• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 09 Қыркүйек, 2021

Ел мен тіл мүддесіндегі жауапкершілікті сезіне білейік

475 рет
көрсетілді

Заманның сәт сайын өзгеруі кез келген қоғамның алдына тың әрі жаңа да жедел міндеттерді алға тартады. Ел Тәуелсіздігінің отыз жылы аралығында сан өзгерістерге түскен дүниенің құбылмалы сәттерін тізбелеп айтпастан бұрын бірауыз сөзбен «әлем өзгеріп жатыр» деуге болар еді. Иә... әлем өзгеріп жатыр. Қазіргі жаһанданудың қарқыны адам баласы ойламаған шапшаңдықпен, тіпті көз ілестірмес жылдамдықпен өрістей түсуде. Өйткені әлем, соның ішінде адамзат баласы өзін және өзінің мемлекеттілігін сақтап қалудың жан алыс та, жан беріс күйін басынан өткеруде.

Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ха­лық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жол­дауына назар аударсақ, осы құжат­тың «халық бірлігі» деп басталуы және де «жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» деп аталуы тегін еместігін ұғы­намыз. Екеуі де маңызды ұғым. Прези­дентіміз халық бірлігін ауызға неге бірінші болып алып отыр десек, қазіргі дүниенің дамуында жалғыз қазаққа ғана емес, дүние халықтарының барлығына да бірлік керек екені түсінікті. Пандемия кезіндегі адамзат тағдыры бір кеменің үстіндегі халге көшкені анық.

 «Еліміз Тәуелсіздік жылнамасы­ның төртінші онжылдығына қадам бас­қалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайты­ны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сон­дық­тан кез келген сын-қатерге да­йын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет», деді Прези­дент өзінің Жолдауында. Алға ұмтылу де­гені­мізді ең әуелі еңбек ету деп ұғын­­ға­нымыз абзал. Маңдайымыздың терін сор­ғалата жүріп еңбек етпейінше, өзі­мізге керек-жарақты өз қолымызбен жаса­ма­йынша қағанағымыз қарқ, сағана­ғы­­мыз сарқ бола қоймасы анық. Алайда қоғамды дендеп бара жатқан масылдық пиғылды қазір әбден аңдауға болады. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауында «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сон­дық­тан қиын жағдайға тап болған азамат­тарға жан-жақты көмек көрсету – бас­ты міндеттердің бірі. Алайда қоғам­да па­терналистік көңіл күй және әлеумет­тік ма­сылдық үрдісі белең алуда», деген жа­найқайын әбден орынды деп білеміз. Па­тернализм дегеніміз би­лік азаматтардың негізгі талаптары­ның біразын орындаған сайын, азамат­тар билік­ке өз дегендері мен айтқандарын орын­датуға ұмтылады.

 Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары мектеп оқушыларынан бастап, мешіт қызметкерлері араласып өткізіп жатқан қайырымдылық шараларын мемлекеттің негізгі бір жұмысына айналған ба деп те қаласың. Әрине, біз бұған қарсы да емеспіз. Алайда теледидардан, не әлеуметтік желілерде жүк көліктеріне салтанатты жағдайда тиеліп жатқан қайырымдылық қоржындарын көріп, мұның өзі біздің ендігі өмір салтымызға айналып кетпес пе екен деп алаңдаймыз.

 Қай халықтікі екенін дөп басып айта алмаймын. «Біреуге көмектескің келсе, балық берме, қармақ берге» саяды сол сөз. Біраздан бері бізде бір үрдіс пайда болды. Ол – «қайырымдылық қоржынын» үлестіру. Жөн-ақ! Сол «қайырымды­лық қоржыны» тұрмысы төмен, қол-аяғы кем, басқа да мүгедек­тігі барларға үлестіріліп жатқан да болар. Әрине, сауап­ты іс. Дегенмен қазір мінберге немесе халықтың алдына шы­ғып есеп беретін кез келген деңгейдегі әкім­дерден бастап, басшылардың ендігі айтатындары да осы «қайырымдылық қоржыны» қанша адамға, қанша отбасына таратылғандығы болды. Сонда біз өз күндерін өздері көре алмай отырған және де күнкөрістері қиын қайыршы елге айналып барамыз ба?

 Ендігі арада сол «қайырымдылық қоржыны» неғұрлым көбірек үлестіріліп жатқан өңірде жұмыссыздық, берекесіз­дік орын алып отыр деп бағалануы керек. Біз қоржын үлестіруді дәстүрге айналдырудан, оны айтып, жариялап есеп беруден, болмаса өз қызметіміздің басты бір рейтингісі есебінде көрсетуден аулақ болсақ етті. Қайырымдылықтың да айтпай, үнсіз жасалғаны абзал емес пе? Қоржынның түбінде «масылдық» атты кесел жатпасына кім кепіл?!

«Әрине, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында, – біздің еліміз­дің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек!»

 Міне, қазақ қоғамы шалдыққан «масыл­дық» дертін біз ендігі арада жоқ дей алмасақ керек. Президент «бізге тү­бегейлі өзгеріс керек» деді. Бұл – талас тудырмайтын мәселе. Ең әуелі осы түбегейлі өзгерісті жасау үшін Үкімет халқымызды еңбек етуге жетелейтіндей, ынталандыратындай се­німді бағдарлама, сенімді жүйе жасауы тиіс. Бұл халқымыздың басым көп­ші­лігін еңбекке жұмылдыруға әсер ететін болуы керек. Біраз уақыттан бері айтылып келе жатқанымен, ауыл халқы асырап ұстап отырған малын, оның өнімдерін, тері-терсегіне дейін, оңтүс­тіктің диқандары өсірген жеміс-жидек­тері мен көкөністерін күні бүгінге шейін қайда апарып өткізерлерін білмей салдары суға кетіп, кей жағдайда еңбектері еш болып жүр. Күнкөрістері үшін малдарын татымсыз бағамен қала базарларының делдалдарына бере салатын жағдай­лар да аз емес. Ендігі арада Үкімет ауыл хал­қының өндірген өнімдерін шаруаның басын қатырмай-ақ, жергілікті жерлерде сатып алу жүйесін орнықтыруға мін­детті болса дейміз. Ауыл адамы сой­ған малының тері-терсегін, қойынан қырыққан жүнін бүгінгідей боқтыққа апарып тастамайтындай, соларды өт­кізіп, одан тиын-тебен алатындай жағ­дай жасалса, ұстаған малынан пайда бар екендігін сезінсе, сөз жоқ, еңбек етер еді. Әзірше де, болашақта да қазақтың асыраушысы мал екенін ескерейік!

 Бізге, ең бастысы, әуелі қазақ баласын бір мүдде, бір мақсатқа жұмылдыратын бағыт-бағдар керек. Өйткені қазіргі жағ­дайда қоғамдағы түрлі пікірсайыс негі­зінен мемлекеттік тіл – қазақ тілінің төңі­регінде болып жүр. Тәуелсіз ел бол­ған отыз жыл бойы айта-айта жауыр болған тақырыптардың бірі – осы қазақ тілі. Бұл орайда Президентіміз «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі!» деп мәселенің басын ашып берді. Және де бұл – Конституциямыз қабылданған күннен бастап белгілі жайт! Ендеше, мем­ле­кеттік тіл мәселесі Қазақстан қоға­мын­да неге шешілмей келеді? Біздің­ше, қазақ тілі ең әуелі қазақ баласы­ның өзіне керек болмай отыр. Егер де елі­міз­дегі қазақ халқының 80-90 пайызы өз ана тілінде сөйлеп, сол ана тілін өз қыз­метінде қолдана білсе, қазақ тілінің бағы жана түспес пе еді?!

 Қазір кей жағдайда мемлекеттік тіл жайлы арнайы заң қабылдап, орыс тілін ұлтаралық тіл ретінде Консти­ту­ция­дан алып тастау қажет деген пікір­­лер айтылып жүр. Әрине, қуана қолдай­мын. Алайда өзім өмір сүріп отырған Қазақстанның солтүстік аймағының жағдайын көріп, біліп отырғаннан кейін тілім­ді тістей беремін. Осы орай­да «Орыс тілі ресми тіл мәрте­бесіне ие. Біз­дің заң­намаға сәйкес оның қолда­нылуын шек­теуге болмайды. Болашағын Отаны­мызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың бас­ты белгісі деу­ге болады. Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін жетік меңгерсе, бұдан еш ұтылмайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ресми алты тіл­дің бірі. Сондықтан бұл мәселеге пара­саттылықпен қарауымыз қажет», деді Президент Жолдауында. Бұдан асырып, түсінікті етіп қалай айтуға болады?

Қорыта айтқанда, «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыт­тарының бірі болып қала береді», деген Президентіміздің Жолдаудағы бірауыз сөзі үміт сәулесіндей болып сезі­леді. Өз тіліміздің бағын өзі­міз жандыра ал­май отырған дәл осы кезең­де Пре­зи­денті­міздің осы сөзіне тоқтай­мыз. Енді баршамыз бір ғана тілде – мемлекеттік тілде сөйлейік, жазайық, тіл білмесек үйре­нейік, тіл білмейтіндерге кінә қой­ма­йық, тілді меңгеруге қолұшын берейік. Ең әуелі қазақтың тілі үшін әр қазақ­тың баласы өзін жауапты сезінуге міндетті.

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі

 

КӨКШЕТАУ