Дүние жаратылғалы бері адам баласының көрмеген құқайы жоқ. Бейбіт кезеңнен гөрі ұзақ жылдарға созылған соғыстың зардабы көбірек. Заман өзгергенмен, уақыт бедері түрлі жаңалықтарға иек артып, алуан-алуан технологияны ойлап тапқанымен, адамзат астамшыл пиғылдан арыла алмай келеді.
Төрткүл дүниедегі саясат атаулы бүгінде қырық құбылып тұр. Дәулеті тасып, көштен озған мемлекеттер бір-бірімен қырық пышақ болып, әрқайсысы жаһанға жарлық айтатын жалғыз билеуші болғысы бар. Дамыған елдер өз ыңғайындағы серке мемлекеттің маңайына топтасып, қарсылас жақтың сағын сындырып, орайы келсе бөлшектеуге бейім. «Бөлшекте де билей бер» амалына саятындай. Ал дамушы елдер әлем картасындағы алыптардың қайсысының көңілін тауып, қайсысымен жұлдызы жарасатынын бағамдап, соған сәйкес саясатын түзіп, әуре-сарсаңға түсіп жатқаны. Біздің Қазақстан да соңғылардың санатында.
Байлық та – көздің құрты. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» болғанымен, сол баланың қолындағы күлшені татымсыз бағаға бұлдағысы келетіндер де аз емес. Тіпті қордалы қазынаға қол жеткізу үшін неше түрлі амал-айла қолданып, елдің ішіне іріткі салып, арандатушыларды пайдаланып лаң салудан тайынбайтындар да кездеседі. Қымбат қазынаға толы дүние жүзінде тоғызыншы территорияны иемденген, халқының саны жағынан 61-орындағы Қазақстанның «күлшелі» болғаны – бағы ма, соры ма қазір бағамдау қиын болып тұр. Сол себепті Қадыр ақын айтпақшы, «Көп халық жоғалмайды көптігімен, мықты болмай болмайды ал біздерге».
Арандату демекші, бүгінде бұрынғыдай «аттандап» соғыс ашатын кезең әлдеқашан келмеске кеткен. Сыртқы ықпалды күштер қазақ күресіндегідей «іштен шалуға» тырысады. Билікке көңілі толмай жүрген, өзінің болар-болмас қабілетінің өрістеуіне кедергі билік қана деп пайымдайтын ағайын осылайша «іштен шалушылардың» қатарын еселейді. Өздерінің қазіргі күндерін күн емес деп есептейтіндер, ел тәуелсіздігінен гөрі жеке бастың қамын күйттейтіндер әп-сәтте биліктің қарсыласы болып шыға келеді. Осы тұста Әбіш Кекілбаевтың «Елең алаңындағы» мына бір штрих ойға оралып отырғаны. «Ұлы Россияға тек мынандай бай өлке ғана емес, тіл алғыш арзан қызметші де аса қажет. Орыс тәрбиесін көрсе, өздерінен оп-оңды қызметшілер шығатын түрлері бар сияқты». Бұл Сенаттың обер-секретары Иван Кириловтың ойы. Құдды осыдан аумайтын көрініс қазір де бар. «Оп-оңды қызметшілер» туған елінің кем-құтығын, кемшілігін термелеп, алып мемлекеттермен арадағы байланыс орнатудағы ұстанымның «әлсіздігі» төңірегінде гөй-гөйін маздатып, билік пен қарапайым халық арасындағы қарым-қатынасты ушықтыруға жанталасып бағады.
Технология жаңарғанмен, адам баласының пейілі сол бәз-баяғы қалпында қалды дедік ғой. «Іштен шалушылар» да замана құралын өз пиғылына, жеке мақсат-мұрат жолына қарай ыңғайлайды. Интернет, әлеуметтік желі арқылы қалың бұқараның басын айналдырып, өз мақсатына жету жолындағы ақпаратты оңды-солды бұрқырата түседі. Әлеуметтік жағдайға көңілі толмай, көкірегін кіреуке шалған кейбір адамдар «оп-оңды қызметшілердің» дегеніне ден қойып, «шынында да осылай емес пе екен?» деген дүдәмал ойдың жетегіне беріледі осыдан кейін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі құбылыс» дейтіні де сондықтан. Өйткені ғаламторға байланған жұрт кейде әлеуметтік желіде жарияланған дүниенің астарына үңілмей, барлығын ақиқаттың ауылына жақын ақпарат деп қабылдайтыны бар. «Оп-оңды қызметшілердің» түпкі ойының бүлдіргі екенін қайдан білсін?! «Айқайлап айтқанның бәрі ақиқат емес» деп жазушы Асқар Сүлейменов айтқандай, әлеуметтік желіде жазылғандардың барлығын ақиқат деп кім айтады?!
Қоғамда болып жатқан күнделікті қарым-қатынастан түйген тұжырым еді бұл. 2005 жылы жазылған «Соңғы мүмкіндік» атты мақаламызда сөздің бір орайын төмендегіше қайырған жайымыз бар екен. «Амал жоқ, көпвекторлы саясатқа жүгінуге тура келеді. Бұл да қайсыбір айы оңынан туып тұрған әдіс дейсің, әйтеуір ел іргесін бекітіп, тәуелсіздігін нықтап алғанша жүгінетін, алайда әзірге басқа баламасы жоқ әдіс қой. Әйтпесе, біреуінің көңіліндегісін табамын деп жүріп, екіншісінің қаһары мен кәріне ұшырауы әбден ықтимал. Семсердің қылпып тұрған жүзіндей ауытқымалы әлемде сындарлы саяси көрегенділік пен тылдың беріктігінің қажет екендігі тағы ойға оралады. Тыл дегеніміз – елдің ішкі ынтымағы, өзара татулығы. Басқалай айтқанда, төзім мен сенімді сынап көргісі келетін сыртқы ықпалды күштердің айтағына көніп, айдауына ілеспейтіндей ел иммунитетінің мықтылығы».
Ел иммунитетінің мықтылығы демекші, ел тәуелсіздігін тұғырлы ету жолында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды». «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы ендігі жерде «іштен шалушылар» мен «оп-оңды қызметшілердің» әрекетімен бірлігінен айырылып, бүлінер болса, қайта «тірілуі» неғайбіл.
Ғасырлар бойы бабалар армандаған азаттықтың, соның жолында құрбан болған тұлғалардың қадір-қасиетін әлеуметтік жағдайдың нашарлығына бола тәрк ететін болсақ, наласына ұшырарымыз хақ. Біз бұны алдыңғы толқын ағалардың айтқанынан да аңғарамыз. «Қазақ халқының халық ретінде жұмыла кірісетін, қажет болса, жанған отқа түсіп, жанын құрбан етер ең ұлы ісі ұлттық тұтастығын сақтау болуға тиіс. Ұлттың басы бірікпесе, болашақ ұрпақтың ұзаққа созылған азапты өмірі ақыр аяғында жұтылып, құрумен тынады.
Қазақ халқының бас біріктіруі – ұлт тағдырының стратегиялық мүддесі. Мұндай тарихи істі бүгінгі ұрпақ қана жүзеге асыра алады. Ал игілігін болашақ ұрпақ көреді. Бүгінгі күннің түйінді проблемаларын мың жерден сәтті шешкенмен, ұлттың басы қосылмаса қайырлы нәтиже болмайды. Дәл қазір ұлттық консолидацияға тарихи қолайлы кезең. Егер дәл қазір қазақтар бас қосып, өз жерінде бел алып, ұлттық дербестігін халықаралық аяда орнықтырып үлгермесе, күні ертең-ақ сыртқы өктем күштің күрзісі тек қана Қазақстанның үстіне үйірілетін болады», дейді қазақтың Ақселеу Сейдімбегі. Алаштың Ақселеуінен артық айту қиын-ау сірә.
«Мемлекеттік қызметшілер және бүкіл қоғам біртұтас ел ретінде алдымызда тұрған міндеттерді орындау үшін жұмылуға тиіс. Әйтпесе, ертең кеш қалуымыз мүмкін. Себебі дүние жүзіндегі ахуал құбылмалы әрі түрлі сын-қатерлерге толы», деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында. Бұқараға ғана емес, билікке де үлкен жауапкершілік жүктеп отыр Мемлекет басшысы. Еншісі бөлінбеген ен қазақтың ене қазанын, яғни қазына қаржысын шашау шығармай халықтың қажетіне жарату керек деген тапсырма бар осы сөздің астарында. Жолдауда айтылған «Қазір мемлекет бюджет қаржысын оңды-солды иелене беретін белгілі бір қайраткерлердің ғана жобаларын қаржыландырып отыр. Бұл, әрине, түсініксіз жағдай» дегеннің нақты жауабы бұл. «Ертең кеш қалмас үшін» – қазіргі кезең билікке де, бұқараға да үлкен сын болмақ!
Көне түркі елінің билеушісі Күлтегіннің мынандай тағлымды сөзі бар: «Бегі менен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанның алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі менен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады». Ендеше, Қазақ елінің ұлығы мен халқы өзара ынтымағынан ажырамасын дейміз. Президент айтқан қатерге қарсы қуатты қару – елдің ынтымағы мен бірлігі. Өткен тарихтың ащы сабағы осыған үндейді!