Қазақстанның тәуелсіздік алған тұста қабылдаған маңызды шешімдерінің бірі ядролық қарудан бас тарту мәселесіне қатысты болғаны мәлім. Осылайша, егемен ел тарихының алғашқы парақтарына осы бір игі бастама айшықтала жазылды. Жаңадан тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекеттің халықаралық аренадағы бейнесі осы бір шешіммен тығыз байланысты.
Мемлекеттер басшыларының шешімі мен әрекеті сол елдің халықаралық қоғамдастық алдындағы сыртқы бейнесін айқындайтын бірден-бір қадам екені анық. Әсіресе жаңадан егемендігіне қол жеткізген мемлекет үшін өзін жақсы қырынан таныстыру аса маңызды. Алғашқы оңтайлы шешімдердің мемлекеттің болашағына, өзгелермен қарым-қатынасына тікелей жақсы әсер ететіні бар. Осы орайда Қазақстанның қазіргі беделі мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қабылданған шешімдерінің арасындағы байланысты бірден байқауға болады. Мұндай мүмкіндік бір-ақ рет беріледі. Ал оны қалай пайдалану – елдің тізгінін ұстаған азаматтардың еншісінде. Қазақстанның Орталық Азия аймағы мен посткеңестік кеңістіктегі, халықаралық аренадағы орнын айқындаған тарихи шешімдердің бірі – Елбасының әлемдегі төртінші ірі ядролық қарудан бас тартуы болғаны хақ. Бұл қадамның дұрыстығын тарих та растап отыр.
АҚШ-тың беделді The Times немесе Johnson city press, Chicago Tribune, The News Journal, Los Angeles Times секілді басылымдарында 90-жылдардың басында жарияланған материалдарға көз жүгіртсек, КСРО ыдырағанда тәуелсіздік алған елдердің арсеналында қалған ядролық қарудың көлемі мен оның қаупі туралы көптеген материалға кезігесіз. Сол кездегі күрделі жағдайда тәуелсіздігін жаңадан алған елдердің бұл қаруды қалай қолданатыны толғантып, сескенген Батыс жағдайды жіті қадағалап отырды. Associated Press авторлары 1992 жылы 14 маусымда Johnson city press газетінде жариялаған материалда Украина мен Қазақстанның иелігіндегі ядролық қару Батысты ғана емес, Ресейді де алаңдататынын жазған. Сондай-ақ Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтоннан Ресей, Қытай немесе АҚШ-тың ядролық шабуылына қарсы кепілдік сұрағаны айтылған. Мұндай талапты Украина тарапы да қойған екен.
The Atlantic басылымы халықаралық назар Солтүстік Корея мен Ирандағы ядролық бағдарламаларға бағытталғандықтан, аз талқыланатын Азия елі – Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру мәселесінде көшбасшыға айналғанын жазады. Бұған 2013 жылы елде Иранның ядролық мәселесіне қатысты өткен халықаралық келіссөздер де дәлел бола алады. Қазақстанның ядролық қаруға қарсы күрес саласындағы көшбасшылық рөлі одан бас тарту туралы шешіммен айқындалады. Еліміз ұлттық қауіпсіздікке, адамзат пен бүгінгі өркениетке төнген басты қауіппен күресте халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып, өз мысалында ядролық қарусыз әлем құру идеясын белсенді түрде насихаттап келеді.
2017 жылы The Hill басылымында жарияланған мақалада автор Ариэль Коэн Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы символдық қадам ғана емес, елдің брендіне айналғанын мәлімдеген. Расында Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап өзінің сыртқы саясатында бейбітшілік пен татулықты ту ететінін көрсетіп келеді. Ядролық қарудан азат әлем құру мақсатына зор үлесін қосып келеді.
Жоғарыда жарияланған материалда Солтүстік Корея мен Иранның ұстанымына балама ретінде Қазақстанның үлгісі келтірілген екен. «Пхеньян мен Тегеран сабақ алып, ядролық қаруды бейбіт мақсатта қолдануды қарастыруы керек. Оны жүзеге асыруға болады. Екі жарым онжылдықтан астам уақыт бойы Ресей мен Қытайға көршілес елдің Президенті үлгі көрсетіп келеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін иелігінде қалған ядролық қарудан бас тарту туралы шешім қабылдап, ядролық қаруды таратпау мен қарусыздану жолын ұстануды жалғастырып келеді», делінген мақалада.
Сондай-ақ Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі саяси және экономикалық тұрақсыздықта Қазақстан басшылығының ауқымды ядролық арсеналды басқару мәселесі күрделі болғаны айтылған. Болашағы белгісіз тарихи кезеңде Н.Назарбаев саяси және экономикалық шығындарды таразылап, ақырында ядролық қарусыз болашақты таңдап, тәуекелге бел бууды шешкен-ді.
Басылым Н.Назарбаев ядролық қарусыздануды қабылдап қана қоймай, оны өз елінің брендінің бір бөлігіне айналдырғанын жазады. «Қазақстанның жаңа халықаралық бейнесі қауіпсіз әрі жауапты ядролық саясатпен тікелей байланысты болды», деп жазды The Hill.
Байқағанымыздай, Елбасының бұл тарихи шешімі Қазақстанның халықаралық саясаттағы орнын айқындап қана қоймай, оның бітімгершілік қызметіне негіз болды.
Шетелдік басылымдардың беттерінде қазақ даласындағы ядролық қарудың қаралы ізін, алапат қасіреттің құрбаны болғандардың ауыр тағдырын сипаттаған материалдар да жиі кездесіп жатады. Беделді басылымдардың бірі The Nature-де жарияланған «Кеңес Одағының ядролық күнәсі Қазақстанда тіршілігін жалғастыруда» тақырыбындағы ғылыми мақалада полигонның зардабы әлі күнге дейін жойылмағанын көрсететін көлемді материал жарияланған. Осы секілді оқиғалар Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту туралы шешіміне тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Бұл бір ғана өңірдің не ұлттың тағдыры емес, адамзаттың қасіреті екенін көрсететін осы мысал Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құрудағы әрекетіне назар аудару керектігін тағы бір дәлелдейді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 29 тамызды Ядролық қаруға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп бекітуі Қазақстанның бастамасымен қабылданғаны белгілі. Атаулы күннің тарихына үңілген The Times журналы «БҰҰ жыл сайын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың полигонды жабу туралы шешіміне орай Ядролық қаруға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін атап өтеді» деп жазған.
1991 жылы 9 қыркүйекте The Times журналы аймақтағы ядролық қарудың болашағына алаңдаған Батыс елдері үшін Елбасының Семей полигонын жабу туралы шешімі жақсы белгі екенін жазған екен. «Семей сынақ алаңының 1991 жылы Кеңес Одағының ыдырауы қарсаңында жабылуы символдық мәнге ие болды», деп жазды The Times журналы.
Әлемдегі ірі державалардың бірі – Кеңес Одағы ыдыраған тұста ядролық қарудың басым бөлігіне ие посткеңестік елдердің алдағы шешімі дүние жүзін алаңдатқаны түсінікті. Сол кезде Семей полигонының жабылуы зұлмат қарусыз бейбіт әлемнің алғашқы үміт-сәулесі болды. Осылайша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімі тәуелсіз Қазақстанның болашағымен қатар, халықаралық аренадағы беделі мен орнын айқындап берді деуге толық негіз бар.