• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Әдебиет 06 Қыркүйек, 2021

«Ұйқыдағы» ұйқысыз әйел

729 рет
көрсетілді

Осыған дейін әдебиет саласы бойынша үш бірдей Нобель сыйлығы лауреатының отаны саналатын Жапон әдебиеті біз үшін қызықты һәм жұмбақ болып келеді. Күншығыс елінде қалам ұстап жүргендердің ішінде қазір Харуки Муракамидің есімі жиі аталады. Нобель сынды алпауыт сыйлыққа жылда ұсынылса да, жолы болмай келе жатқан Мураками біздің оқырмандарға бөтен емес. Оның «Норвегия орманы», «Жағалаудағы Кафка», «Командордың өлтірілуі» сияқты аты алысқа жеткен шығармалары дүниежүзі оқырмандары арасында жақсы бағаға ие болды.

Бір сөзбен айтқанда, Му­ра­камидің ерекшелігі – бар­лық шығармасын бірінші жақпен жазып, өмірдегі кей істерді қаз-қалпында су­рет­теуі. Роман сияқты үлкен жанр­ға небәрі 29 жасында қадам тастаған ол әр туындысын аса байыппен, оймен оқырманға ұсына білді. Сол үшін де Му­раками шығармалары қа­зіргі Жапон әдебиетін шетел оқырмандарына жақын­да­та алған көп оқылымды туындылар санатында.

Оның «Ұйқы» атты әңгі­ме­сі түн бойы көз шыры­мын алмайтын әйел туралы. Әң­гімені оқи келе алдымен оның ішкі ойларымен танысамыз, содан кейін оның қазіргі күйге қалай түске­нін сезінеміз. Бұл шығар­ма­да әйел кейіпкердің мүлде ұйық­тай алмауы басты оқиға ретінде суреттеледі. Мей­лі фантастикалық оқиға ре­тінде болсын, оқыр­ман се­нуге мәжбүр. Тіпті болмаса оны басқа нәрсенің символы ретінде түсін­ді­руге де болады. Ал басты кейіпкердің ұйықтау мүм­кін­дігін жоғалтуына себеп бол­ған оқиғаға қатысты алуан түрлі болжам жасай аламыз. Көз шырымын ала­йын десе, төсегінің жанында құ­мы­рамен оның аяғына су құйып жатқан белгісіз қарт көз алдына келеді. Бұл оқи­ға­дан кейін әйелдің мінез-құлқы кенеттен өзгереді. Осы шығармасында Харуки Мура­­ками басты кейіпкердің әре­кеті арқылы қазіргі адам­дар мен біз өмір сүріп жат­қан қоғамның арасын бай­ланыстырады. Күтпеген мүм­кін­діктердің арқасында үй шаруасындағы әйел өзінің түнгі өмірін бейтаныс кеңіс­тік аясында өткізеді. Бір қы­зы­ғы, күндізгіден мүлдем өзге­ше әлемде ол отбасы, өзі туралы ойларға батады, қала берді өлімнің мәні туралы да ой теңізіне шомады.

 Кейіпкер бірде: «Бұл менің ұйқысыз 17-ші түнім», дейді. Ұйқысыз күйде қараңғы сәтті өткізу үшін әйел жасөспірім кезінде жақ­сы көретін романын қайта парақтайды, анықтап айт­қанда, атақты «Анна Каре­нинаны» оқып, өзін және ұйқысыз түнін алдайды. Толстойдың тартымды романы мен тәтті шоколад оның ермегіне айналады. Мураками бір сұхбатында: «Мінсіз жазу деген болмайды. Мінсіз үмітсіздік деген бар», дейді. Анық­тап оқысаңыз, ол әр шығар­масын мінсіз жазуға ұм­тыл­ған сыңайлы. Бізге ой салып отырған Харуки Мура­ка­ми­дің бұл әңгімесі қоғам­ның шегінен шығу туралы сюр­реалистік шығарма. Әңгімедегі он жеті түн ұйық­та­мау көрінісі біз білетін әдеттегі ұйқысыздыққа ұқса­май­­ды, өйткені оның (кейіп­кер­дің) ойы үнемі ояу. Ол кү­йеуімен және ұлымен бірге тұрады. Күнделікті жұ­мы­сын дұрыс істейді. Тіпті ұй­қысыздығы үшін дәрі­герге де тексерілуден бас тартады. Осы арқылы автор­дың кейіпкер әйелді ұйқы­сыздыққа душар етуі арқы­лы қоғамның ояу болуын айтқысы келгенін анық түсі­не­міз.

«Ұйқыда» оқиғалар бір түнде қайталанды. Кейіпкер қорқынышты түс көреді, қайта оянады, бірақ сал бол­ған­дай әрі-бері жүре алмай қалады. Оқиға одан әрі оның қоғамнан, отбасынан, достарынан бөлінуіне және өзіне толық көңіл бө­луі­не жалғасады. Көркем шы­ғар­ма­да сөз, сөйлемдерді орнымен қолдану, тілге жеңіл һәм қарапайым жазу да жазушы үшін шеберліктің бір түрі. Бұл қасиет Муракамиде жиі кездеседі. Мейлі оның «Норвегия орманын» оқыңыз, әр жазғанын жер бетінің әрбір оқырманы оңай түсіне алады. Шеберлік туралы жазушы Ғабиден Мұстафин: «Шеберлік – сөздің орнын табуда, мөлшерін білуде. Мұны білгеннің әр сөзі алтын. Жалғанда не терең? Сөз терең, не сұлу? Сөз сұлу. Не өткір? Сөз өткір. Оның бұл қасиеттерін адам адам болғалы бері пайдала­нып келеді. Әлі күнге еш­кім шегіне жете алған жоқ. Демек әр жазушы өз тұ­сын­да өзіндік сөз өнерін көр­сетуіне әбден болады. Көр­се­те алмаса, кінә өзінде», деп жазады. Шынында сөз­ден өткір ештеңе жоқ еке­ні рас. Шекспир де, Гюго мен Диккенс те, Толстой мен Достоевский, өзіміздің Абай мен Әуезов те өздері өмір сүрген қоғамның бет-бей­несін сөздің өткірлігімен сал­мақ­тап отырған. Мураками шығармашылығындағы терең ой­лылық әлем оқыр­ман­да­ры­ның назарынан тыс қал­ған жоқ. Біз сөз етіп отыр­ған «Ұйқы» шығармасы Му­ра­­­ками қаламының өз тұ­сын, қоғамын шағын ғана эпизодтармен суреттегені шындық. Муракамидің қа­ла­мы бүкіл өмір бойы адам, қоғам, махаббат және ізгі­лік тақырыбында сөз қозға­ға­ны анық байқалады. Оның ұмтылысы Толстойды да, өз жерлесі Кобо Абэні де қай­таламайды. Оның оқыр­ман­дарының көбі АҚШ территориясында екенін айтылады. Демек Мураками шығармашылығы Батыста әлдеқашан танылып үлгерген мінсіз туындылар болмақ. Сол үшін де Мураками дәуірі оқырман үмітін селге ке­тірмейтін, не жазса да шы­найы жазатын қасиеті ар­қылы қоғамға тұщымды жауап бере алатын ойдың әлемі. «Ұйқыдағы» ұйқысыз әйел айналамызда болып жатқан әртүрлі қозғалыстың бейнесі, Жапон қоғамының бүгінгі халі деуге де тиіспіз. Шығарма өзегінде әйел – қоғам, әйел – сөз, әйел – мұң мен қасірет, әйел  үміт болып жалғаса береді. Ендеше, сіз осы туындыдағы кейіпкердің көз ілмеуін біз өмір сүрген қоғамның, ойдың, сананың, қала берді қиял мен қаламның көз ілмеуі деп ойлай беріңіз.