• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Тамыз, 2021

Білікті бапкер жеңіске жетелейді

557 рет
көрсетілді

Таяуда ғана Токиода өткен ХХХІІ жазғы Олимпия ойындарының қорытындысы қазақстандық спортсүйер қауымды қалың ойдың тереңіне батырып кетті. Токиоға шеру тартқан Қазақстанның олимпиялық командасының құрамында Қарағанды облысының жеті спортшысы ел намысын қорғады.

Атап айтсақ, олардың қата­рында балуан, Олимпиада жүл­дегері Эльмира Сыздықова, бокс­шы, әлем чемпионатының жүл­дегері Абылайхан Жүсіпов, дзюдошылар, халықаралық турнирлер­­­дің жеңімпаздары мен жүлдегер­ле­рі Жансай Смағұлов пен Ислам Бозбаев, әртістік жүзу шеберлері Александра және Екатерина Не­мичтер, жеңіл атлетші Мария Овчин­никова болды.

Өкінішке қарай, біз үміт арт­қан спортшыларымыз доданың бастапқы кезеңінде сүрініп, үйге ерте қайтты. Яғни ел спортының нашар көрсеткішіне қарағанды­лық спортшылар да сүбелі «үлес қосты» деп айтуға болады.

Жасыратыны жоқ, Жапонияда аяқталған дүбірлі дода Қарағанды облысы спортының кейінгі жеті-сегіз жылдағы жүріп өткен жолы­ның, жалпақ тілмен айтқанда жеткен жерінің қандай екендігін көзге шұқып көрсетті. Яғни біз осыдан бірнеше жыл бұрын ыждағатсыз жасалған біршама дүниенің ыңыр­шағы қалай шығып, қандай «же­місін» бергенін енді байқап отыр­мыз. Егер алдағы уақытта ауған жүк түзелмесе, 2024 жылы Па­риж­де өтетін Олимпия ойындарын­да да дәл осы кепті киерміз-ау деген уайым басым.

Қарағандылық спортшылар­дың Токиода сәтсіз өнер көрсетуінің бір себебі оқу-жаттығу жиында­рын ұйымдастыру барысында жібе­рілген олқылықтарда жатыр де­ген сыңайдағы пікір білдірді, ар­найы хабарласқанымызда об­лыс­тық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.

«Мәселен, – дейді тағайын­дал­ға­нына бір жылдан енді асқан облыс спортының басшысы, – оқу-жаттығу жиындарының жүйелі түрде өтуіне былтырдан бергі пан­­­демияның орасан зор нұқсан кел­тіргені рас. Әрине, бәрін әлем­нің өзін әбігерге салған індетке жабудан аулақпын. Айтайын де­генім – карантиндік шектеулер­ге байланысты шетелдегі оқу-жат­тығу жиындарынан қол үзген спортшыларымыз өз ішімізде да­йындалуға мәжбүр болды. Міне, осы жерде біздегі оқу-жаттығу жиын­дарының әдістемесі мұндай жүктемені алып жүруге әзір болмай шықты. Бұл – шұғыл түрде сараптауды, жан-жақты зерттеуді, сосын белгілі бір қорытындысын шығаруды қажет ететін тамыры тереңге кеткен мәселе».

Арқа спортының басшысы айт­қан сөздің жаны бар. Биыл, мысалы, Қарағанды облысындағы жоғары спорттық шеберлік бойын­ша Ұлттық құрама командалар сапында жүрген спортшыларға, олардың бапкерлеріне деген қам­қорлықта қапы болмады. Бір сөз­бен айтқанда, ел намысын қор­ғайтын атлеттеріміз ештеңеден тарлық көрмей, алда тұрған додалы жарыстарға алаңсыз дайындалу мүмкіндігіне ие болған еді.

Өкініштісі сол, артылған сенім мен үміт ақталмады. Жалпы, Токио Олимпиадасының қорытындысы бойынша үлкен басқосулар өтіп, кең ауқымда талқылаулар бола­ды, тиісті қорытынды шығарылады дегенді айтады Темірхан Абылаев.

«Уақыт деген – жүйрік. Ке­лесі Париж Олимпиадасына үш жыл емес, екі жарым жыл ғана қал­­ды дей беруге болады. Егер біз шұғыл түрде кешенді шешім­дер қабылдамасақ, Токиодағы жағ­дайды тағы да бастан кешетініміз анық. Дәл қазіргі уақытта біздің алдымызда зор міндет тұр. Біз үшін талантты деген спортшы­лар­ды тауып, оларды баулу қан­шалықты маңызды болса, өз ісіне жан-тәнімен берілген білікті жат­тықтырушылар құрамын өсі­ріп шығару да – күн тәртібінде өт­кір тұрған басты мәселенің бірі. Міне, осы және басқа да кезек күт­­тірмейтін шаруалар жүзеге ас­қан­да ғана бізден Сәпиевтер мен Сыздықовалардың ізбасарлары шығады», дейді спорт басшысы.

Иә, Темірхан Абылаевтың бұл сөзімен келіспеске болмас. Осы орайда, жаттықтырушының спортшы өмірінде маңызды рөл ойнайтын басты тұлға екенін тағы бір мәрте қайталап айтудың артықтығы жоқ. Бапкердің деңгейі – спорт­шы жетістігінің өлшемі. Мәселен, бокс­тан Токио Олимпиадасына қа­тысушы Абылайхан Жүсіповті ала­йық. Аталған былғары қолғап ше­бері жасөспірімдер мен жас­тар арасындағы халықаралық дең­гейдегі жарыстарда жүлде біт­кеннің түгелін жеңіп алды. Бі­рақ ересектер арасындағы дода­ларда бұл боксшы біз күткен дең­гейден көріне алмады. Осы жер­де Абылайхан Жүсіповтің ке­йінгі кездегі сәтсіз өнерінің бір се­бебі жеке бапкердің біліктілік деңге­йін­де жатқан жоқ па деген де ой келеді.

Әлбетте, бұл – біз үміт артқан атлеттердің көбінің басында бар жағдай. Қарағандылық дзюдошылар Жансай Смағұлов пен Ислам Бозбаев турасында да айтылар сын аз болмай тұр. Бұл спортшылардың төртжылдықтың басты бәсекесінде ала-құла өнер көрсетуі – Олимпиада алдындағы дайындыққа жеткілікті түрде мән бермегендіктің салдары деп батыл тұжырым жасауға негіз береді. Мұны бапкерлер штабының жіберген кемшілігі, жаттығу жұ­мыстарын ұйымдастыру бары­сындағы шалағайлық десе де шын­­дықтың ауылынан алыс кет­пе­гендік болар еді.

Бір өкініштісі, кейбір әкім-қа­ралар спорттағы жетістікті бұл са­­лаға бөлінген қаражаттың мөл­шерімен ғана өлшейді. Олар­ға сал­саң, бүгінгі бергеннің қай­та­рымы күні ертең болуы керек. Әл­бетте, бұл түбірімен қате және таяз түсінік. Чемпиондарды тәр­биелеу дегеннің өзі шүмектеп тө­гілген тер, шыдамдылық пен қа­жыр­лы­лық өз алдына, ұзақ уақыт­ты қа­жет ететін күрделі үдеріс. Бұл де­ге­ніңіз, солқылдаған жас шы­бық­ты мәпелеп күтіп, жылдарды ара­ға салып барып алып бәйтерекке айнал­дырған сияқты ерен еңбектің жемісі.

«Бұқаралық және балалар с­портын дамытуға көңіл бө­ліп, сол арқылы әлемдік арена­да үл­кен табыстарға қол жеткізуге ұм­тылу қажет», деген Мемлекет бас­­шысының сөзі санада сағат­тай сыртылдап-ақ тұр. Иә, Олим­пиадада елдің байрағын көтеріп, әнұранын шырқатар саңлақ спорт­шыны бала күнінен баулу – ортақ мақсаттың мүддесіне жұ­мылған басшысы бар, қосшысы бар, бірнеше топтың алдындағы ас­қаралы міндет. «Дарынды шәкірт бол­ғанымен, білікті бапкер, олар­ды барынша қолдап отыратын мамандар мен басшылық бұл істе бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармаса, еңбектің зая кеткені дей беріңіз, – дейді Темірхан Абылаев. – Сөзімізді түйіндер болсақ, бапкер – алымды, шәкірт – шалымды, бұларға деген басшылықтың қамқор пейілі толымды болмай, жоғары шеберлік спортының бағы ешқашанда жан­бақ емес».

Иә, ел спортының алдында ересен зор міндет тұр: соның бірі – Токиодағы тоқыраудан дұрыс қорытынды шығарып, оны Париждегі байрақты бәсекеде пайдаға жарата білу. Ең бастысы, бұл салада белең алған тәртіпсіздік, берекесіздік, біліксіздік, бір сөзбен айтқанда жойдасыз жүгенсіздік тыйылғанда ғана, әбден жүдеп-жадаған спортымыз бұрынғы жарау күйін қайта табар еді дегенге сенгіміз-ақ келеді.

 

Қарағанды облысы