• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2010

ТЫЛДАҒЫ ТОЛАҒАЙ ТІРЛІК ҰЙЫТҚЫСЫ

1142 рет
көрсетілді

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңындағы мерекелік шара­лар барысында қиын-қыстау кезеңдегі майдан мен елдегі жағдай еске алынып, оның қаһар­мандарының аттары аталып, рухына тағзым етілуде. Ал көзі тірі арда­гер­лерге айрықша құрмет көрсетілу­де. Сондай бере­келі басқосулардың бірінде әңгіме арнасы алдымен әр тарапқа тартып, ендігі кезекте кезінде облысты басқарған кісілер жайына ойысқандай еді. Сол тұста сонау сұрапыл соғыс жыл­дары облыстың бірінші басшысы болған Рахымбай Төлебаевтың аты аталып қалды. Ортақ әңгіменің ортасын­да ойын оздырып отырған ағалардың бірі: ­­– Жас еді, жалынды еді, – деп өзекті әңгімеге тамызық тастағандай болды. Оны осындағылар жамырасып, қызу қолдап кеткен еді. – Рахымбайдың облыс тарихында өзіндік орны бар. – Оу, жан алып, жан беріскен соғыс жылдары ел басқару оңай болып па? – Не айтатыны бар, сайыпқыран еді ғой. – Оны білетіндер азайып қалды-ау. – Рахымбай Төлебаевты Сыр елі ұмытпауы керек... Осындай ой-пікірлер бір қауым уақыт айтылып барып, толастағандай тұста маған салмақ салынғандай еді. – Газетте істейсің, қолыңнан келеді, жарқыратып жаз, – деді осындағының жасы үлкені. – Мына мерекелі күндері аяулы азаматтың есімі ел құлағына жетсін. Байлам осы болды. Ойлаған кісіге бұлардың айтып отырғандары да орынды секілді. Өткен өмірді, оның өрге сүйреген өрелі азаматтарын ұмытуға болмайды. Бұрынғының сабақтары болашаққа қажет. Кемелді келер ұрпақ одан керегін алар, жақсысын жаратар.... Сонымен неден бастау керек? Ойыма “Сыр бойы” (бұрын “Ленин жолы”) газетінің бұрынғы бас редакторы Нұр­ділда Уәлиев ағамыз оралды. Нұрекең кезінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы облыс баспасөзінен кандидаттық диссер­тация қор­ғаған. Оның бер жағында ол кісінің Рахымбай Төлебаев туралы айт­қандарын құлағымыз шалған. Өкініш­тісі, тұсында бәлендей мән бермеппіз. Нұре­кеңнің үйіне телефон шалып едім, жеңгей көтерді, аға­мыздың ауырлаң­қырап отырғанын айтты. Амал жоқ, газет тігінділерін, мұрағат құжаттарын аударыстыру басталды. Сәтіне орай, Нұрекеңнің осыдан оншақ­ты жыл бұрын Сабыр Арыстанбаевпен бірігіп жазған мақаласы алдымен қолға түсті. Ағамыздың көңілі дұрыс екен деймін өзім де көңілденіп, тынысым да ашылғандай болып... Нұрділда Уәлиевтің жазбаларынан Біз әңгіме еткелі отырған азамат Рахымбай Төлебаев облыстық партия ұйымының жетекшілігіне соғыс баста­лардан бір жылдан астам бұрын – 1940 жылдың ақпанында келіпті. Сонда ол отызға да толмаған екен. Сонымен, Р.Төлебаев кім еді? Ол Қазақ­станның шығысында – Ұлан ауда­нындағы Қызылтас ауылында дүниеге келіпті. Әкесі бүкіл өңірге белгілі пеш ұста­сы екен. Алайда, өз отбасының, оған қоса ерте қайтыс болған аға-інілерінің алты жаны қосылып, тапқаны тамағына жетпей бір қора жан қиыншылықтың небір азабын тартқан. Бала кезінде ол өзіне деп арнап тігілген бір киім кимей өсіпті. Жазда егін екті, мал бақты. Ол 1925 жылы бірінші мектеп есігін 15 жасында ашып, Ұландағы орыс орта мектебінің екі класын бітірді. Араға екі жыл салып Өскемендегі төрт класты қазақ мектебінде екі жыл оқыды. Осыдан кейін Рахымбайдың нағыз еңбек жолы басталады. Ол Риддер рудни­гінде жұмысшы болып істеп жүріп, осын­дағы фабрика-зауыт училищесін бітірді, комсомол қатарына өтті. Қоғам­дық жұ­мыс­та көзге түскен жас жігіт көп ұзамай қорғаныс зауытының кәсіподақ комитеті төрағасының орын­басарлығына, онан кейін зауыт директорының орын­басар­лы­ғына жоғарылатылады. Мұнда ол кәсіп­орынды қазақ жастары­мен нығайту жөнін­де айрықша қимыл танытты. Ол арнайы тапсырмамен қазақ арасын аралап, Қу ау­данынан Риддерге 150 қазақ жасын әкелсе, өзінің туып-өскен Ұлан ауданынан 100 қаракөзді әкеліп, өндіріске орналастырады. 1932 жылдың қазан айында жас коммунист әскер қатарына шақырылады. Алматы қаласындағы қазақ ұлттық атты әскер полкіне келген ол полк мектебіне жіберіліп, мұнда мектептің портбюро хатшысы болады. Әскери міндетін өтегеннен кейін Рақаң Лениногорға қайта оралып, қалалық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарады. Осы қызметте жүріп көз­ге түскен жас жігіт 1936 жылы Ал­маты­­­­дағы қазақтың марксизм-ленинизм инсти­тутына тыңдаушы етіп жіберіледі. Онда екі жыл оқып, қабілет­тілік танытқан Р.Төле­баев Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетіне үшінші хатшы етіліп жіберіледі. Араға аз уақыт салып, ол осы комитеттің екінші хатшысы болады. Сол 1938 жылы Меркі сайлау округінен республика Жоғарғы Кеңесіне депутат болады... Нұрділда Уәлиевтің естелігінен алған үзіндіні осымен тәмамдап, оны енді Рахымбай Төлебаевтың мұрағаттан табыл­ған, өз қолымен жазылған өмір дерегімен жалғастырайық. Төлебаевтың төл жазбаларынан ...1940 жылдың ақпанында Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мені Қызылорда облысына жұмысқа жіберді. Мұнда мен 1945 жылдың қараша айына дейін облыстық әрі қалалық партия коми­теттерінің бірінші хатшы­лығы қызметтерін қоса атқардым... Қы­зы­л­орда облысы негізінен күріш өсіру­мен айна­лысады. Күріштің суда тұрып, суда ғана өсетіні белгілі. Көктемгі егіс жұмыс­тары­ның жағдайымен айналыса бастаға­нымызда, су мұқтаждығы алды­мыздан шыға келді. Бар судың өзінің деңгейі күннен күнге төмендеп бара жат­ты. Өзбек ағайындар осының алдын­да ғана Сырдың жоғарғы ағысынан Үлкен Ферғана жармасын салып, өзенге көп­теген бөгеттер орнатқан екен. Олар суды өз керегінше жұмсап, мәре-сәре болып жатты. Қызылорда облы­сында қолдан қазылған арық-жарма­лардың көбісі дария суынан бір-екі метр жоғарыда асылып қалған. Пайдасыз су оның арнасында көзді қызықтырып, жарқырап ағып жатыр. Не істеу керек, бұл қиыншылықты қалай жеңу керек? Біздің алдымызда тұр­ған негізгі міндет осы еді. Мұнан шығу­дың бір жолы Қараөзекті байлау деп шеш­тік. Бұл ойымызды іске қоссақ Сырдария, Тереңөзек және Жалағаш аудандарының көп шаруашылықтары сумен қамтамасыз етілер еді, әрі жаңадан тың жерлер игеруге де мүмкіншілік туар еді. Сонымен, мамыр айында Қараөзек бөгетінің құрылысына кірістік. Қараөзек арнасын байлау үшін ұзындығы 50 метр, биіктігі бес метрлік бөгет соғып, оның бір метрлік табанын күйген кірпішпен бекіт­тік. Күрішті себу мерзімі де өтіп бара жат­ты. Біз екі жағалаудан қазылатын оралтпа жарманы да әзірлеп болмағанбыз. Сол түнде-ақ еңбегіміз зая кетті. Сырдың жойқын суы таңертең біздің бөгетімізден жұрнақ та қалдырған жоқ. Бұл оқиға қара­дүрсін әрекетімізден түк шықпайтынын көрсетті. Әбден абыржыдық. Барлық маман­дар, егіншіліктен тәжірибесі бар деген адамдар, аудан басшылары ақылдаса келе Қызылорда бөгетін салу керек деген тұжырымға келдік. Бөгет құрылысы іске асса Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш және Қармақшы аудандарының шаруа­шылықтарын түгелдей сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілетін еді. Соның өзінде Жаңақорған, Шиелі және Қазалы аудан­дарының колхоздары егістік сумен қамтамасыз етілмей қалатын. Ақылдаса отырып, көп маманды ер­тіп Алматыға бардым. Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы А.Н.Скворцов, Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов бізді тыңдап болғаннан кейін өзінің қоры­тындысын беру үшін Мемлекеттік жос­парлау комиссиясына тапсырма берді. Мемжоспарком мен Су шаруашы­лығы халық комиссариаты біздің қатысуы­мызбен Қызылорда бөгет құрылысының техникалық-экономикалық тиімділігін негіздеп тұжырымдама берді. Мәскеуден оралған А. Скворцов И.В. Сталинмен жолыққанда бірінші мәселе етіп Қызылорда бөгетінің құрылысын қойғанын мәлімдеді. Сталин Мем­жос­парком мен КСРО Жер халық комис­сариатына Қызыл­орда бөгетін салу тура­лы БК(б)П ОК мен КСРО Халық комис­сариаты кеңесінің қаулысының жобасын әзірлеуге тапсырма беріпті. Бұл хабар облыс еңбекшілерінің рухын көтеріп тастады. 1940 жыл Қызылорда облысы үшін ауыр жыл болды. Сырдария суы күрт түсіп кетті, көп көлемдегі күріш егістігі судан қалды. Әсіресе, Шиелі ауданының жағдайы қиындады. Қызылорда облысын сумен қамтамасыз ету мәселесі БК(б)П ОК-нің пленумында әңгіме болып, КСРО Жер халық комиссарының орын­басары Рогов бастаған комиссия құры­лып облысқа келді. Комиссия қанша тырысқанымен, оның жұмысынан онша нәтиже шыға қоймады. Осындай жағдайда Шиелі жармасын халықтық әдіспен салу туралы шешім қабылданып, Орталық партия комитеті мен республика Халық комиссарлары кеңесінен рұқсат сұралынды. Бұл екі жоғарғы органының жарма құрылысын салу жөніндегі арнайы қаулысы 1940 жылдың 7 қыркүйегінде қабылданды. Бұл қаулы бойынша құрылысты 45 күн ішінде аяқтау межеленді. Қаулыны жүзеге асыру мақсатында обком, облыс­тық атқару комитеті қабылдаған қаулыда құрылысты 5 қазанда бастап, 25 қара­шада аяқтау көзделінді. Жарманың ұзын­дығы 103 километр, саға жағының ені 25 метр болып белгіленді. Жарма құрылысы темір жолдың екі жағымен де жүретін­діктен, ол барлық колхоздарды егістік сумен қамтамасыз ететін болды. Жұрт жанқиярлықпен жұмыс істеді. Моторлы экскаваторларға қарағанда жарма табанынан топырақты сыртқа көп шығарған колхозшылардың қимылын таңғажайып ерлік деп қалай айтпассыз! Жұртты ынталандырудың талай түр­лері ойластырылды. Сөйтіп, жарма құры­лысын мерзімінен бес күн бұрын 40 күн­де аяқ­тадық. Республиканың басшы ор­ган­дары­на жеңісімізді баяндап, оның рес­публи­каның 20 жылдық тойына тарту еттік. Шынында, бұл жарманың облыс, республика үшін маңызы қалай айтса да сыятындай еді. Бізді осы жеңісіміз қайрат­тандырып, енді Қызылорда бөгеті­нің құрылысын қайта әңгіме ете баста­дық. Мәселені қайта қозғадық. Біздің өтінішіміз ескеріліп, 1940 жылдың қара­шасында БК/б/П мен КСРО Халық комиссарлары Кеңесі Қызылорда бөгеті­нің құрылысын бастауға рұқсат берген қаулы қабылдады. Қаулыны алысымен дайындық жұмысына кірісіп те кеттік. Құрылыстың бастығы болып бұрынғы Су шаруашылығы халық комиссары А.Бек­тасов тағайындалды. Күтпеген жерден үмітіміз үзілді. Көп ұзамай сұрапыл соғыс басталды да кетті... Рахымбай Төлебаевтың өз жазбалары осылай дейді. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарындағы облыстың тыныс-тірші­лігі қандай еді? Ендігі сөз сол жайында. Облыс отан соғысы жылдарында Ұлы Отан соғысы басталғанда егін, мал шаруашылығы шайқалып тұрған облыстың бас-аяғын жинап, өндірістен қол үзбей қысқа мерзімді курстарда адамдар даярлау, майдан өрті шарпыған жерлерден күн сайын көшіп келіп жат­қан мыңдаған жалаңаш-жалпы, аурулы-сырқаулы адамдарды жұмысқа орналас­тыру, оларға баспана, тамақ тауып беру, жаңадан өндіріс орындарын ашу оңай шаруа емес еді. Дәл осындай қиыншылық жағдайда облыста “Қандыарал”, “Сұлутөбе”, “Жеті­­көл­­жарма”, “Шіркейлі”, “Аюшы­ғанақ” жармалары қазылып, оң жақ, сол жақ Қазалы жармалары салынды. Қызыл­орда қаласының бүгінін, келеше­гін ойлап, оның ортасынан қаланы гүлдендіру, көркейту мақсатында қалалық жарма жүргізілді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қыздардан механизаторлар курсы ұйым­дастырылды. Облыстың 700 қызы авто­мобиль, трактор, комбайндарды мең­геру­ге аттанды. Су шаруашылығына арнап Қызыл Армия қатарына шақырылмай­тын адамдар құрамынан 612 маман даярланды. Мұның 160-ы әйел еді. 1941 жылдың соңына дейін ғана облыс аумағына эвакуациямен 36546 адам көшіп келді. Олардың ішінен жұмысқа жарайтын 18 мың адам еңбекке орналастырылды. Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорынның 11-і Қызылорда қаласына орналастырылды. Соғыстың екінші жылының басынан қарқын алған облыс экономикасының барлық саласы сол қарқыннан түскен жоқ. Соғыстың алғашқы үш жылында соғыстан бұрынғы үш жылғымен салыстырғанда облыс мемлекетке 465 мың центнер астықты артық тапсырды. Отан қорғау қорына астықты артық тапсырып қана қоймай, оның үстіне жаудан тазартылған жерлердің халқына көмектесті. Осы жылдары аты шыққан диқандар Ыбырай Жақаевтың, Ким Ман Самның, ұжым басшысы Досан Елеусізовтің, Қашақбай Пірімовтің есімдері кейінірек бүкіл елге тарап, егіншіліктің туына айналып кетті. Облыстық ұйымдардың бастауымен соғыс жылдарында төлдейтін әрбір 100 аналықтан 119 қозы, 79 бұзау, 78 құлын, 46 бота алынды. Облыс мал өсіруден, төл­дейтін мал санын арттырудан, жем­шөп қорын жасаудан бірнеше рет рес­пуб­ликада алдыңғы орындарды жеңіп алды. Соғыс кезіндегі үш жылда /1942-43-44 жылдар/ мемлекеттік және қорғаныс қорына мал өнімдері, мал терісі оның ал­дын­дағы үш жылдағыдан анағұрлым артық тапсырылды. Соның өзінде бар­лық түлік бойынша мал саны артты. Облыс малшы­лары осындай жанқиярлық еңбектерімен КСРО Мемлекеттік қорға­ныс комитетінің Ауыспалы қызыл туын жеңіп алды. Облыс жұртшылығы талай патриот­тық істердің бастаушысы бола білді. Сол үшін Мемлекеттік қорғаныс комитетінен 11 рет алғыс алды. Соғыс жылдарында Қызылорда облысы өзінің еңбек көрсет­кіштері бойынша республиканың алдын берген жоқ. Қызылордалықтар майдан далаларында да ерлікпен шайқасты. Осы жұмыстардың бәрінің басы-қасында басшы әрі ұйымдастырушы ретінде Рахымбай Төлебаев жүрді. Ең бастысы, оның жұмысынан із қалды, ел аузында аты қалды. Осы күннің өзінде Сыр бойында ертеректе салынған маңыз­ды су құрылыстары әңгіме бола қалса, облыстың қиын кездегі басшысы Рахым­бай Төлебаевтың аты аталмай қалмайды. Қызылорда облысының өміріндегі ең маңызды іске асырылған Қызылорда плотинасының құрылысы болды. Соғысқа дейін БК (б)П ОК мен КСРО Халық комис­­сариаты кеңесінің осы жөнінде қабыл­­даған қаулысы сұрапыл соғыс салдарынан тоқтап қалған болатын. Мінекей, осы құрылыс 1945 жылдың 8 сәуірінде қайта жалғасты. Плотинаның ашылу салтанатында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Р.Төлебаев сөйлеген сөзінде: – Жолдастар! Өздеріңізге мәлім, Қы­зылорда облысы плотинасының құры­лысы 1941 жылы басталмақшы еді, неміс басқыншыларының елімізге шабуыл жасауына байланысты кейінге қалдырыл­ған болатын. Содан бері қарай аса қиын кезеңдерді бастан өткізіп, бүгінде соғыс жағдайы мүлдем өзгерді, жау өз үңгірінде талқандалуда. Қазір құрылысты бастауға мүмкіншілігіміз мол, сондықтан оны бастағалы отырмыз. Құрылысты Қазақ КССР-інің 25 жылдық ұлы тойына бітіруіміз керек, – деген болатын. Бұл арман орындалып, плотина құ­ры­лысы уақтылы бітіп, Қызылорда об­лы­сы экономикасының қарыштап дамуын­да плотинаның үлкен рөл атарғанына ел куә. Қиыншылық кезде ел басқарған қо­ғам қайраткерлерінің еңбегін Отаны кезін­де жоғары бағалады. 1940 жылы Р.Төле­баев Қазақ КССР-інің 20 жылдығы­на байла­нысты “Құрмет Белгісі”, 1944 жылы Отан соғысы, 1945 жылы “Қызыл Жұлдыз” ордендерімен марапатталды. Оларға қоса бірнеше медальдармен, Жо­ғар­ғы Кеңестің Құрмет грамоталары­мен наградталды. Ол кісі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып бірнеше рет сайланды. Бұл оның Қызылорда облы­сына, еліне жасаған еңбегінің нәтижесі еді. Естелік дерек бүй дейді Облыс басқарған жылдарда Рахымбай Төлебаев, әрине, көп кісілермен кездесті, көп адамдармен қызмет бабында аралас-құралас болды. Бұл күнде олардың көбісінің көзі жоқ, бары да некен-саяқ. Солардың бірі – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов ағамыз былайша сыр шертеді: – Ұлы Отан соғысы жылдарында Бірінші Беларусь майданының №1 Брест атқыштар дивизиясында болдым. 1944 жылдың қыркүйек айында әскерге азық-түлік әкелу үшін үш жауынгерді Қазақ­станға жіберді. Бізді республика Ми­нистр­лер Кеңесі төрағасының орынбаса­ры Д.А.Қонаев қабылдады. Мән-жайға қаныққан соң Димекең бізге бес күнге туған ауылдарымызға барып қайтуға рұқсат берді. Ауылдан оралсақ, әскерге Қызыл­орда облысынан 60 тонна ақ кү­ріш пен 40 тонна кепкен балық бөліне­тін болып шешім шығарылыпты. Соны­мен Қызыл­орда қайдасың деп жолға шықтық. Қызылордаға келсек облыс әкімі Рахым­бай Төлебаев Шиелі ауданында іссапарда жүр екен. Обком қызмет­кер­лері телефон арқылы байланысқанда, ол бізді өз үйінде қонақ етуді тапсырды. Не керек, содан бізді Төлебай ақсақал қарсы алып қонақ етті. Рахымбайдың келіншегі ерінің жоқтығын білдірмей, қалтқысыз қызмет жасады. Ертеңіне Рахымбай бізді арнайы вагонмен Шиеліге алдырып, күтіп алды. Соғыста жүрген сарбаздар – біздерге ерекше құрмет көрсетілді. Пойызды он алты атқа мінген, ұлттық киім киген он алты қыз құрметпен күтіп алып, “Қы­зыл­ту” колхозына бастады. Сонда қонақ бол­дық. Сол жолы Ыбырай Жақаевпен кез­дестік, ол кезде ол егіс бригадирі екен. Ертеңіне Шиелінің шығыс бет­кейіндегі “Шәулімші” деген жерде Октябрь ре­волю­­циясының 27 жылдығына арналған мереке болды, оған біз де қатыстық. Рахымбай Төлебаев ағамыз бізді солайша ыстық ықыласпен қарсы алып, қимас көңілмен шығарып салды. Біз майданға мол байлықпен оралдық. Сол бір сәттерді күні бүгінге дейін мен қимастық сезіммен еске аламын... Халық жазушысы осылай дейді. Міне, Рахымбай Төлебаевқа қатысты осы тектес деректерді әлі де жалғастыра беру­­ге болады. Дегенде осымен шектел­ген­ді жөн көрдік. Ойлы оқырман біз жинақ­таған азды-көпті естеліктер мен құжат­тарға көз жүгірте отырып, сонау сұрапыл соғыс жылдары Сыр елін бас­қар­ған айтулы азамат, білікті басшы хақында ой түйер, жадын жаңғыртар, керек-ау дегенін кейінгіге ғибрат етер деген ниеттеміз. Сөз соңы Рахымбай Төлебаев Сыр елі үшін тер төгіп, аянбай, талмай еңбек етті. Алды­мен айтарымыз, ол облысты басқарған тұста аймағымызды суландыру бағытын­дағы үлкен шаралар іске асырылды. Атап айт­қан­да, Шиелі, Шіркейлі каналдары халықтық асар әдісімен қазылды, Сыр­дария өзеніне Қызылорда плотина­сын салуға мемлекеттік жоғарғы органдардың беті бұрылып, арнайы шешім шығарыл­ды. Аталған каналдар мен плотинаның игілігін Сыр елі өз қажетіне жаратумен келеді. Сонау сұрапыл соғыс жылдары облыс жұртшылығы тылда ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, мемлекеттік міндеттемелер мен тапсырыстарды үнемі орындап отырды. Еңбекшілердің күш-жігері жеңісті жа­қын­датуға жұмылдырылды, отаншыл­дық рух тасқындай түсті. Ыбырай Жақаев, Қашақ­бай Пірімов, Досан Елеусізов сын­ды патриоттар жеке қаржыларын Отан қор­ғауға жұмсады. Осының баршасы, әрине, өзінен өзі жүзеге асқан жоқ. Бас­шы мен қосшының бірігіп жұмыс істеуі, оны қалың бұқараның қолдауы арқа­сында жүзеге асты. Қиын-қыстау кезең­дегі ауыз­біршілікпен атқарылған айбын­ды істер мен білікті басшылық елді соғыс шырғалаңы­нан шығарды. Соның басын­да болған, басшылық еткен Рахымбай Төлебаев секілді ерлердің есімін мерейлі мерекелер тұсында айрықша атаған орынды деп есептейміз. Оның үстіне биылғы жылы оның туғанына 100 жыл толып отыр. Қазіргі таңда Рахымбай ағаның бір ұл, төрт қызы (Марат, Света, Бақыт, Үміткүл, Сәуле) Алматы қаласында халық шаруашылығының сан саласында табысты еңбек етіп, өсіп-өніп жатыр. Әскербек РАХЫМБЕКҰЛЫ, журналист. Қызылорда облысы.