Пандемия қарқыны бәсеңдеп, жағдай тұрақталды десек те, індетке шалдығып жатқандар әлі де бар. Соңғы мәліметке сәйкес Алматыда соңғы тәулікте 549 адамнан коронавирус анықталды.
Осы орайда індет жұқтырып алып, жазылған тұрғындардың денсаулығын қалпына келтіру, оңалту шаралары мегаполистің медицина саласына айтарлықтай жүк болып тұр. Індет пациенттердің ағзасында бұрыннан бар кінәраттарын қоздыратыны аян болғаны қашан?!
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының №4 қалалық емханасының реабилитологы Айгүл Солтанбек мұндай ауыр инфекцияға тап болған науқастардың эмоциялық қиындықтарға да ұшырауы мүмкін екенін еске салды. Ол алдымен әрбір адамға халық көп жиналатын жерлерде маска тағуды әдетке айналдыруы қажеттігін алға тарта келе:
– Бұл шараның бекер және денсаулыққа зиянды екеніне сеніп алып, көз алдау үшін маска тағатын адамдар бар. Сонымен қатар көптеген адам мұрынның ағуы, тамақ ауруы және суықтың басқа да жеңіл белгілерінің пайда болуына мән бермей, емделуге асықпайды. Мұндай адамдар инфекцияны аяғымен алып жүреді. Осыған байланысты маска тағу қосымша тиімді шара екенін түсіндіргім келеді. Бұл әлеуметтік қашықтықты сақтау, қолды сабынмен жуу және антисептик қолдану сияқты басқа шаралармен бірге коронавирус инфекциясының алдын алуға көмектеседі, – дейді дәрігер-реабилитолог.
Коронавирус инфекциядан сауығу туралы айта отырып, А.Солтанбек ауруға шалдыққандардың барлығының тіпті індетті жеңіл өткерсе де оңалтудан өтуі тиіс екенін атады.
– Жалпы, әр науқас сауығып кетуі мүмкін, бұл үкім емес. Біз коронавирустың өкпе мен жүрек-қан тамыр жүйесіне әсер ететінін жиі байқаймыз. Сондықтан оңалту емделу кезеңінде басталады және шығарылғаннан кейін жалғасады – емханада немесе үйде. Оңалтудың қарсы көрсетілімдері бар, сондықтан әр науқас үшін нақты шараларды емдеуші дәрігер анықтайды. Сіз аурудың ауыр түрінен кейін де сауығып кете аласыз, – деді дәрігер.
А.Солтанбек науқастардың өкпесі 10% ғана зақымдалғанымен, дерттің ауыр болуы мүмкін екенін айтады.
– Дәрігерлер өкпенің зақымдану дәрежесіне емес, ағзаның резервіне назар аударады. Біз өкпенің ғана емес, басқа мүшелер мен жүйелердің зақымдалуын да емдейміз, – деп толықтырды реабилитолог.
А.Солтанбек көбінесе коронавирус инфекциясынан кейін науқастарда пневмосклероз мен өкпе фиброзы қаупі жоғары болатынын атап өтті.
– Біздің емхана емделудің үшінші кезеңімен айналысады, бұл – өкпенің қалпына келу кезеңі. Сау күйде олар серпінді және дем алатын болуы керек, ал фиброз кезінде тыртықтар пайда болады, сондықтан реабилитолог дәрігерлер жеке ем тағайындайды, – дейді дәрігер.
Өкпенің жұмысын жақсарту және қандағы оттегінің қанықтылығын көтеру үшін емханаларда тыныс алу кешендері мен денешынықтырудың арнайы бағдарламалары жасалған. Реабилитолог тәжірибе көрсетіп отырғандай, көп жағдайда вакциналанған науқастар ауруханаға жатқызуды қажет етпейтіндігіне тоқталды.
– Вакциналанғандардың ауруы әлдеқайда жеңіл өтеді. Мұндай науқастардың иммундық жүйесі жұмылуға қабілетті және тезірек сауығуға ықпал етеді. Вакциналар иммунитетті төмендетпейтінін, керісінше оны көтеретінін білген жөн. В тобындағы витаминдер мен аминқышқылдар да денені қалпына келтіруге көмектеседі, – деді А.Солтанбек.
Жалпы, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінде 231 адамның ауыр жағдайда жатқанын айту керек. БМСК мен Телемедицина орталығы дәрігерлерінің бақылауында 5 085 науқас бақылауда жатыр.
Алматы қаласында бір тәулік ішінде, яғни 22 қыркүйекте 1-компонентпен 2 257 адам, 2-компонетпен 3 856 адам вакцина алды. Биыл ақпаннан бері 831 095 алматылық вакцина салдырды. Вакцина алғандардың ішінде 60 жастан асқан қарт кісілер саны 117 106-ға жетті.
Алматы