Ақпараттық-коммуникациялық индустрияның, бұлтты технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуы әлемді цифрлық трансформацияға жетелейді. Бұл өзгерістен Қазақстан құр қалмайды. Өйткені біз 5G технологиясын іске қосу қарсаңында тұрмыз. Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының бас директоры Чжан Цинго жаңа буын желісінің қандай екенін және 5G іске қосылғаннан кейін әлем қалай өзгеретіні жайлы айтты.
- Чжан Цинго мырза, Huawei Technologies Қазақстанда немен айналысып жатқанын және ол өзін неге ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) нарығында көшбасшы санайтыны туралы айтып беріңізші.
- Біздің компанияның Қазақстан нарығында жүргеніне 14 жыл болды. Осы уақыт ішінде біз байланыс операторларына, кәсіпорындар мен тұтынушыларға ақылды құрылғыларды, инфрақұрылымның озық шешімдерін, бәсекеге қабілетті өнімдер мен сервистер ұсына отырып, елдегі АКТ-ның дамуына үлес қостық. Біздің айтып отырғанымыз - бұлтты шешімдер, электрмен жабдықтау және деректерді сақтау жүйесі, бесінші буын желілері және тағы басқалар.
Бүгінгі таңда HUAWEI келер ұрпаққа біркелкі және тұрақты интеграцияны жеткізуге бағытталған біртұтас шешімдер ұсынуға көңіл бөліп отыр. Бұл қолданушының өсіп келе жатқан талаптарына және Қазақстанның ұлттық стратегияларына бейімделу үшін керек. Ал ең бастысы - қарапайым халық өміріне цифрландыру енгізу. Оған қоса, біз Қазақстандағы ірі, орта және шағын компаниялардың ұзақмерзімді дамуы негізін қалай отырып, бір-бірімен тиімді қарым-қатынас жасауы және корпоратив желінің әртүрлі талабына бейімделуі үшін барлық деңгейдегі кәсіпорынға қолдау көрсетеміз.
2016 жылы HUAWEI интеллектуал әлем тұжырымдамасын қалыптастырып, бүкіл әлемдегі серіктестерін әртараптандырылған және гүлденген экожүйені бірге құруға шақырды. Біз қазірдің өзінде 5G-ге қатысты 50 келісімшартқа отырдық және 150 000-нан астам базалық станция қойдық. 5G коммерциялық желілері бүкіл әлемде белсенді қолданыла бастағанына куә болып отырмыз. Жыл басынан бері Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Швейцария, Италия және Кувейт сияқты көптеген ел 5G желілерін іске қосты - олардың үштен екісі HUAWEI технологиясы арқылы құрылды.
- Қазір индустрияда жаңа буын желісін енгізу белсенді түрде талқыланып жатыр. 5G өзінің алдыңғы нұсқаларына қарағанда несімен жақсы екенін және оның қандай артықшылықтары барын түсіндіріп беріңізші.
- 5G мен 2G, 3G, 4G арасындағы негізгі айырмашылықтарды үшінші буын серіктестік жобасының халықаралық хаттамасында белгіленген үш бағыт бойынша түсіндіруге болады: кеңейтілген мобильді кеңжолақты байланыс, машинадан машинаға таралатын жаппай байланыс және деректерді жіберуде кідірісі төмен аса сенімді байланыс.
Бірінші буыннан төртінші буынға дейінгі мобильді технологиялар адамдар арасындағы коммуникацияға бағытталған, яғни мобильді кеңжолақты байланысқа негізіделген. 5G дәуірінде «Барлығының интернетін» пайдалану үшін үшінші буын серіктестігі жобасына жаппай машинааралық байланыс пен деректерді жіберуде кідірісі төмен аса сенімді байланыс қосылды. Бастысы, адамдарды құрылғыларға қосу ғана емес, құрылғылар арасындағы байланыс маңызды. Қазіргі уақытта 4G желісінің сыйымдылығы шектеулі, сондықтан ол «Барлығының интернетіне» жарамайды. Ал 5G желісінің сыйымдылығының күрт артуы «Барлығының интернетін» енгізуге жағдай жасайды. 5G технологиясы арқасында адамзат бәрі үшін маңызды сымсыз желілердің жаңа дәуірін бастайды.
Байланыстың 5G мен алдыңғы буын арасындағы ең басты айырмасы - 5G өткізу қабілетін жоғарылатады және оның кідірісі өте төмен. Осылайша, 5G байланысы бүкіл сала тірегіне айналатын революциялық өзгерістер әкеледі.
5G артықшылығына келер болсақ, ең бастысы - оның экономиканың маңызды салалары дамуына серпін беру мүмкіндігі. Болашақта 5G өмірдегі барлық саланың ажырамас бөлігіне айналады, біз бір мобайл телефон арқылы ғана қажет тапсырмаларды орындай аламыз. Мысалы, төмен кідіріс арқасында 5G медицина мәселелерін қашықтан шешуге көмектеседі, мұнай мен газ өндіру кезінде тез әрекет етуге мүмкіндік береді және тағы басқа.
- Қазақстанда 5G қашан іске қосылады?
- Қазақстанда 5G желісін жақын арада енгізуге мүмкіндік туады деп үміттенеміз. Бірақ менің білуімше, үкімет жоспары бойынша, биыл үш ірі қалада 5G пилот жобасы іске қосылады. Коммерциялық жобаның іске қосылуы келесі жылы басталады және 2 жылдық құрылыс кезеңінен кейін 5G технологиясын Қазақстанда 2023 жылға қарай кеңінен қолдану мүмкіндігі пайда болады.
- Huawei Technologies елдің шалғай аймақтарын интернетке қосуға қалай атсалысады?
- Шалғайдағы аудандардағы байланыс мәселесін шешу HUAWEI көзқарасына сай келеді. Өйткені біз байланыспен толық қамтылған және интеллектуал әлем құру үшін әр қолданушыға цифрлық ақпарат жеткізуге ұмтыламыз. Сондықтан Huawei Technologies компаниясы Digital Қазақстан бағдарламасына белсенді қатысып жатыр. Бағдарлама аясында өңірлерді байланыспен қамтып, кеңжолақты интернетке кіру мүмкіндігі бар 250-ден астам жоба әзірленді. Бүгінгі таңда 1000-нан астам базалық станция салынды. Бұл жобалар әлі де тұрақты түрде дамып жатыр. Өз тарапымыздан Қазақстанға жоғары сапалы қызмет көрсетеміз. Адамның бәрі жаппай қол жеткізе алатын базалық кең жолақты желі құруға, қызмет көрсету саласындағы әртүрлі инновацияны ынталандыруға және жалпы АКТ индустриясын дамытуға көмектесеміз.
Биыл Huawei Technologies компаниясы «Қазақтелекоммен» бірге Орталық Азияда бірінші, әлемде алғашқылардың бірі болып 2300 МГц диапазонында FWA-ның толық бөлінген желісін іске қосты. FWA желісін орналастыру үшін Қазақтелеком FWA абоненттеріне арналған желі сыйымдылығын және болашақта бірнеше тасымалдаушыны біріктіру мүмкіндігін қамтамасыз ететін 4T4R базалық станцияларын пайдаланды. Бұл желі ауыл тұрғындарына интернетке сымсыз қосылуға мүмкіндік береді. Солайша, сым тарту желілері жоқ жеке секторды қамту мәселесін шешеді. Қазірдің өзінде Ақмола облысындағы Қосшы қаласында пилот желісі іске қосылды.