Әлбетте, қала аумағындағы қарыс жер, әсіресе, орталық бөлігіне жақын аумақта алтыннан қымбат бағаланатыны белгілі. Талай компанияның көзқұртына айналған сондай аумақтың бірі – елордадағы Талдыкөл көлдер жүйесі. Ілкідегі жылдары қалдық суларды ағызған қаланың батыс бөлігіндегі Талдыкөлден ескен жағымсыз иістен зардап шеккен астаналық тұрғындар соңғы жылдары осы су қоймасымен жапсарлас Кіші Талдыкөлдің тағдырына алаңдаушылық білдіруде.
Әсіресе, биыл аталған көлдің табанына құрғату жұмыстарын жүргізген құрылыс компанияларының ауыр техникалары қоғамдық экология белсенділері тарапынан қатты қарсылыққа тап болды. Былтыр Кіші Талдыкөлді қорғау мақсатында құрылған SOS Taldykol немесе «Кіші Талдыкөлді сақтайық» қоғамдық қозғалысы өкілдерінің айтуынша, бұл табиғи сулы-батпақты көл – ең әуелі жануарлар мен құстар дүниесінің мекені. Ал табиғат әлемінің тіршілік ортасын қалпын бұзбай сақтау үлкен маңызға ие. Қала тұрғындары маңайына құрылыс түсе бастаған алғашқы жылдары Кіші Талдыкөлде ондатр мен құндыз да болғанын айтады. Қазір 130-дай құс түрі кездеседі. Балық та бар. Тіпті табиғат-ананың өзі араша түскісі келгендей, қиқулаған көп құсты былай қойғанда, аққулардың жүзуі, жылы жаққа бет алған қоқиқаздардың аялдауы шаһар ішіндегі кішігірім көлдің көркін арттыра түсті. Сұңқылдақ аққу, қызылжемсаулы құмдауық сияқты сирек кездесетін құстарды да осы айдыннан кездестіресіз.
Екіншіден, бұл – қала ішіндегі тамаша табиғат мүйісі ретінде демалыс аумағын қалыптастыруға таптырмас орын. Мұнда бүгінге дейін әуесқой балықшылар, орнитологтер қауымдастығы қалыптасып үлгерген. Яғни қаланың қым-қуыт тіршілігінен шаршағанда бір сәт табиғатпен тілдесуге, жас ұрпақты табиғат аясымен таныстыруға өте қолайлы. Үшіншіден, бір-біріне жақын орналасқан көлдер өзара суасты ағындары арқылы байланысып тұтас экожүйені құрағандықтан, бір су қоймасының құрғатылуы екіншісінің де жойылуына ықпал етпек. Яғни келешекте елордалықтар астананың ірі табиғи саябағын салуды көздеп отырған Үлкен Талдыкөлсіз де қалуы ықтимал. Төртіншіден, эколог Лаура Мәлікованың айтуынша, бұл сулы-батпақты көлдер – көміртектің көзі. Жылдан-жылға ауа температурасының жоғарылап келе жатқанын ескерсек, климаттың жедел өзгерісі кезеңінде бұл көлдердің қаланы салқындататын табиғи орта екенін әсте ұмытуға болмайды. Сол себепті мұндай көлдерді сақтап қана қоймай, жағалауындағы жасыл желегін көбейте түсуге жұмыс істеу керек. Сонымен қатар Кіші Талдыкөлдің жағасында ескі қорымдар да бар. Археологтер қазақ халқы батпақты жерге бейіт қоймағандықтан бұл арадан ежелгі жерлеу орындары табылуы мүмкін екенін де айтып жүр. Яғни экологиялық тұрғыдан ғана емес, тарихи маңызы да жоғары орын болуы әбден мүмкін.
Талдыкөл көлдері жүйесінің құрғатылуы жалғыз бұл емес. Қалалықтар осы уақытқа дейін Сығанақ (Е-10) көшесі бөліп тастаған «Мечта» сауда үйінің жанындағы шағын көлшіктің де табанына топырақ төселіп, құрылыс аумағына айналып кеткенін көріп жүр. Астананың бас жоспары бойынша бұл арада да су қоймасын сақтай отырып, маңайына кішігірім саябақ салу көзделген болатын. Бірақ «күштінің арты диірмен тартадының» кері ме, қала орталығына жақын аумақтан жер телімін алуды көздеген құрылыс компаниялары оны місе тұтпай, Кіші Талдыкөлдің аумағына ауыз салды. Міне, осы жосықсыз әрекетке ашынған табиғат жанашырлары түрлі акциялар өткізіп, қоршаған ортаға зиян келтірушілерден көлді табанды түрде қорғауда. Олардың әлеуметтік желідегі SOS Taldykol парақшаларына үн қосқан тұрғындар қатары да күннен-күнге артып келеді. Айталық, жуырда елордалық суретшілер, KADMII QYZYL шығармашылық тобының мүшелері Әлия Қаныбекова, Гүлмарал Тәттібаева, Наталья Лигай Artcom қауымдастығының қолдауымен Кіші Талдыкөл көлін қорғау мақсатында Şalqyma перформансын өткізді. Махаббат пен сұлулықтың символы, қазақ халқы үшін киелі құс аққу кейпінде киінген суретшілер Кіші Талдыкөл көліне құм төсеуді дереу тоқтатып, көлдің биоалуандылығы мен экожүйесін қорғауға шақырды. Олар ортақ шаңырақтың символындай ақ матадан ұя жасап, табиғи көлдер – халықтың байлығы мен игілігі екенін, ортақ үй мен болашақты қорғау үшін бірігудің маңызды екенін еске салды. Тіпті суретші Әйгерім Оспан қобызымен аққудың сұңқылдаған үнін жеткізген күй тартып, шамандық дәстүрге сай табиғатқа қол сұқпауға шақырды.
«Басқа елдерде мұндай орындарды жасауға көп қаржы бөлінеді. Өзіміз тұрып жатқан қаладағы экожүйені сақтай отырып, өзіміздің табиғатпен етене екенімізді ұмытпауымыз, қоршаған ортамен қоңсы отыруды үйренуіміз керек. Бұл дәстүрді келешек ұрпаққа да жеткізе білуіміз қажет» – дейді қоғамдық белсенділер.
Расында, табиғи саябақтар кез келген қалада тартымды ортаға айналады. Мәселен, миграциялық құстардың жүздеген түрі аз-кем аялдап ұшып кететін мұндай сулы-батпақты көлдер Қытайдың Харбин қаласында, Weili саябағында, Гонконгта бар, сондай-ақ АҚШ-тың Окала Уэтленд Речардж саябағы, Эверглейдс ұлттық саябағы, Лондон зерттеу орталығы, Польшаның Устье Варты ұлттық саябағы, Сингапурдың Хэмпстед, Ұлыбританияның Рейнхэм-Маршес қорығы, Латвияның Кемери ұлттық саябағында да табиғи ландшафт мейлінше сақталған. Адамдар жүретін соқпақтар мен жолдар қоршаған ортаға еш зиян келмейтіндей жасалып, отбасымен бірге сейілдейтін саялы мекендерге айналған осы парктердің үлгісін пайдалану арқылы Кіші Талдыкөлді де құрылыстың зиянды салдарынан қорғауға болады.
Жуырда қала аумағындағы көлдің құрғатылуына қарсылық танытқан еріктілер мен белсенділер, қала тұрғындары Кіші Талдыкөлдің маңайында «Көлді аяла» атты сенбілік өткізіп, қоқыстан тазалады. Тұрғындар сенбілікті ешқандай тапсырмасыз, азаматтық ұстаныммен, таза табиғатқа тілектестікпен атқарғандарын айтады. Экобелсенділер осы шаралар аясында 12 мыңнан астам дауыс жинағандарын, азаматтардың қуаттап қол қойған ой-пікірлері жинақталған 1 583 беттен тұратын петиция-кітапты Президент Әкімшілігіне тапсырғандарын жеткізді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында олар өз ұсыныстарының Мемлекет басшысына жететініне сенім білдірді. Бұл қозғалыстан блогерлер де сырт қалмады. Белгілі блогер Әлішер Елікбаев өзінің парақшасында көлдің құрғатылуына қарсы екенін жеткізіп, қала билігін дұрыс шешім қабылдауға шақырды. Еліміздің халықаралық сулы-батпақты аумақтарды сақтау жөніндегі Рамсар конвенциясы және БҰҰ биоалуантүрлілікті сақтау бойынша міндеттемелерді алғанына қарамастан Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің көлдің кейбір бөліктерін құрғату жөніндегі бастамасына наразылық танытқан белсенділерге Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі де қолдау білдіріп, құрылыс компанияларының қызметі заңсыз екенін растады.
Ал «тұйық судың түбі құрт» дегендей, қала әкімдігінің құрылыс жұмыстарын тоқтатпауға байланысты өз уәжі бар. Елорда билігі Кіші Талдыкөл суының түбін тереңдету жұмыстары жүргізілмесе, бірер жылдың ішінде құрғап қалу мүмкін екенін айтады. Себебі көлде құрғау процесі жүріп жатқан көрінеді. Өткен аптада қала әкімінің орынбасары Н.Солтамбеков жетекшілік ететін экологиялық кеңесте аталған рекреациялық аумақты сақтау және құру мәселелері бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге тапсырма берілгені хабарланған болатын. Онда су аумағы кемінде 20 гектар болатыны айтылған. Осылайша, су түбін тереңдету жұмыстары лай және басқа да зиянды шөгінділерден тазартуға, орташа тереңдікті арттыруға, су балансын сақтауға және т.б. мүмкіндік береді. Айта кету керек, қазір сулы-батпақты нысандағы негізгі иондардың, ауыр металдардың, биогендік заттардың құрамы нормадан бірнеше есе асады. Тиісінше, Кіші Талдыкөлді зиянды заттардан тазарту бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың денсаулығына оң әсер етеді. Тереңдігі 20 см-ден кем әрі қауіпті, батпақты Кіші Талдыкөл маңы қалпына келтіріліп, абаттандырылады. Онда әлеуметтік нысандар, яғни тұрғын үйлер, мектептер, медицина орталықтары салынады. Кіші Талдыкөлді қалпына келтіру жұмыстары акватория құра отырып, жағалау салуға мүмкіндік береді: болашақта екі жағалауды жалғайтын көпір салу, қала тұрғындары үшін су көлігін іске қосу, сондай-ақ флора мен фаунасы бар экоклиматты сақтау жоспарланып отыр. Кіші Талдыкөл сулы-батпақты нысаны ағын сулар жиналған орын болғанын, үлкен Талдыкөл суымен табиғи байланысы жоқ әрі жерүсті ағыны мен жерасты сулары арқылы өзара байланыспайтынын атап өткен жөн. Талдыкөлдің өзінің экологиялық инфрақұрылымы болады. Талдыкөл көлінің жанында қорық, орман-саябақ аймағы бар еліміздегі алғашқы табиғи парк ашылады. Ал екінші экопарк – Майбалық көлінің маңы (әуежай бағыты бойынша оңтүстік-шығыс жағы) тартымды орындардың бірі болмақ, делінген әкімдіктің түсіндірмесінде.
Сондай-ақ қала билігі «Технополис» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының зерттеулеріне сәйкес мамандар Кіші Талдыкөлдің көл емес, батпақ екенін анықтағанын айтады. Ал қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Н.Ұранхаев 1976 жылғы ғарыштық фототүсірілімдер де Талдыкөлдің маңайында ештеңе болмағанын дәлелдейтінін жеткізді.
Бір қуанарлығы, аталған мәселе Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық экологиялық кеңесінде қаралып, бірқатар мәселенің түйінін тарқатуда қоғам белсенділері атқарушы органның уәдесін алды. Аталған жиынға Республикалық қоғамдық экологиялық кеңесінің төрағасы Е.Абақанов, Экология вице-министрі С.Қожаниязов, қала әкімінің орынбасары Н.Нұркенов қатысты. Қала әкімінің орынбасары жағдайдың анықталғанынша көлге топырақ төгу жұмыстарының тоқтатылатынын жеткізді. Қала әкімдігі ресми сұрау салу арқылы жарты ай ішінде барлық сұратылған құжаттарды ұсынатынына уәде берді. Экология министрлігі Кіші Талдыкөлді сақтау бойынша топтың ұстанымдарын қолдайды. Қатысушылар бұрынғы «Биосфера» ЖШС-і жасаған жобаның ескіргеніне, жаңадан кешенді зерттеу жүргізу қажеттігіне көз жеткізді. Экология министрлігіне Кіші Талдыкөлді су ресурстары реестріне қосу және Талдыкөл көлдер жүйесіне республикалық дәрежедегі сулы-батпақты жерлер мәртебесін беру мәселелерін қарастыру ұсынылды. Елорда әкімдігі Бас жоспарға түзетулер енгізіліп тұратынын, осы жұмыстар аясында Талдыкөлді сақтай отырып балама нұсқалар ұсынылғанын ескеру керегін жеткізді. Кеңес шешімінің хаттамасы экобелсенділермен келісілді. Талдыкөл көлдеріндегі құрылысқа қатысты әкімдіктің жаңартылған жұмыс топтарына бастамашыл топ сарапшылары міндетті түрде енбек. Аталған мәселе партияның өңірлік қоғамдық экологиялық кеңесінің алаңында тұрақты бақылауда болады.
Түйін: Қазақта «Көлдің құты кетсе, көкқұтан бір жыл бұрын кетеді» деген тәмсіл бар. Ал Кіші Талдыкөлге керісінше аққулар, сырдиған сұлу қоқиқаздар қонып жатыр. Бәлкім, алдағы жылдары Кіші Талдыкөл елорданың ең бір көркем табиғи мүйісіне айналар...