікке тапталып кетуден сақ­тандыратын – халқымыздың ұлт­тық имунитеті. Ел басына қауіп-қатер төн­генде ұлт ақындары суырылып алға шығып, дауыс көтеріп дабыл қағады.

Құндылықтар өзгеріп, санамыз дағ­дарып, діліміз әлсіреп, дініміз ала­шұ­барланып, қалың ел парасат пен па­рықсыздықтың, ақындық пен жағым­паз­дықтың, батырлық пен барым­та­шы­лықтың не екенін шатастырып тобырға айнала бастаған уақытта ұлтты Алланың түзу жолына салып, жол көрсету үшін иман­дылықтың нұрлы сәулесіндей жарқы­раған ұлы ақын келеді өмірге. Қазақ то­пырағында ұлы ақындықтың парызын абыроймен атқарған ондай кемеңгеріміз – Абай. «Не нәрсе жайынан жазса да, түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазатын» (Ахмет Байтұрсынұлы) хакім Абайды өз уақытындағы ақындардан оқшауландырып тұрған дара қасиеті заман қасіретіне қабырғасы қайысып қана қоймай, қиын-қыстаудан алып шығатын дұрыс жолды таңдап, қазақты жүрегінің тазалығына ғана емес даналығының да­ралығына да сендіртіп, соңынан ерте білген кемеңгерлігінде жатыр. Дүние төң­керіліп, заман өзгерсе де ақыретке дейін ол біздің адамдық қасиетімізді жоғалтып алмауымызды үйрететін ұлы ұстазымыз болып қала беретіндіктен, «өлең қусақ та, өмір іздесек те, «халқым» деп қиналып, «ұл­тым» деп үздіксек те Абайға қарайлап, то­рығып, күңіреніп (Тұрсынжан Шапай) келеміз.

Құдайға шүкір, Әуезов негізін қалаған уақыттан бері Абайтану ғылымының тынысы кеңейіп, өрісі ұлғайды. Жүздеген кітаптар жазылып, ғылыми диссертациялар қорғалды, отандық және шетелдік басылымдарда мыңдаған мақалалар жарияланды.

Сөзіміз ісімізбен қабысқан жағдайда Абай феноменінің арқасында біз ауыз­біршілігіміз мықты, өз кемшілігіне сын көзбей қарай алатын, ғылым мен білімге ұмтылған еңбекті бағалап, жемқорлыққа жол бермейтін парасатты ұлтқа айналуға тиіс едік. Іс жүзінде бәрі керісінше болып шықты. Менің ойымша оның ең негізгі себебі, тоқсаныншы жылдардағы стихиялық түрде (саналы емес) болса да басталып, рухымызды сілкіндірген отар­сыздандыру саясатының орта жолда тұралап қалғандығында жатыр. 

Сөз жоқ Абай – әдебиетіміздің жарқы­раған күні. Өзгелерді емес, ең әуелі өзіміз­дің кім екенімізді танып, өркениетті ұлт болуға ұмтылатын кез келген халық жанын салып іздейтін «қайдан келдім?», «неге келдім?», «қайда барамын?» деген үш ұлы сауалдың жауабын табу үшін біз хакімнің мұрасын қазымырланып зерт­теп, жаңаша тұрғыдан саралап, таны­мы­мызды тереңдете түсіп, оқтын-оқтын оған оралып отыруымыз қажет. Аузымызды қу шөппен сүрте бермейік, бұл салада жасалып жатқан жұмыстар жоқ емес, көңілімізге медеу тұтатын тың ізденістер де, дүниетанымымызды байытып игілімізге жарайтын жақсы еңбектер де бар. Дегенмен, ғасырдан-ғасырға жалғасқан империялық езгінің кесірінен бойымызда қалып қойған құлдық санадан құтылып, Ресейге жалтақтауымызды қоймайтын жаман әдетемізден біржола арылу үшін жалғыз Абаймен шектеліп қалмай, бодандыққа қарсы табанды түрде күрес жүргізген ақындарымыздың ша­шылып жатқан мұраларын түгендеп, шығармаларының зерттеліп, деректі және көркем фильмдер түсіріліп, телевидение, баспасөз, радио, интернет тағы да басқа электронды ақпарат құралдары арқылы жан-жақты насихатталуына кеңінен жол ашылуы тиіс.

Әлбетте, мына миы мұз болған өмірде, тұманды танымдардың арасынан халықты адастырмай алып шығатын ұлы Абайдың мазмұны бай, мағынасы терең мұрасын зерттеу ісі келешекте де жалғаса бермек. Бірақ Абай ғайыптан пайда болып, аяғы аспаннан жерге салбырап түс­кен пайғамбар емес, ет пен сүйектен жара­тылған адам баласы ғой. Ал кез келген адамды азамат етіп шығаратын өскен ортасы мен одан алған тәлім-тәрбиесі емес пе.

Ендеше қандай ұлы ақынды зерттегенде де оны туғызған топырақтың құнары, тәлім-тәрбиесімен бірге сол за­мандағы сөз өнері мектебінің дәстү­ріне назар аудармауға болмайды ғой. Абай­ды да даналықтың дара жолына салып, рухын шыңдап, көркем мінезін қалып­тастырып, ақындықтың асыл мұра­ты­ның әліппесін үйреткен – киелі топы­рақ­тың құдіреті мен рухани ұстаз­дық­тың сабақтастығы. Жазушы Сәбит Мұқа­нов­тың сөзімен айтқанда «…қазақтың халық әдебиетінсіз, Бұқар жыраусыз, Ма­хамбетсіз, Шортанбайсыз Абай да болмас еді. Қазақ әдебиетінің қайнар бұлағы – Абай емес, Абайды туғызған халық».

Абайды әдебиетіміздің күніне теңесек те, жерді жұмбақ құдіретімен әлдилейтін айдың да өз сыры, өз құдіреті, өз тереңдігі, өз сұлулығы, біз тамашалайтын өз қызығы болады емес пе? Шығыстың ұлы шайыры Сағдидің Күннің емес, Айдың парасат­тылығына сүйсініп шығарған жыр жолдарын есіңізге түсіріп көріңізші.

Ай жарқырап боз аспанға төгіп нұр,

Жерге тыныш сәуле құйды көгілдір.

Сұрады Айдан: «Жарықсың ғой сен ерен,

Күндіз неге көрінбейсің төбеден?».

Бір жымиып алды сонда Ай, кенет:

«Қайтесіңдер бос сұрақпен әурелеп –

Мен әлемге түнде ғана келемін,

Сақтау үшін Күннің ұлы беделін».

Ғарышты зерттейтін ғалымдардың көздері тек күнге ғана қадалып қалса, астрономия ғылымы баяғыда тұралап, мыңдаған жұлдыздардың жұмбағы ашылмай қалар еді. Ендеше ұлтымыздың Абайдай күнінің қалай жарқырап шыққанын білу үшін, таң атар алдындағы шолпан жұлдызындай болған ақындары Мұрат, Шортанбай, Дулат, Бұхар бабаларымыздың әдеби мұралары да жан-жақты талданып, бағасы беріліп, шығармашылығымен бірге өмір тарихын зерттеуге қатысты жұмыстар ықыласпен қолға алынуы тиіс. Әрі-беріден соң қазақтың жері, діні, тілі, салт-дәстүрін сақтап қалу үшін жанталаса ұмтылып, рух майданында сөзден гөрі әрекетке көшіп күрескен олардың әрқайсысы өз заманында халқының жанына Абайдан да жақын ақындар болды. Сондықтан да қиын-қыстау дәуірде еліміздің рухын оятқан тұлғаларымызға келешекте зар заман ақындары ретінде ғана қарауды қойып, олардың ұлт ақындары екені мойындалып, шығармалары ұлттық құндылық ретінде қастерленіп, мемлекетіміздің ерекше қамқорлығына алынатын уақыты келді.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов әдебиет­тану ғылымына зар заман ақын­дары терминін саяси репрессия қатты белең алған, ұлт сөзін айтқандардың басы кететін қорқынышты уақытта енгізді. Егер Әуезов қазақтың аспанынан қауіп-қатер­­дің бұлты кетпей қойған «тар жол, тайғақ кешкен» уақытта емес, бүгін өмірге келгенде, ол кездегі ойынан айнып Махамбет, Мұрат, Шортанбай, Дулат­тарды ұлт ақындары ретінде мойын­дап, әрқайсысының лайықты бағасын береріне сенімдімін. Жалғыз әдебиет емес, ұлтымыздың әлеуметтік, саяси, мәдени, діни, қоғамдық өмірінде де ойып тұрып алатын орны бар жыр сүлейлері туралы үлкен махаббатпен жазылған Мұхаңның мақаласы мені осындай қорытынды жасап, ой түюіме итермелей береді.

Отыз жыл бұрын үкіметтің арнайы жарлығымен есімі ақталғанда балаша қуа­нып, міне бүгін жолым түсіп басына тағзым етуге келе жатқан Мұрат Мөң­кеұлының шығармаларын алғаш оқығанымда қатты толқып, күрескерлікпен қатар, кемеңгерлігіне де қатты сүйсінгенім бар. Әуезов өз сөзінде Мұратқа зар заман ішіндегі ірі ақындардың бірі деген үлкен бағаны бекерден-бекер бермесе керек. Шындығында ол күрескерлік поэзияның заңды мұрагері. Махамбеттің өлең мұрасы біз­дің заманымызға Мұраттың есте сақ­тау қабілетінің мықтылығы арқасында жеткендіктен екі ақынның өлең құрау өрне­гінде, азаматтық ұстанымында ұқсас­тықтардың болуы заңдылық. Егер Махам­бет орыс отаршылдығына қарсы күрестің бастауы болса, Мұрат поэзиясы сол үлкен істің мән-мағынасын тереңдете түсіп, оны әрі қарай жалғастырған – алтын көпір.

Мұрат ұлт ақыны атануға толық қа­қысы бар тұлға. Сонау ықылым за­ман­нан бері қазақтың ұлттық идеясына айналған маңызды мәселе – Жер болса, Мұрат осы тақырыпты өлең-толғауларының өзегіне айналдырып, баға жетпес құндылығымыздан айырылып қалудан артық қасіреттің жоқ екенін халық санасына сіңіруге өз заманында ең көп үлес қосқан – ақиық ақынымыз.

Қазақтың жан айқайындай болып естілген Мұрат поэзиясындағы күрес­керлік рухтың оты ХХ ғасырда да сөнген жоқ, атақты алпысыншы жылдардан кейінгі жылымықтан соң қайта тұтанып темір құрсауды бұзып шығуға жанталаса ұмтылған ұлт ақындарының поэзиясынан жарқырай көрінді.

Амангелді Кеңшілікұлы