• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Экология 21 Қыркүйек, 2021

Заңсыз бөгеттің зардабы

1636 рет
көрсетілді

Ойыл өзенінің Атырау облысындағы бөлігі құрғап жатыр. Өйткені оған су келмейді. Оның себебі неде? Бірнеше жылдан бері бұл мәселе әсіресе Қызылқоға ауданының тұрғындарын алаңдатып отыр.

– Соңғы екі-үш жылда Ойылдағы тіршілік нәрінің ағыны тоқтап, өзен арнасы кеуіп қалды. Бұл төрт тү­лік өсірген тұрғындарды түйіні оңай­лық­пен тарқатыла қоймайтын ты­ғырыққа тіреді. Мұның бастау­ы кеңес дәуірінен тамыр тартады. Сол кезде кеңшарлар құрылып, өзен­ге бө­геттер көп салынған. Тіпті өткен ғасырдың 60-жылдарында өзен­нің ұзындығы 100 ша­қырымға қыс­қарды, – дейді осы мәселені зерттеп жүрген Қызылқоға ауданының тұр­ғыны Есенбай Нұров.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегеновтің пікіріне сүйенсек, Мұғалжар тауынан бас­тау алатын Ойыл, Сағыз, Жем се­кілді өзендердің жай-күйіне еш­қан­дай зерттеу жүргізілмей келген. Өзен арнасының қамыс пен өсім­діктерден, өзге де қоқыстардан та­зар­тылмауы ағынға әсер етіп отыр. Өзен бойын жағалай орын теп­­кен шаруашылықтар арнасын бұзып, тіпті бөгет жасап алған. Ал Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуына қара­ғанда, Ойыл өзенінің Ақтөбе облысындағы аумағында иесі бел­гісіз 34 гидроқондырғы мен бес көпір бары анықталыпты.

– Өзен бойындағы иесіз нысан­дардың бәрін бұзып тастау керек. Жергілікті әкімдік 10 гидро­қон­дыр­ғыны коммуналдық меншікке алу­ды жоспарлаған. Осы кезге дейін үшеуі жойылса, үшеуін енді бұзу көзделіп отыр. Тағы 18 гидро­қон­дырғының арнасын аршып, қау­лап өскен қалың шөптен тазарту жұмыстарын жүргізу керек, – дейді Д.Тұрғанов.

Бұл мәселе салалық министрлік өкілдерін де алаңдата бастады. Сол себептен, биылғы 13-18 мамырда арнайы құрылған комиссия мүшелері өзен бойындағы бөгеттердің жай-күйіне тексеру жүргізді. Комиссия құрамына Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, Ойыл өзенінің жанашырлары, Ақтөбе облысы мен аудандық әкімдіктер өкілдері кірді. Тексеру нәтижесінде Ойыл өзенінің Мұғалжар, Қобда, Темір және Ойыл аудандарының аумағындағы жоғарғы ағысында және бассейнінде 57 гидротехникалық құрылыстың бары анықталды. Оның ішінде 8 нысан республикалық, үшеуі коммуналдық меншікте екені белгілі болды. Ал 34 иесіз бөгет, 5 көпір немесе көтерме жол салыныпты. Жеті бұлаққа толыққанды тазарту жүргізу қажет. Кеңес Одағы кезінде салынған бө­геттердің тозығы жетіп, өзенге су­дың еркін өтуіне кедергі келтіріп отыр.

Өткен аптада Атырау облысына Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов, министрдң кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов, Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов, «Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасов арнайы келді. Олар Қызылқоға ауданында атыраулық және ақтөбелік белсенділермен кез­десті. Аудан тұр­­ғындары Ойыл өзе­нінің төменгі ағы­­сында су көлемінің азай­ғанына алаң­даушылығын білдірді. Мұның басты себебі – Ойыл өзенінің сала­ларында бірқатар бөгеттің орналасуы.

– Ойыл өзені Ақтөбе облысының Темір ауданы, Еңбек ауылы маңын­дағы бұлақтан бастау алып, Атырау облысындағы Ақтөбе көлі тұсында тартылып қалған. Өзеннің арнасына су келтірудің бір ғана жолы бар. Бұл – бөгеттерді бұзып, судың еркін ағуына мүм­кіндік жасау, – деп есептейді Есенбай Нұров.

Жергілікті белсенді көтерген мәселеге министрдің орынбасары Серік Қо­жаниязов қолдау біл­дірді. Оның пікірінше, заңсыз салынған бө­геттерді бұзу мәселесі қарастырылады.

– Тұрғындарды алаңдатып отыр­ған мәселенің өзектілігінде дау жоқ. Сол себептен бұл мәселе Ақтө­бе және Атырау облыстарының әкімді­гімен бірлесе талқыланатын болады. Нақ­тылай айтқанда, өзен бойына заңсыз салынған бөгеттерді бұзу бас­талады, – дейді Серік Қожаниязов.

Су ресурстары комитеті төраға­сының орынбасары Досбол Бекма­ғамбетовтің мәліметінше, аталған мәсе­­ленің түйінін тарқату үшін жос­пар жасақталыпты. Соның қата­рында Жайық-Каспий бассейндік инспекция тарапынан Ойыл мен Жем өзендерінің гидрологиялық жағ­дайына байланыс­ты туындаған мәселелерді шешуге арналған іс-шара да бар.

– Иесіз су шаруашылығы құ­ры­лыстары табылса, көзделген мақ­сатта іс-шара рәсімдерін жүргізу жер­­гілікті ат­қарушы органның құ­зы­ретіне жатады. Осыған орай, Ақтөбе облысының әкім­дігіне бұлақ­тарды тазарту, кедергі кел­тіретін бө­геттерді транзиттік режімге қою, өзен арнасын толықтай жауып тұрған бөгеттерді бұздыру бойынша ұсы­ныс жасалды. Сондай-ақ Атырау об­лысының әкімдігіне Ойыл өзенінің төменгі ағысын сумен қамтамасыз ету үшін ұсыныс бе­рілді, – дейді Досбол Бекмағамбетов.

 

Атырау облысы