• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Технология 08 Қыркүйек, 2021

Жеке деректер көрінгеннің қолында кетпесін десек...

603 рет
көрсетілді

Әр онжылдық сайын адамзат түрлі қиындықпен бетпе-бет келеді. Ақпараттық технологияның дамуы тарихта болмаған жаңашылдықты алып келді. Алайда бұл үрдіспен қатар, жаңа мәселелер де туындай бастады: күнделікті қолданып жүрген әлеуметтік желіден бастап, өзге де пайдалы онлайн платформаларда әр қолданушының жеке басына қатысты деректер сақталған.

Бір қарағанда бұл онлайн плат­формалардың барлығы қауіп­сіз көрінеді. Өйткені олар­дың мақсаты адамдардың өмі­рін жеңілдетуге бағытталған делінген. Мәселен, әлеуметтік желі арқылы достарыңмен, жа­қын­­дарыңмен және әріп­тес­те­ріңмен оңай байланысуға болады. Ал енді біреуі қалада еркін қозғалуға, керек мекенжайды оп-оңай табуға жәрдемдеседі. Қауіпсіз болып көрінген бұл ақпаратты кім, қандай мақсатта қолдануы мүмкін деген ой адам­ның санасына да кірмейді. Жа­ңа­дан шыққан онлайн өнімді талқылап, бір-бірімізге жарнамалап жүргенде, компаниялар миллиардтаған доллар тұратын ақпарат қорын жинақтап алады. Яғни бұл жерде нағыз өнім – сіз, сіз жөніндегі деректер.

Жалпы, дамыған елдердің сарапшылары ақпараттың, де­рек­тердің құпиялылығы мен қауіпсіздік мәселесін компьютерлер пайда бола бастағаннан бері айтып келеді. Одан бері экономика, әлеуметтік жағдай мен технология күрделене түсті. Бұрындары ақпараттық қа­уіпсіздік туралы айтқанда, қол­да­нушының онлайн әрекетін бақылап, соған сай тауарлар мен қызметтердің жарнамасы шыға келетініне көбірек кө­ңіл бөлінетін. Технология бі­з­­дің ойымызды оқып, қала­уы­мызды қайдан біледі дегенге бас қатыратынбыз. Қазір жағ­дай басқа. Соңғы жылдары бірқатар саяси жанжалдарға себеп болған деректер қауіпсіздігі этика мә­се­лесін туындатты. Осы­лай­ша, деректердің құпия болуы қазіргі дәуірдің басты әлеуметтік және мәдени мәселелерінің біріне айналды. Кез келген адам ғана емес, бизнес пен үкімет те қай мә­ліметті жариялап, қайсысын құ­пия ұстау керегін қадағалап отыр­ғысы келетіні белгілі. Алай­­­­­­да тех­но­логияның дамуы­мен де­ректерді құпия сақтау мүм­кін емес секілді көрінеді.

Халықтың көбі қазір өзде­рі­нің жеке дерегі аз қорғалған деп санайды екен, деректерді жинаудың артықшылығынан гөрі, қауіпті тұсы көбірек екеніне сенімді. Сондай-ақ олар Pew Research орталығы жүргізген зерттеуде АҚШ тұрғындарының оннан алтысы күнделікті өмір­де бақылаусыз өмір сүру мүм­кін емес деп есептейді. Олар­дың айтуынша, компаниялар мен үкіметтер мәліметтерді күн­де­лік­ті жинақтап отырады.

Денсаулық сақтау саласында да құнды мәліметтер жет­кі­лікті. Дамыған елдерде бұл са­ла­ның цифрландырылғанына біраз жыл болды. Осы секілді Қазақстанда да тұрғындар мен мемлекеттік емханаларды бай­ланыстыратын Damumed қо­сымшасы іске қосылған. Нау­қас­тардың денсаулығы жайлы мәлімет жекеменшік компа­ния­ның қолында деуге болады. Оның қалай қорғалғаны белгісіз. Адамның бет-әлпетін тануға арналған құрылғылар мен да­уыс арқылы басқарылатын тех­но­логияның да қауіпті екені бел­гілі. Соңғысы қолданушыны бар­лық уақытта тыңдап отыратыны бар. Сонда қолымыздағы құрылғы аузымыздан шыққан әр сөзді аңдып отырса, платформада аты-жөніміз, телефон нөмірімізден бастап банк мә­лі­мет­теріне дейін болса, қан­дай қауіпсіздік пен құ­пия­лы­лық туралы сөз қылуға болады?

Әлемде кеңінен таралған Facebook әлеуметтік желісінің осы мәселе бойынша басы бір­не­ше рет дауға қалғанын білеміз. Оның ішінде бизнестен бөлек, бір елдің саяси науқанына әсер етуге тырысқаны туралы айыптаулар бар. Міне, осы секілді оқиғалар жеке ақпараттың қан­ша­лықты қолжетімді болып кет­ке­нін көрсетеді. Компаниялар ақпараттық дәуірге дейін, компьютер пайда болғанға дейін де өз қолданушылары туралы ақпаратты жинағаны белгілі. Алайда ол әрекеттің көлемі қа­зір қаншалықты ұлғайғанын есептеудің өзі мүмкін емес. Қазір тұрғындар туралы ақпарат ірі технологиялық компаниялардың барлығында бар. Бизнес осы деректі сатып алып, өз керегіне қолданады. Осыған дейін жеке деректердің жария болуы туралы мәселе көпті алаңдатпайтын. Соңғы жылдардағы оқиғалардан кейін көптеген қолданушы өз деректерінің қалай, қайда сақ­та­латынын ойлана бастады. Бұл мәселеге жеке тұлғалар ғана емес, үкіметтер де назар аудару­да. Мәселен, Еуропалық одақ 2018 жылы деректерді қорғауға байланысты General Data Protection Regulation деген атау­мен ресми құжат қабылдады. Ол бойынша тұтынушылардың құ­қығы анық көрсетілген. Ком­па­ниялар жеке тұлғаның мә­лі­метін жинайтыны туралы арнайы ескертуі қажет. Ол ке­лісімшарт негізінде көзге ілін­бей­тін майда әріптермен емес, тұтынушы көретіндей оңай әрі анық жазылуы тиіс. Құжат бо­йынша тұтынушылар, сондай-ақ өзі туралы мәліметті көріп, қолдануға мүмкіндік алуы қа­жет. Қажет болса компания қол­данушының мәліметтерді өшіру туралы өтінішін жерде қалдырмай, орындауға міндет­ті. Бұл тек Еуропалық одақ аумағында орналасқан бизнес­терге ғана қатысты емес. ЕО аза­маттарының жеке мәлі­ме­тін қол­данатын кез келген ком­па­ния­ға ережені бұзған жағ­дай­да қатал шаралар қол­да­ны­лады. Олар 20 миллион еуроға дейін немесе жылдық кірісінің 4 пайызына тең айыппұл төлеуі мүмкін. Міне, ЕО азаматтары осы құжат шеңберінде заңмен қорғалған. Ұлыбритания үкіметі осы құжаттың баламасы ретінде тұрғындарды қорғау үшін The Data Protection Act 2018 құжатын қабылдаған. Одан бөлек денсау­лық сақтау саласындағы құ­пия­­лықты Health Insurance Portability and Accountability Act (HIPAA) құжаты қамтамсыз етеді. Ал АҚШ-тың банк секторы Gramm-Leach-Bliley Act (GLBA) келісімімен қорғалған. Банктер, инвестициялық фир­малар, ипотекалық несие беру­ші­лер, қаржылық кеңес­ші­лер, тұтынушылық несие беру­ші­лер және өзге де меке­ме­лер­дің құпия ақпараты құқықтық жағынан осылай қорғалған.

Тұтынушыларға қорғауға ба­ғытталған тағы бір құжат­тар­дың бірі Consumer Privacy Act (CCPA) деп аталады. Бұл – 2018 жылы АҚШ-тың Ка­ли­фо­р­ния штатының тұрғын­да­рының жеке мәліметін және тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған мем­ле­кет­тік заң. Осы секілді ресми құжаттар технологиялық ком­панияларға толық еркіндік бер­мей, әрекетін бақылап отыр­ғанын көрсетеді. Алайда әлем­де азаматтарының жеке деректерін қорғайтын мемлекет деңгейіндегі заңдар мен құжаттар барлық елде қабылданбаған. Байқағанымыздай, әзірге тек да­мыған елдердің азамат­та­ры­ның құқығы ескеріліп отыр. Соңғы мәліметтерге сенсек, 2021 жылы қаңтар айында Жер беті тұрғындарының 59,5 па­йы­зы интернетке қосылған. Бұл дегеніміз технологиялық ал­пауыт компанияларда біз ой­лағаннан да көп дерек бар. Пандемия кезінде мемлекеттік меке­мелерден бастап жеке­мен­шік компаниялардың қыз­меткерлері үйден жұмыс іс­теу­ге мәжбүр болғанын ескерсек, желіде қаншама құпия құжаттардың сақталғанын елес­тете беріңіз. Ал хакерлер үшін бұл мәліметке қол жет­кі­зу аса қиындық тудырмайды. Сол секілді технологиялық ком­па­ниялар өзінде сақталған мә­лі­мет­терді үшінші тарапқа сатпаса да, оны қауіпсіз сақтай ала­тынына күмән көп. Сол се­бепті Қазақстан секілді дамушы елдердің де деректерді қорғау саласына көңіл бөліп, күн тәртібіне шығарғаны абзал. Соңғы жылдары цифрландыру үрдісімен қатар елде тұрғындар туралы ең ірі құнды деректерді жинақтаған дижитал платформалар да көбейді. Тұрғындар мем­лекеттік egov, kaspi kz се­кілді банк қосымшалары, білім беру саласында kundelik, ден­сау­лық саласында damumed, күн­делікті yandextaxi, indriver секілді қосымшаларды, пандемия кезінде ең қажетті zoom бейнебайланыс алаңдарын үз­дік­сіз қолданады. Одан бөлек Whatsapp, Facebook, YouTube, Twitter, Google секілді әлеу­мет­тік желілер тағы бар. Сарап­шылар осы онжылдықтың басты мәселесі дәл осы деректердің құпиялығын сақтау болатынына сенімді. Халықтың жеке мәліметіне сақ болып, цифрлы сауатын арттыру мәселесі кезек күттірмейді.