Облыс әкімінің баспасөз қызметі Маңғыстау облысында атом электр стансасын салу мәселесі қарастырылмағанын атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
«Президент өзінің Жолдауы барысында Үкіметке және «Самұрық-Қазына» қорына бейбіт атомды пайдалану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Қазіргі уақытта уәкілетті органдар осы тапсырманы пысықтауда. Сонымен қатар, Маңғыстау облысында атом электр стансасын салу мәселесі қарастырылмағанын атап өткен жөн», деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлмира Әбішева.
Еске салайық, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Қазақстанда 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы пайда болады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мұның ең оңтайлы шешімі – бейбіт атом. Бұл – күрделі мәселе. Сондықтан қауесетке сеніп, эмоцияға берілмей, оны барынша тиімді шешуіміз керек. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» бір жылдың ішінде Қазақстанда қауіпсіз әрі экологиялық таза атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеуге тиіс. Бұл мәселеге инженерлік саланы дамыту және атом саласындағы білікті инженер мамандардың жаңа буынын қалыптастыру мүмкіндігі тұрғысынан да қарау қажет. «Жасыл» сутегі өндірісі, жалпы сутегі энергетикасы – болашағы зор бағыттар. Үкіметке осы мәселе бойынша да ұсыныс әзірлеуді тапсырамын», деген еді.