• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2010

ЫНТЫМАҚ ЖАРАСЫМЫ

732 рет
көрсетілді

Өскеменде “Бір шаңырақ астында” атты облыстық достық форумы өтті Жақында Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің бас­шы­лары, Достық үйлерінің дирек­торлары, республикалық және облыстық мемлекеттік құрылым­дардың басшылары, облыстағы қала мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат, мәде­ниет және тілдерді дамыту бөлім­дерінің меңгерушілері, қоғамдық секторлардың өкілдері қатысуы­мен “Бір шаңырақ астын­да” атты облыстық достық форумы болып өтті. Бұл – облыс орталығында дәстүрге енген игілікті бастама. Айта кету керек, елімізде ең бірін­ші дүниеге келген Өскемен­дегі Достық үйі болатын. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Елбасы Н.Назарбаев Достық үйіне келіп, игі тілегін білдірген. Елбасы Н.Назарбаевтың бас­шы­­лығымен қазақстандық үлгідегі этносаралық және конфессияара­лық қарым-қатынас қалыптасты. Бүгіндері біздің еліміздегі “достық үлгісі” әлем елдерінің қызығушы­лығын кездейсоқ тудырып отыр­ған жоқ. Себебі, көптеген ғасыр өтсе де адамдар бір-бірімен ынты­мағы жарасып, тату өмір сүруге әлі толық қол жеткізе қой­ған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанн­ың тәжірибесі жалпы келісімнің бір түрі ғана болуы мүмкін және бүгінгі күнде ол озық үлгі ретінде өз сұраныс­тарын тауып отыр. “Бір шаңырақ астында” дос­тық форумында бірінші болып сөз кезегін Д.Серікбаев атындағы Шы­ғыс Қазақстан мемлекеттік тех­ни­калық университетінің про­фессоры Евгений Григорьев алды. Реті келгенде айту керек, Е.Гри­горьев – қазақ халқын ерек­ше жақсы көретін, хакім Абай туралы бірнеше кітаптар жазып, екі тілде шығарған ұлтжанды азамат. Ұлттар достығын, бірлік пен ынтымақты жалау етіп көтерген ғалым алқалы жиында да ойлы пікірмен ерекшеленді. Шығыс Қазақстанда 74 этно­мәдени бірлестік және Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан хал­қы Ассамблеясы жанынан құрыл­ған “Ынтымақ – Содружество” жастар бірлестігі қызмет етіп келеді. Кенді Алтайда 5 Достық үйі жұмыс істейді, олар Өскемен, Семей, Риддер қалаларында және Глубокое, Шемонайха аудан­дарын­да орын тепкен. Шырайлы Шығыста Достық үйі елімізде бірін­ші болып құрылғанын жо­ғары­да айттық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Достық үйіне келген кезде оны құрушылармен кездесті, ақылман қария, Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеухан Қоғабаевпен, басқа да қарттармен емен-жарқын әңгімелесті. Сол жолы Президент осындай ынты­мақ пен достықтың “алтын дің­гегі” – этномәдени бірлестіктерді басқа да облыстарда ашатын ойы бар екенін тілге тиек етті. Қазір Қазақстанның барлық облыс­тарында Достық үйлері ашылған және еліміздегі ынтымақ пен бірлікке қызмет етуде. Елбасы осын­дағы естелік кітапқа: “Қазақ­стан халқының достығы – еліміз­дің баға жетпес игілігі. Әртүрлі ұлт өкілдерінің өзара сенімділігі, заң алдындағы теңдігі болмаса, мемлекеттің гүлденуі де болмайды. Демек, қарапайым адамдардың бақытты өмір сүруі де мүмкін емес” деген сөздерді жазған бола­тын, деп ағынан жарылды про­фессор Е.Григорьев. Бұдан кейін сөзді Шығыс Қазақ­стан татар мәдениет орталы­ғының төрағасы Ғабдулхай Иш­муратов алды. Айта кету керек, Кенді Алтайда мыңдаған татар өмір сүріп жатыр. Облыстағы татар этномәдени бірлестігі 1996 жылы қазан айында құрылды. Оны құруға ықпал жасаған оның алғашқы төрағасы, Шығыс Қазақ­стан мемлекеттік универси­тетінің профессоры Исмағұл Шамсут­динов болатын. Ол бірлестікті төрт жыл жемісті басқарған соң тізгінді Ғ.Ишмуратовқа тапсырды. Л.Әу­бәкірова, Р.Цис, М.Асқаров, М.Сүлейменова, тағы басқалар орталықтың аяғынан қаз тұрып кетуіне көп үлес қосты. – Татар халқында да “көрші­нің хақы зор” деген мәтел бар. Бұл нені білдіреді? Тек көршің ғана емес, жалпы адамдардың бір-бірімен тату, бірлігі мен ынтымағы жарасқан болуын меңзейді. Татар мен қазақ ежелден ағайын. Қазір де екі ел басшылары жиі қарым-қатынас жасап тұрады. Біздер, татарлар ұлттық дәстүрді жалғас­тыруға көңіл бөлеміз. Жыл сайын Комсомол аралында “Сабантой” ұлттық мерекесі өтіп тұрады. Мере­келер, таңдаулы халық ән­дері, билері, музыкасы, ұлттық спорт түрлері бойынша өтетін жарыстарға, татардың ұлттық салт-дәстүрін насихаттайтын кештерге адамдар көп жиналады. Қысқасы, Шығыс Қазақстандағы барлық этностар татулықты басты назарда ұстай бермек. Енді менде мынадай бір ой бар. Жақында Өскеменде ашылатын мәдени саябаққа Ұлы Отан соғысының қаһарманы, жер­лесі­міз, партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің есімін берсек, ұрпақ­тардың қарызы өтелер деген ойдамын, – деп Ғ.Ишмуратов тың ойдың шетін шығарды. Бұдан кейін әзірбайжан және орыс этномәдени бірлестіктерінің өкілдері сөз алып, атқарып жатқан жұмыстары жайында әңгімеледі. Елдегі сүттей ұйыған тыныш­тық, береке мен ынтымақ ел игілігіне жұмыс жасауда. Бірде-бір қазақстандық ұлтаралық жанжал­дар­дың құрбаны болған жоқ. Көрші Қырғызстандағы жағдайды білесіздер. Қаншама адам құрбан болып, әдемі ғимараттар қирады. Бұдан кейін Қырғызстанға дамы­ған елдер инвестиция тартады деу қисынға келмейтіндей. Себебі, тату елдер ғана өз экономикасын жақ­сарта алмақ. Үстіміздегі жыл­дың тамызында Өскеменде Қазақ­стан Президенті Н.Назарбаев пен Ресей Президенті Д.Медведевтің қатысуымен ірі инвестициялық халықаралық форум өтпек. Бұл – елдегі ірі жаңалықтардың бірі. Өйткені, дамыған бай елдерден ірі компаниялар мен холдингтердің басшылары келіп, еліміздің Шы­ғы­сындағы экономиканың жағ­дайымен танысып қана қоймай, мол қаржы құймақ. Міне, осының өзі Қазақстан лидері Н.Назар­баев­тың беделі мен ірі тұлғасын ай­қын­дап тұрғандай. Ел тұрғын­дары да осыған сай достығын тереңдете берсе, нұр үстіне нұр болмақ. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев достық форумында терең де мағыналы сөздер айтты: – Қазақстанның беделі күн сайын көтеріліп келе жатқанын көріп, біліп отырсыздар. Тіпті, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға­лық етуі үлкен тарихи оқиға. ТМД елдері бойынша төрағалық ету бақыты әзірше біздің маңдайы­мызға жазылыпты. Бұл да Елбасы Н.Назарбаевтың бүкіл әлем ал­дын­д­ағы зор беделінің арқасы екені күмәнсіз. Шілдеден бастап Ресей, Қазақстан және Беларусь мемле­кеттері Кедендік одақ бо­йынша қарым-қатынасқа көшеді. Ал бұл дегеніңіз, дүкендер тауар­ларға толып, қажетті заттарды толық тұты­на аламыз деген сөз. Қытай мен Қазақстанның Шанхай ынты­мақтастық ұйымы аясында бірігуі де шетелдер алдында мәрте­бемізді биіктетіп тұр. Өскемендегі Достық үйінде отыздан астам этномәдени бірлестік бірігіп жұ­мыс істеп жатыр. Мен аудандарды жиі ара­лай­мын, барған сайын аудандар мен қалалардағы Достық үйлеріне кіріп, олардың жұмысы­мен таны­самын. Осындай Достық үйлері барлық аудандарда ашылып жатса, нұр үстіне нұр. Биылғы қыс өте ауыр болды. Оңтүстік аудан­дар­дағы су тасқынынан мыңға тарта үй қирап, жарамсыз болып қалды, отыз мыңға тарта мал қырылды. Міне, осындай сын сәтте Елбасы­ның өзі қамқорлық қолын созды. Қазір апатты жоюға қыруар қаржы түсіп жатыр. Бірақ қауіп әлі сейіл­ген жоқ. Енді биік тау қырат­тарын­дағы мұз бен қар еріген соң өзен­дердің деңгейі кө­те­рі­ліп, су тас­қыны бола ма деген қауіп та жоқ емес. Ендеше, сақ болғанымыз жөн. Қиын кезеңде Қазақстанның барлық облыстары­нан көмек келді, ұжым­дар мен мекемелер бір күндік табыс­тарын аударып жатыр. Міне, бұл – нағыз үлгі тұтатын, қинал­ған кезде адамдардың бір-біріне деген қайы­рым­дылығын көрсете­тін игі дәс­түр. Олай болса, ел-жұрты­мыз аман болсын, – деді өңір басшысы. “Ұлттық шығармашылық пен мәдениетті дамытуға, этносаралық келісім мен тұрақтылықты нығай­туға үлес қосқаны үшін” берілетін облыс әкімінің жыл сайынғы сый­лығы 2006 жылы бекітілген. Биылғы достық форумы аясында облыс әкімінің сыйлығы бесінші рет тап­сырылды. Бұл жолы өңір басшы­сының қолынан сыйлық­тарды Өскемендегі Достық үйі директоры­ның міндетін атқарушы Б.Есдәу­летова, Семей, Риддер қала­лары мен Глубокое және Шемо­наиха аудандарындағы Достық үйлерінің жетекшілері А.Еременко, О.Корень, М.Пекур, О.Ушакова алды. Бұдан кейін түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері ән мен биден шашу шашып, ынтымақ пен бірлікті насихаттайтын көрі­ністер қойды. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.