• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 10 Қыркүйек, 2021

Көкейкесті мәселелер шешімі

756 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті биылғы Жолдауында пандемиядан кейінгі экономикалық дамудан бастап, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, денсаулық сақтау, қаржы, әлеуметтік, білім-ғылым салаларына айрықша көңіл бөлді, қозғалған маңызды мәселелердің ішінде мемлекеттік тілге де ерекше тоқталып өткенін айта кетуіміз керек.

Қай сала болсын дұрыс бағытта дамуы үшін оның бар жұмысын үйлестіретін заңнамалар сапалы болуы керек. Міне, осыны ескерген Мемлекет басшысы өз Жолдауында бюджет ережесін енгізу, мемлекеттік қарызды, бюджет саясатын және Ұлттық қорды басқарудың ережелер жинағын шығару, мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлеу, өнеркәсіп саясаты туралы заң қабылдау сияқты бұрын ескерілмей келген маңызды заңнамалық құжаттарды қабылдауға тапсырма берді.

 Бізде кенжелеп қалып келе жатқан отандық өнеркәсіп, оның ішінде өңдеу өнер­­к­әсібі неге дамымайды деген көбі­міз­­дің көкейімізде жүрген сұрақтың жауа­­бын да, шешімін де осы Жолдаудан тап­­тық деуге болады. Шикізат өндіруші ел бола отырып, сол шикізатқа отандық өн­­діру­­шілердің қолы жетпейді. Өйткені баға­­сы аспандаған, қымбат. Жолдауда қол­­дан күрделендірілген осы мәселені әзір­­ле­ніп жатқан Өнеркәсіп саясаты туралы заңм­ен реттеу жолдарын көрсеткен екен.

Сонымен қатар инфляцияның алдын­да қауқарсыздық танытып отыр­ған Үкі­мет пен Ұлттық банктің кемші­лік­терін айта отырып, қиын­дық­тан құ­тылудың жолдарына тоқталған. Инфл­я­цияны ауыздықтаудың бір жолы екінші дең­гейдегі банктерді де ауыл­ шаруа­шы­лығын қаржыландыруға қосу болса, енді бірі – саланың монополиялануына жол бермеу, енді бірі – азық-түлік бағасын рет­теу. Үкіметке бір айлық мерзімде осы мәсе­лелерді түзететін шешім қабылдауға тапсырма берілді.

 Мұның бәрі іске асар болса халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлкен септігі тиер еді. «Мал шаруашылығында түйткіл­ді мә­се­лелер бар» деген Мемлекет бас­­­­шы­сы: «Қазір мал жаятын жерге шаруа­­лар­дың қолы жетпей жүр. Өйт­кені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы бас­пайтындай етіп қоршап тастаған. Әкім­дер түрлі себептерді сылтауратып, ық­пал­ды адамдардың ығына жығылып, бұл мәсе­лені шеше алмай отыр», деп тап басып, та­ратып айтты. Ащы шындық! Жер ие­лену­ші латифундистер «шөп қорыған ит­тей» ол жерге ешкімді жолатпайды, өзі де игермейді. Ештеңе екпесе де жайы­лым­дық жерлерді жыртып тастап, мал жаю­ға жол бермей отырғандар туралы ақпа­раттар аз емес.

Осыған ұқсас бір мысал келтірейін. Жақында дүниеден озған әдебиетіміздің көрнекті ақсақалын көзі тірісінде «өмір­ден өткенімде мені осы жерге қойың­дар» деп, өз өсиетімен көздеп, нұсқаған тұстағы жол бойында жатқан төбешікке жерлемек болғанда сол өзі туып-өскен ауылының әкімі «ол жер біреудің жеке меншігі, рұқсатсыз қойғыза алмаймын, сүйегін әкелмеңдер» деп, қорғаштап, телефонмен шыр-пыр болғанына куә болдым. Ондай жандайшап әкімдер өлгенді жақындатпағанда тіріні жолата ма!?

Жолдау иесі «Үкімет осы жағдайды өзгер­туі керек» деді, сондықтан да шаруа қожа­лықтарының малын жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету үшін «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» Заң қабылдауға тапсырма берді. Жолдауда, жоға­рыда атап өткеніміздей, білім сала­сына айрықша көңіл бөлініпті. «Ор­та білім беру жүйесіндегі өткір проб­лема­ның бірі – мектептердегі орын тап­шы­лығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді», делінген.

Президентіміз елдегі ахуалды анық көріп, дұрыс мән беріп отыр. Бұған бір мы­сал – туып-өскен Зайсандағы өзім оқы­ған, Марат Қабанбаев, Асқар Егеу­баев, Рүстем Есдәулет сияқты ұлт әдебиеті мен ғылымына, өнеріне сүбелі үлес қосқан саңлақтар білім алған Үлкен Қаратал орта мектебінің мүшкіл жағдайы. Түп таға­ны бірнеше жерден жарылған шағын ағаш мектеп заты ағаш болғандықтан да құлауға «ұялып» тұр. Отыз жыл бұрын болған зілзалада қирап қалған ауылға қысылтаяңда уақытша салынған мектепте бүгінгі оқушылар таршылық көріп отыр. Ал шекаралық аймақтағы бұл мектептің оқушылар саны атамекеніне оралған қандастардың балаларының арқасында жылдан жылға артып келеді. Бұл мәселеге жақында мен облыс басшысы Д.Ахметовтің назарын аудардым. Ол кісі жаңа мектеп салуға ауданға нұсқау берді. Енді ауылдастарыммен бірге нәтижесін күтіп жүрген жайымыз бар. Бұл мәселеде Президенттің өз Жолдауында «Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін» деген сөзі ел үмітін сенімге жетелегенін баса айтқым келеді. Сол мың мектептің бірі ретінде мен оқыған мектеп те қайтадан салынып қалар деген үмітім бар.

 Сонымен қатар Жолдауда еліміздегі зиялы қауымға ерекше тоқталып, оларға ұрпақты ұлттық дәстүрде тәрбиелеуде үлкен салмақ артқан. «Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздыр­ған. Біз қанымызға сіңген осы қасиет­тен айы­рылмауымыз керек», дей отырып, ұлт зиялыларын бүгінгі ғаламтор дәуірін­дегі еліктегіш жас буынның бойына ізгі­лік, отаншылдық, білімге ұмтылыс, еңбек­қорлық, жауапкершілік, өзара ынты­мақ-бірлік сияқты қасиеттерді сіңіру­ге атсалысуға шақырып, мұның ел бола­шағы үшін маңызы зор екенін басып айтты. Ұлт зиялыларына бұлай ерекше көңіл бөлуі, сенім артуы Жолдаудың мәнін арттыра түсті деп есептеймін.

«Қазақ тілін дамыту мемлекеттік сая­сат­тың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. ...Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мем­лекет­тік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», – дей келіп, Мемлекет басшысы: «Болашағын Отаны­мызбен байланыстыратын әрбір аза­мат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деу­ге болады. Жастарымыз өзге тілдерді, со­ның ішінде ресми тіл мәртебесіне ие орыс тілін жетік меңгерсе, бұдан еш ұтыл­майды. Сондықтан бұл мәселеге пар­асат­тылықпен қарауымыз қажет. Қоғам­дағы бірлік пен келісімді көздің қара­шы­ғындай сақтауымыз керек» деп, жы­лдар бойы қалыптасқан ынтымақты бұл­жыт­пауға шақырды. Бұл жерде орыс тілі­нің тарихи миссиясын құрметтеуге үндеуі екі ел арасындағы қалыптасқан дос­­тық, көр­шілік, ынтымақтың бұлжы­мауын көз­деген мәмілегерлік қадам деп бағалауға болады.

Ал осы үзіндідегі «Болашағын Отаны­мызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс» деген пікірдің астарындағы аса терең мағы­наға бойлап қана қоймай, сол айтылып отырған «әрбір азаматтың» санасына құя білетін тиімді жаңа әдіс-амалдарын тауып қолдану керек және ол үшін «Тіл туралы» Заңның кейбір екіұшты тұс­тарын түзетіп, мемлекеттік тілдің мәр­тебесін нығайтатын баптар қосу керек деп есептеймін. «Жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қыз­мет­кер­лері, музыканттар, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстін­де жүреді. Сөйте тұра, олар елеусіз қалып, меценаттардың көмегімен ғана күн көреді. Шын мәнінде, Қазақстан мәде­ниеті сол жас дарындардың арқасында жаһандық деңгейде танылып жүрген жоқ па?! Сондықтан Үкімет сарапшылармен бірлесіп, жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын ұсынуға тиіс. Креативті индус­трияны қолдау қорын құру мүмкіндігін қарастырған жөн», делінген Жолдауда. Өте маңызды мәселе көтерілген.

Бұл жерде Президент бұрын назардан тыс қалып келген мәселелердің бетін ашып қана қоймай, оны дереу іске асыру және қаржыландыруды көздейді. Дарын­ды жас таланттардың, оның ішін­де талантты қаламгерлердің ара-тұра бұ­йыр­ып қалатын кездейсоқ жүлдемен неме­се түкке арзымайтын қаламақылық табыс­пен күнелтетіні өтірік емес. Ал шы­ғар­­машылық жұмыс үзбей жан-жақ­ты қол­дауды қажет етеді. Сондық­тан да Пре­­зи­дент: «Креативті индустрия­ны қол­дау қорын құру мүмкіндігін қа­рас­­тырған жөн» дегенде «Мәдениет туралы» Заңымыздың бұрнағы жылы қабылданған қосымшасында енгізілген «Шығармашылық қор құру» туралы бабы неліктен орындалмай отырғаны туралы ойладым. Шындығында, көп айтылып, әжептәуір басталып келе жатқан осы маңызды мәселе әлден сиырқұйымшаққа айнала бастаған жоқ па?!

Былтырғы жылы Мемлекет басшысы мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақы­сын өсіріп, жұрт алғысына бөлен­се, бұл жолғы Жолдаудағы «Бес бас­та­ма­сы» да бірқатар сала­дағы еңбек­кер­лердің жалақысын көтеруге қатысты болғаны республика хал­қы­на жағымды әсер етеді деп ойлаймын. Оның ішін­де кітап­ханашылар мен мәде­ниет қызметкер­лерінің жалақысын өсіру мәселесі көптен бері, тіпті жылдар бойы шешілмей келе жатқан көкейкесті мәселе болатын. Сонымен қатар зейнеткер­лер үшін де тиімді жаңалық енгізілмек екен. Зейнетақы қорына жиналған қар­жыға тұр­ғын үй сатып алуға мүмкіндік беру де бұ­рын-соңды болмаған қадам дер едім. Қыс­қасы, Жолдау – бүгінгі күнге, қазіргі заманға лайық нақты мәселелерді шешуге бағытталған, әрі осы кезеңдегі рес­пуб­­лика халқының әл-ауқатын көтеру­ге және мем­лекеттің халықаралық қауым­дас­тық­тағы беделін нығайта түсуге қыз­мет ете­т­ін маңызды құжат екені сөзсіз. Сон­­­дық­тан да Жолдауда көтерілген бүгі­ні­міз бен келешегіміз үшін тиімді шешім­дерді қол­дап қана қоймай, олардың ел игілігі үшін ой­да­ғыдай іске асуына ат салысқанымыз жөн.

 

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы