Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жолдаған Жолдауында мектептердегі орын тапшылығы мәселесін көтерді. Осыған қатысты шұғыл шара қабылданбаса, 2025 жылға қарай 1 млн оқушы орын таппай қалуы мүмкін.
Түскі ас уақытында сабақ оқиды
Иә, қазірдің өзінде 225 мың балаға орын жетіспейді. Олар үш ауысымды мектептерде білім алып жүр. Үкімет бұл мәселені қалай шешпек? Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, республика көлемінде бас-аяғы 137 үш ауысымды мектеп бар. Соның әрқайсысында қаншама жүздеген, кейбірінде тіпті мыңдаған бала лайықты, ыңғайлы деңгейде білім ала алмай отыр. Бірақ мұның өзі ата-аналарға үйреншікті жағдайға айналғандай. Жауапты ведомствоның дерегі бойынша, үш ауысымды мектептер саны ең көп үш өңірдің бірі – Маңғыстау. Осы облыстың орталығы Ақтау қаласында тұратын Қуансын Құлжанованың бастауыш сыныпта оқитын баласы үш ауысымды мектепке барады.
«Балам 2-сыныпта оқиды. Үш ауысымды мектепке барады. Сабағы 11:15-те басталып, 14:15-те аяқталады. Содан кейін келіп түскі асын ішеді. Сонда бір күнде 40 минуттан 4 сабақ болады. Қазір кейбір пәндерді онлайн оқытуға мүмкіндік берілді ғой. Балам дене шынықтыру, өзін-өзі тану, музыка сабағын үйде оқып жатыр. Онда да аптасына 3 рет болатын дене шынықтыру сабағының біреуі ғана үйден, қалғаны мектепте оқытылады. Ата-ана ретінде балама қиындық туып жатпағандықтан, оқу ыңғайсыз деп айта алмаймын. Қазір мектепке барып негізгі пәндерден жаңа тақырыптарын үйреніп келеді, сол себепті де аса қиналмайды. Үй тапсырмаларын өзі орындап жүр. Осыған да қуанамыз, әйтпесе бұған дейін қашықтан оқыдық қой. Сонда өзім бірге отырып сабақ оқытатынмын», дейді Қ.Құлжанова.
Біз қашықтан оқу кезінде қоғам болып шулап жүріп бірінші кезекте бастауыш сыныптың оқушыларын дәстүрлі оқыту форматына ауыстырдық. Себебі білім берудің бұл сатысында мұғалімнің көмегі қалайда керек. Компьютер түгілі, әріптер мен дыбыстарды әлі толық меңгермеген 1-сынып оқушыларына тіпті қиын болғаны белгілі. Енді жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастағанда бастауыш сынып оқушыларының ішінара сабақтарын онлайн оқытып жатқанымыз қалай болды? Иә, көп ата-ананың ұғымында дене шынықтыру – «қол сілтей салатын» сабақ. Алайда дәл осы қалыпты өмірімізге кесірін тигізген пандемия денсаулықтың, саламатты өмір салтын сақтаудың, спортқа бала кезден үйір етудің қаншалықты маңызды екенін анық ұғындырған жоқ па? Сонда дене шынықтыру сабағын негізгі пәннің қатарына жатқызғымыз келмейтіні қалай? Әрі буыны бекімеген бастауыш сыныптың балаларына жаттығу жасаудың жөн-жосығын ең алдымен мектепте жүйелі үйрету керек қой. Жарайды, сабақтың қандай форматта болса да өткізілгені маңызды ғой. Алайда нақ жоғарыдағы ата-ананың баласындай, үш ауысымның ортасындағы уақытта оқитын балаларға қиын. Байқадыңыз ба, ата-ана баласының дәл түскі ас кезінде сабақта болатынын айтты. Бала өмірі мен денсаулығына уақтылы тамақтанудың маңызы бөлек емес пе? Осының бәрі түптеп келгенде үш ауысымда оқытудың себебінен болып отыр. Бұлай болмағанда барлық пән өз кестесімен, мұғалімнің алдында өтер еді. Екінші ауысымда білім алатын балалар уақтылы тамақтанып, үшінші ауысымда оқитын оқушылар үйіне қараңғы түспей қайтар еді.
Ата-ана Қ.Құлжанова баласын беріп отырған Ақтау қаласындағы №29 мектептің директоры Жайна Ізтұрғанова үш ауысым мәселесі мектеп ашылғаннан бері бар екенін, бірақ жақында шешілетінін жеткізді.
«Біздің мектеп 2018 жылы қыркүйекте пайдалануға берілді. Оқу ошағы ашылғаннан бері үш ауысыммен жұмыс істейді. 8 ауданның балаларын қамтып келеміз. Негізі мектебіміз 900 орынға лайықталған, сол себепті біз тек 1800 бала ғана қабылдай аламыз. Қазіргі уақытта бізде бастауыш сыныптың балалары ғана үш ауысымда оқып жатыр. Қалған сыныптың оқушылары екі ауысымда білім алып жүр. Өйткені бізге жақын маңайдан екі мектеп салынды. Бұған дейін мектебімізге жақын орналасқан «Дарын» мектеп-интернатында оқыттық. Соның нәтижесінде оқу ошағымыз үш ауысымды болғанымен, оқушыларымыз екі ауысымда оқыды. Яғни «Дарын» мектеп-интернатында балалар бір ауысымда оқиды, қалған уақытында сыныптар бос болады. Сол бос уақытта біз үшінші ауысымда білім алуға тиіс балаларымызды мектеп-интернаттың кабинеттерін жалға алып оқыттық. Осылайша, оқушыларымыз екі мектепке ауысып оқыды. Енді бастауыш сынып оқушыларын да екі ауысымға ауыстырсақ дейміз. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Нақты айтсақ, мектебіміздің жанынан 400 орындық қосымша құрылыс салынуда. Жаңа жылға дейін құрылысты аяқтау жоспарда бар. Оның үстіне жақын ауданнан тағы жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Сонда мәселе өздігінен шешіледі», дейді Ж.Ізтұрғанова.
Бұл – бір ғана мектептегі мәселе. Ал еліміздегі 130-дан аса басқа мектептегі үш ауысым мәселесі қалай шешіледі? Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында: «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн», деді.
Үш ауысымды мектептер саны бойынша алдыңғы орында тұрған тағы бір өңір – Шымкент қаласы. Мұнда қазір 9 үш ауысымды мектеп бар. Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева аталған түйткілдің түйіні 2023 жылы түбегейлі тарқатылатынын айтты. Бұған Президент айтқан тиімді тетікті қолдану септігін тигізбек.
«Қалада сапалы білім беру үшін жағдай жасау мақсатында 2021-2025 жылдар аралығында кешенді жоспар әзірленді. Сол жоспарға сәйкес 72 мектептің құрылысы жүргізіледі. 2021 жылы 12 714 орынға арналған 23 мектеп құрылысы (4 мемлекеттік – 1 920 орын 19 жекеменшік – 10 794 орын) тапсырылады. Оның ішінде биылғы қыркүйек айында 4 мемлекеттік, 15 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендейді. Ал 2023 жылы үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешпекпіз», деп түсіндірді.
Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының айтуынша, қазір мегаполистегі үш ауысымды 9 мектепте 16 мыңнан аса бала білім алып жатыр.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының үш ауысымды мектептерге қатысты тапсырмасын орындаудың 4 тетігі барын мәлімдеген. Бұл туралы ведомство басшысы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында: «Жолдауда айтылғандай, урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылы мектептерде қосымша шамамен 1 млн орын қажет болады. Бұл мәселені шешу үшін 1 мың жаңа мектеп салынады. Осы жылдың өзінде 200 мектепті ашу жоспарланып отыр. Әкімдіктермен бірлесіп 4 тетік пайдаланылады. Атап айтсақ, мемлекет-жекеменшік әріптестігі, жеке мектептер желісін дамыту, мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс және модульдік конструкциялардан мектептер салу тетігі», деп түсіндірді.
Алдыңғы 3 тетік түсінікті, ал соңғы тетік туралы толығырақ білу мақсатында тиісті ведомствоға хабарластық. Білім және ғылым министрлігі «А.Аймағамбетов айтқан модульдік конструкциялардан мектептер салу қалай жүзеге асырылады?» деген сауалымызға: «Жоспарға сәйкес 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде оқушы орындарының тапшылығын жою және үш ауысымда оқыту проблемасын шешу үшін 1000 мектеп салу жоспарланып отыр. 1000 мектеп салу үшін бірнеше тетік қолданылады. Соның бірі – модульдік конструкциялардан мектептер салу, яғни тез салынатын ғимараттар. Министрлік осы проблеманы ауылдық жерлерде шешу және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында модульдік конструкциялар бойынша мектептер салуды ұсынады. Ведомство модульдік мектептердің құрылысына қажеттілікті анықтау үшін талдау жүргізді. Талдау перспективалы елді мекендерді іріктеу бойынша жүргізілді. Нәтижесінде, республика бойынша 200 модульдік мектеп салу қажет екені анықталды. Жалпы алғанда, модульдік мектептердің мынадай артықшылықтары бар: біріншіден, құрылыс монтаждық жұмыстардың мерзімі аз (3 есе жылдам); екіншіден, модульдік құрылыстың сипаттамалары мектептердің жобалық қуатын ең қысқа мерзімде ұлғайтуға немесе азайтуға мүмкіндік береді; үшіншіден, үлгілік жобалармен салыстырғанда модульдік мектептердің неғұрлым төмен (20-40 пайызға) құны; ауылды жабу кезінде мектепті перспективалы өңірлерге көшіру мүмкіндігі бар», деп жауап берді.