• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 15 Қыркүйек, 2021

Ұйымшыл ұлттың бәсі қашанда жоғары

464 рет
көрсетілді

«Біз сыртқы қатерге және оқиғаның қалай өрбуіне де дайын болуымыз керек. Сырттан төнетін қауіпті модельдеу айрықша өзектілікке ие болуда. Стресс-тест өткізіп, сценарийлер дайындаған жөн. Соның негізінде мемлекеттік аппараттың іс-қимыл жоспары әзірленіп, түзетіліп отыратын болады», деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.

Бүгінде төрткүл дүниенің әрі-бері дөңбекшіп, дауыл алдындағы теңіздей буырқанып жатқан жайы бар. Ал әлем­дегі амбициясы асқақ алпауыт мемлекеттер бір-бірінің әрбір қадамынан ілік іздеп, сүрінген сәтіне «бәрекелді» десіп, өзара мысық тілеулес екенін аңғартып қалады. Бұрын-соңды дипломатиялық тұрғыда «әріптестік» туралы қозғалатын әңгіме ауаны бүгінде ашық текетіреске ұласқан, дүниенің бір түкпіріндегі мемлекет қиырдағы келесісінің қимыл-әре­кетіне сынай қарап, қыжыртып отыр­ғаны. Ақ үйде қабылданып жатқан Бай­деннің әрбір шешімі Ресейдің телеарна­ларынан кекесінге толы репортажбен әбден әрленіп, көрерменге қиюы кеткен, болашағы бұлыңғыр кейіпте суреттелетіні бар. Кеңестік кезеңдегі қырғи қабақ соғыстың заманауи жалғасы іспетті. Өз кезегінде америкалықтар да қарап қалмай, Ресейдің еңсесін көтеруге мұрша бермей, сан түрлі сылтау арқылы санкциямен сорлатып, Кремль билігін авторитарлық жүйенің ажырамас символы ретінде бейнелейді.

Қарт құрлық та өзімен өзі әуре. Британия Еуропа одағынан шық­қанымен, ат құйрығын үзісе алмайтыны белгілі. Тұманды Альбион мен Брюссель арасында түйіні тарқа­тыл­маған мәселелер әлі де жеткілікті. Еуропаның әу баста Ақ үйдің айтқа­ны­мен Ауғанстан жеріне әскер жіберіп, қолдау көрсеткенімен, енді бүгін пұшайман болып отырған жайы бар. Ауғанстандағы контингент өзін өзі ақтады ма? Билікке «Талибан» ұйымы­ның келуі ауған жерін­де бейбітші­лік орната ала ма? Босқын­дардан мезі болған Еуропа ауғанстандық босқындарды қабылдауға аса құлықты емес.

Қытай ғана талибандар билігін мо­йын­дауға, инвестиция салуға ықы­лас­ты екендігін аңғартып жатыр. Ал «Талибан» билігін төрткүл әлем қанша­лық­ты мойындап, қарым-қатынас ор­ната­тынын алдағы уақыт көрсетеді. Әзір­ге көп мемлекет әліптің артын бағып отыр­ған жайы бар. Тоғызыншы территориямен шекаралас болмағанымен, ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетіп келе жатқан Қазақстан да Кабулда билік басына келгендерге бей-жай қарай алмасы анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Ауғанстандағы ахуал және жаһандық шиеленістің күшеюі бізге қорғаныс өнеркәсібі кешенін және Әскери доктринамызды толығымен қайта қарауға міндеттейді. Қорғаныс қабілетімізді нығай­тып, қауіп-қатерлерге жедел үн қату мемлекеттік маңызы бар басым­дыққа ие болуы тиіс» деп қапы қал­маудың жайына тоқталды. Мемлекеттің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, тәуелсіз­дікті нығайту елдің қорғаныс қабілеті­нің қуаттылығымен тығыз байланыс­ты екен­дігі сөзсіз. Ендеше Президент айтқан­дай «қауіп-қатерлерге жедел үн қату мемлекеттік маңызы бар басым­дыққа ие болуы тиіс».

Қауіп-қатер демекші, соңғы кез­дері Қазақстанның ішкі ынтымағы қан­шалықты мықты екенінен «сыр тартатындар» төбе көр­сетіп қалып жүр. Әдетте халықтың бір­лігі мен ынтымақ­тастығын былай қой­ғанда, халықаралық деңгейде арааға­йындық танытып, бейбітшіліктің қадірін асқақтатып жүр­ген елдің іргесі қан­ша­лықты «мыз­ғымас» екенін сынақ­тан өткізгісі келетін сыңайлы ма қалай? Қалай десек те, әртүрлі шетін тақы­рыптардың шетін шығарып, соңғы кез­дері қазақ қоғамына сыртқы ықпал­ды күштердің дирижерлік жасауға ұмты­лысы айқын сезіледі...

«Айтақтаған» қитұрқы саясаттың астарына ыждағатты үңілмей, «аттан­дағандар» шоғыры да байқалып қалды ел ішінде. Әлеуметтік желіде «аттанға» «айқай» қосқандар да табыла кетті. Сөйтіп, алдау мен арбауға қалай түсіп қалғандарын өздері де сезбей жүр. Ана тілі мен жат жұрттағы қандасы алаш баласының ажырамас, ажыратпас бөлшегі екені мәлім. Арандатушылар да қазақтың ахиллестің өкшесі тәрізді «әлсіз тұсы» осы екендігін жақсы біледі де, осы төңіректе «отқа май құяды». 

Мемлекеттік тіл демекші, оның қанат жаюы балабақшадан, мектептен басталатыны бесенеден белгілі ғой. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің айтарлықтай өскенін төмендегі деректер айғақтай­ды. Тәуелсіздік жылдарында қазақ тілін­де оқытатын мектептер 965 бірлік­ке өсіп, 3733-ке жетіпті, бұл жалпы мектептердің 54%-ын құрайды (1991 жылы қазақ мек­теп­терінің саны 2768 болды). 30 жылда қа­зақ тілінде оқитын балалардың жалпы саны 32%-дан 66%-ға (2 223 455 бала қазақ тілінде оқиды) жетті. Екі есе өсті деген сөз!

«Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану ая­сы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбы­лыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», деді Президент Қазақ­стан халқына Жолдауында. Ендеше сол мемлекеттік тілдің қолда­ныс аясын кеңейту үшін даладан қалаға дейін, баладан қарияға дейін, жұмыс­шыдан ұлыққа дейін еңбектенуі керек. Отбасында ана тілінде сайраған жандар Отанында мемлекеттік тілдің қанат жаюы­на осылайша үлес қосады.

Бүгінде алаштың балдырғандарына мектепте орын жетіспей жатыр. Жан сүйсінерлік проблема. Орын жетпегені – халық саны өсімінің көрсеткіші. Президент осы проблеманы шешу үшін Үкімет 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуға тапсырма берді. Қордаланған түйін де біртіндеп тарқатылатыны сөзсіз. Ендеше, «айтақтағандардың» айтқанына ілеспей, ресми тілдің жалына жармаспай-ақ, қазақ тілінің өз тұғырына эволюциялық жолмен орнығатын күннің алыс емес екенін бағамдауға болады.

Мектепте орын жетпей жатыр демек­ші, биылғы оқу жылында Ал­ма­ты­дағы №157 жалпы білім беретін мектеп бі­рінші сыныпқа 714 балдырғанды қабыл­дады. Дәстүрлі форматта оқу кезінде сыныптағы бала саны 25 оқушыдан аспауы қажет екені ескеріліп, мұнда 28 сынып ашылған. Оның ішінде 20-сы – қазақ сыныбы, 8-і – орыс сыныбы. Елдің ертеңі, мемлекеттік тілдің келешегінің көрінісі осыдан көрінеді емес пе!

«Үлкен істі үндемей тындырар болар» демекші, аттандамай-ақ тілдің өрісін кеңейтуге болады ғой. Гәп аза­мат­тық белсенділікте, ана тілін ардақ­тап, насихаттай білуде емес пе. Ана ті­лін­­де оқитын ұлты қазақ балаларының са­­ны бүгінгі таңда 85%-ды құрайды (ұл­ты қазақ балалар – 2 568 068, олар­­дың 2 173 141-і қазақ тілінде оқиды). Бү­гін­де қазақ балаларының15 пайызы, яғ­ни 394 927 бала басқа тілде білім ала­ды екен. Ен­дігі мәселе барлық алаш баласы түгел­­дей ана тілінде білім алу жолында жан-жақты жұмыс жүргізілуі тиіс. Сон­да орыс тілі төңірегіндегі тақырып күн тәрті­бі­нен өзінен өзі түседі де, ұлтты бірік­тіруші мемлекеттік тілдің айдарынан жел еседі.

«Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде, ұйымдасқан ұтады», деді Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында. Ұйымшыл ұлттың бәсі қашанда жоғары болатынын бағзыдағы бабаларымыз да айтып кеткен-ді. Алты бақан алауыздық, арандатушылардың айтағына ілесудің ақыры қайда апаратынын қиырдағы Ирак, Ливия мен Сирия, іргедегі Қырым­ның жағдайы көрсетіп берді емес пе?!.