• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 09 Қыркүйек, 2021

Халықаралық қаржыландыруға мұқтажбыз ба?

315 рет
көрсетілді

Халықаралық даму банктерінің Орталық Азия елдерін қаржыландыруы бір жыл ішінде бір жарым есе өскен. Бүкіл қаржыландырудың 85 пайызы Өзбекстан мен Қазақстанға тиесілі. Ал екеуара бәсекеге салар болсақ, көрші ел халықаралық банктер қаржысын көбірек иеленген.

Еуразиялық даму банкі 15 халықаралық банктің базасын­дағы ақпараттарды негізге ала отырып тоқсандық шолуды жария еткен. Онда көрсетілгендей, 2020 жылы халықаралық қаржы институттары Орталық Азия ел­деріне 8,3 млрд доллардан астам қаржы бөлген. Бұл сома 2019 жылдағы ақшамен салыс­тырғанда бір жарым есе жоғары.

8,3 млрд доллардың 6,7 мил­лиарды тәуелсіз қаржылан­дыруға, техникалық көмек пен гранттарға жұмсалған. Жеке сектордағы қаржыландыру үлесі 2019 жылғы 42,6 пайыздан 2020 жылы 19,6 пайызға дейін азайып, 1,6 млрд доллар ғана бөлінген.

2020 жылы әсіресе, Өзбек­стан халықаралық қаржыны көбірек алған. Оларға берілген 4,3 млрд доллардың 3,8 млрд дол­лары – тәуелсіз займ, тех­ни­калық көмек және гранттар болса, 512 млн доллары – жеке секторға ұсынылған қаржы көлемі. Қазақстанға 2,8 млрд доллар бөлінген. Соның 1,8 млрд доллары – тәуел­сіз займдар болса, тағы 1 мил­лиарды – жеке секторға ұсынылған көмек. Халықаралық банктердің Тәжікстандағы қаржыландыру көлемі былтыр 740,9 млн долларды құраған. Бұл ретте Қырғызстанға – 508,2, Түрікменстанға 38,2 млн доллар бөлініпті.

Өзбек еліндегі қаржылан­дыру көлемі бір жылда 76,7 пайызға, Қазақстанда 35,4 пайызға өскен. Сондай-ақ біздің елдегі тәуелсіз қаржыландыру, техникалық көмек және гранттар 1 млн доллардан бірден 1,8 млрд долларға көбейіп шыға кел­ген. Оның есесіне жеке сек­торды қаржыландыру 2 есе қысқарған, керісінше Өзбек­станда жеке секторды қаржы­ландыру 3,8 есе артқан.

Орталық Азия елдерін қар­жы­ландыру тұрғысынан халық­аралық даму банктері ішінде Азия даму банкі көш бастайды – 2,7 млрд доллар. Одан кейінгі орында – Халықара­лық қайта құрылымдау және даму банкі мен Халықаралық даму қауымдастығы тұр: 2,1 млрд доллар. Сондай-ақ Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің де үлесі бар – 1,5 млрд доллар. Бұл банктер өз қаржыларын негізінен тәуелсіз займ ретінде ұсынған. Ал жеке секторды қаржыландыру жа­ғы­нан Еуропалық қайта құры­лымдау және даму банкі алда тұр – 881,2 млн доллар. Одан кейінгі орындарда – Еура­зия­лық даму банкі (598,4 млн дол­лар), Халықаралық қаржы кор­­по­­рациясы (120,5 млн доллар).

2020 жылы Халықаралық қайта құрылымдау және даму банкі мен Халықаралық қаржы корпорациясы Өзбекстанды қар­жыландырған ірі халықара­лық даму институты атанды. Олар 1,6 млрд доллар бөліп, соның 500 млн доллары «Ауыл шаруашылығын модернизациялау» жобасына және даму саясатын қолдау бойынша жобалар аясында тәуелсіз займ есебінде берілген. Одан кейін орналасқан Азия даму банкі ұсынған 1,3 млрд доллардың 500 миллион доллары – COVID-19 панде­мия­сының теріс әсерлерін жеңіл­детуге бағытталған.

Ал Қазақстанды қаржылан­дыру бойынша көш бастаған ірі даму банкі – Азия даму банкі (1 млрд доллар) және Азия ин­фра­құрылымдық инвестиция­лар банкі (750 млн доллар). Азия даму банкі негізінен әлеумет­тік және экономикалық қиын­дық­тарды еңсеруге, сонымен қатар пандемияға байланысты ден­саулық сақтау саласын күшей­туге орай қаржы бөлген. Азия инф­рақұрылымдық инвестиция­лар банкі болса COVID-19 пан­де­миясы туындатқан қиын­дық­тармен күресіп, бюджет жүгін жеңілдету үшін несие беруді мақұлдаған.