Ұлттық банк өкілдерінің хабарлауынша, 2021 жылдың екінші тоқсанында шағын бизнес тарапынан несиеге деген сұраныс біршама өскен. Несие өтінімдерінің басым бөлігі жеке кәсіпкерлер тарапынан көбіне мемлекеттік бағдарламаларға қатыспайтын банктерге келіп түсіпті.
Ұлттық банк несиелеу бойынша банктер арасында сауалдама жүргізіп, несие ресурстарына деген сұраныс пен ұсыныстың негізгі үрдістерін анықтауға тырысып көрген. Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының міндетін атқарушы Олжас Көбенбаевтің айтуынша, II тоқсанда шағын бизнес тарапынан түскен өтінімдердің жалпы саны I тоқсанмен салыстырғанда 29 пайызға өсіп, 155 мыңды құраған.
«Ірі банктерде несиеге деген сұраныс ірі бизнес тарапынан төмендегенімен, банктердің көпшілігі орта бизнесте сұраныс артқанын атап өтті. Ірі және орта бизнес тарапынан түскен несие өтінімдерінің саны тоқсан ішінде жалпы айтқанда 9 пайызға 1,3 мыңға дейін өсті. Банктердің бизнесті несиелеуге дайындығы артты. Кәсіпкерліктің ірі және орта сегментіндегі мақұлдау коэффициенттері өсіп, өткен тоқсандағы 55 пайыз және 57 пайызбен салыстырғанда, тиісінше 62 пайыз және 76 пайызды құрады» дейді О.Көбенбаев.
Алайда мемлекеттік бағдарламаларға қатысушы банктерге шағын бизнес тарапынан түскен несие өтінімдерінің мақұлдау үлесі 24 пайыз болған. Бұл көрсеткіш бірінші тоқсанда 31, былтырғы төртінші тоқсанда 76 пайыз болған еді. Әзірге банктер несиелеу талаптарын өзгертуді жоспарлап отырған жоқ. Олар үшінші тоқсанда кәсіпкерліктің барлық сегменті тарапынан сұраныс артады деп күтетінін жасырмайды.
«2021 жылдың II тоқсанында ипотекалық несиелеуге деген сұраныстың артуы – «Баспана хит» бағдарламасы бойынша бөлінген лимиттерді игерудің аяқталғаны туралы хабарландырумен және халықтың тұрғын үй сатып алу немесе жөндеу мақсатында зейнетақы жинақтарын қолдану бағдарламасына деген қызығушылығының жалғасуымен байланысты. Ипотекалық несиелер бойынша өтінімдер саны 30 пайызға өсіп, 97 мыңды құрады, ал мақұлдау үлесі II тоқсанда 74-тен 78 пайызға дейін ұлғайды», деді департамент өкілі.
Респонденттердің ақпараты бойынша, маркетингтік акциялар өткізу және пайыздық мөлшерлемелердің өзгеруі кепілсіз тұтынушылық несиелер мен автонесие бойынша сұраныстың өсуіне оң әсер етіпті. Есептік тоқсанда олар бойынша өтінімдер саны 31 және 11 пайызға өсіп, мақұлдау үлесі 47 және 14 пайызды құраған. Сонымен қатар жекелеген банктердегі клиенттердің төлем қабілеттілігіне қойылған жоғары талаптар кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық несиелерге деген сұранысты біршама азайтты.
Банктердің бөлшек несиелер беруге дайындығы бұрынғы қалпында қалды. Сонымен қатар тұтынушылық несие шартында сыйақы мөлшерлемесінің төмендеуі, несие өтеудегі ең ұзақ мерзімнің ұлғаюы және пайыздық мөлшерлемеге қатысы жоқ комиссиялардың да төмендеуі байқалды, дейді О.Көбенбаев.
«Келесі тоқсанда жеке банктер өз өнімдері бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетуді жоспарлап отыр және сәйкесінше, ипотекалық несиелендіруге деген сұраныстың артуын күтеді», деді ҰБ өкілі.