• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 28 Қыркүйек, 2021

Абайдың болыстыққа көзқарасы

4449 рет
көрсетілді

Абай өзі өмір сүрген дәуірдің реалистік жыршысы болды және қазақ қоғамын, оның кертартпа түйіндерін бес саусағындай білді. Қазақты болдырмайтын зұлымдықтарды айнадай көріп, жақсы мен жаманын, рухани қайшылықтарын ой көзімен айқын саралап отырды.

Абайдың қайраткерлігі мен шы­ғармашылық мұрасын зерт­теушілер ұлы ақынның ескі қазақ дәстүріндегі би, болыс болған уақы­тын нақты анықтап, сол ке­зеңде халыққа қандай пайда­сы тигенін білуге ниеттенді. Болыс­тыққа бес мәрте сайланған Абай өз қызметі арқылы туған халқына барынша ақ-адал жол нұсқады, әйел теңдігін, жесір құқығын жақ­тап, 1886 жылы Қарамолада өткен съезде бекітілген заңға екі бап енгізгені белгілі.

Мұхтар Әуезов «Абай жолы» ро­ман-эпопеясында Абайдың рулар арасындағы жер дауы, жесір дауы, өршіп тұрған ескі араздық, бақ­таластық жегідей жеп, шешуі табыл­май, өзара өшпенділікті қоз­дыр­ған қазақ қоғамында қандай рөл атқарғанын тұңғиығынан тар­тып суреттеп жазды. Абайдың бо­лыс­тық қызметін терең ашу, сол жолда кімдермен айқасқа тү­сіп, неден соққы көргені Мұхтар Әуе­зовтің осынау романынан бастау алған.

«Өз әкесі Құнанбай Уақтан тар­тып алған Жымба, Арқалық, Күшікбайды түгелімен «даусыз Уақ жері» деп кесіп берді. Кеше Оразбайлар алғызбаймын деп, землемерге жүргізбеймін деп әлек-бүлік бастаған Ақжал, Төреқұ­дық, Қарақұдық, Обалы, Қоғалы деген қоныстардың бәрі – Көкен елінің қай ауылының, қай атасының мекені екенін Абай бұлжытпастан санап берді. Елу жылдан бері тар­тып жеп, бас қонып, бастыра жай­лап, зорлығын өткізіп алған То­бықты, бүгін Көкен елі өсіп кө­бейіп, еңбек етер өз жерін қайта сұ­раса, оны қаралайды, қылмысты етеді. Қала берсе, шауып шаншады, жазалап жаралайды».

Ұлы жазушы Абайдың әділ­ді­гін, өз ағайындарына жек кө­рі­нішті болса да, шындықты жақ­тауын сүйінішпен суреттеп бер­ді. Ескі қазақ билігінде қара қыл­ды қақ жарған небір атақты билер өткен. Олардың ел аузында аңыз­ға айналған асқан билігінен қа­зақта «Әділ биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мақал қалған. Қазақ халқы бас­қа түскен жаңа низам аталған заң­ға, бодандыққа көніп, отарлық сая­саттың астында қалған кезде әділ билердің заманы келмеске кеткен болатын. Абайдың «Болыс болдым мінеки» атты әлеуметтік лирикасы осы мезетті дәл сипаттап берген. Мұхтар Әуезов осы романда Абай мен Сәменнің арасындағы диалог арқылы оны былайша көрсеткен:

«– Білем, мені сіз болсаңыз сайламас едіңіз, бірақ ел сайлаған.

– Сені ел емес, малың, параң сайлаған.

– Оны да маған көп көрген екенсіз ғой?

– Татымсызға тиген болыстық та, қор болған болыстық.

– Жарайды, тартысып көрер­міз. Татыған-татымағанды ертеңгі сайлау көрсетер! Тек сол жерден кездесіп бағыңыз! – деді».

Абай билік құруда өзінің кемел адам, игі кісілік идеалын – әділетті қоғамды аңсаушылық қасиетін жүзеге асырғанын Мұхтар Әуезов мейлінше толығымен қамтиды. Бұл романда ол Кеңес дәуірінің идеологиясынан шыға алмай, егер оған қарсы болса, онда Абай туралы эпопеясы жарық көр­мей­тінін білгендіктен, бай мен ке­дейдің аражігін бөліп, Кеңес идео­логиясының басты көзірі тап жау­ларын қолдан жасауға көн­ген сияқты. Құнанбайдың оз­быр­лығын, бай мен кедейдің ара­сын, Шұбар деген есіммен Шә­кә­рімді Абайға дұшпан, аяр етіп көр­сетуі, Оразбай, Сәмен сияқты шон­жарлардың бейнесін тым жа­ғымсыз, зорлықшыл қылып көр­сетуі сондықтан еді. «Оразбай мен Сәмен сиязда, өздері жеңілген өкімді естіп, Абайдың тұсынан қиыс өте беріп, оған бір кінә сөз тастамақ болып еді. Оразбай Абай­ға түксие қарап, сәл тоқтай беріп сол сөзін айтты:

– Абай, қайда жетерсің, қаншаға дейін барарсың, білмеймін, әйтеуір бір үлкен пәлеге кетіп барасың! Соныңды ғана есіңе саламын! – деді».

Мұның соңы Көшбикеде дұш­­пан­дары Абайды соққыға жы­­ғуымен, оның зор күйзеліске ұшы­­рауымен тынғаны аян. Абай ту­ған елі тұтас артта, қоршылықта қал­­ғанын мойындауға мәжбүр болып, шер төкті.

Абайдың болыстығы туралы қазіргі ірі абайтанушы ғалым, жа­зушы Тұрсын Жұртбай былай көрсеткен: «Сонымен, Абайдың өмірлік шұғылданған кәсібі – би­лік, соның ішінде болыстықтан тыс­қары міндеті – кәдімгі дала биі еді. Әрине, әділ би болды. Дала­ның дәстүрі мен заңын Абайдан артық білетін және оны талдап кеткен адам аз». Билікке бел ше­ше араласу, сайлауға түсу, билік тұт­қасын ұстау өнері Абайға өз әкесі Құнанбайдан дарыған. Бала­сын жасынан ел арасындағы дау-шарға араластырып, билік тетігін білуге баулыған әу баста өз әкесі болатын. Құнанбай аға сұлтан болған соң ел басқаруға көшті, бұ­рынғыдай тек бір рудың көсемі емес, бір елді билейтін бас­шысына айналды. Өйткені сол за­мандағы қазақ өмірі тұтасы­мен дала заңына бағынудан, жер дауы, жесір дауын шешу, ұрлық-қарлықты тыю, барымта-сырымтадан туын­дайтын арыздарды рулар арасында, ағайын арасында реттеп оты­руға саятын. Қазақ халқының өзіндік қалыптасқан ел басқару жүйесін ақ патша билеген Ресей империясының қазақ даласын уысына алып, тұтастай ерік-күшін билеуге, барша байлығын тонауға бағытталған жаңа низам заңы – өздері бұратана санаған халықты басқару ережесі бұзып жіберді. Абайдың осы жүйеге іштей нара­зылығы, күрескерлік рухы, шынайы қарсы шығуы әлеумет­тік-сати­ралық поэзиясында көрініс тап­ты. «Қалың елім, қазағым, қай­ран жұртым» атты өлеңі ел­дік жағ­дайдың ушығып тұрғаны­нан, түбі қалай болар деген ауыр ­уайымнан туған болатын. Болыстыққа та­ластың залалы, барымташылық тыйылмай үдеп тұрғаны да осы өлеңде көрсетілген.

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды,

түнде – ұйқың.

Бірінің малын бірі шауып әке­тетін барымта сол кездегі қазақ хал­қын шарпыған қысастық және кек қайтару құралына айналды, ал кедейшілік, кәсіпсіздік оны кей жұрттың күнкөріс қамына айналдырып тастады.

Бас-басына би болған

өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па

елдің сиқын?

Абай сайлауға таласқан аға­йындарын, өзге рудың атқамінер пысықтарын көп көрді. Олардың ішінде ақыл-парасатымен, адал­дығымен, елге жанашыр пейілімен түсіп отырғандар жоқ. Ұсақ-түйек, шын мәнінде қалың елге бас бо­луға, тұлға болуға жарамайтын қу, пы­сықтардың арам пиғыл, жек­сұрын іс-әрекетін көріп налыды.

Патша өкіметінің 1868 жылғы реформасы, қазақ халқын ұлт­тық тамырынан ажыратуға негіз сал­ған, дала демократиясы қанға сіңген елдік игі дәстүрін түбірімен қопара бұзып, салт-санасына сына түсірген әскери-отаршылық реформа болды. Бұл әкімшілік жүйе мен сайлау тәртібін өзгерткен жаңа ереже билік тұтқасын ұста­ған ояз, болыс сияқты жер­гі­лікті басқарушы жүйенің қыз­мет­шілерін, әкімқаралардың өк­тем­дігін күшейе түсті. Әуелі 1822 жылы қазақтың ескі билеу жүйесі хандық билікті жойған болатын. Араға 40 жыл салып орыс отар­шылығы оның орнында қалған сұл­тандық билікті жойды. Хандық би­лік жойылған соң қазақтың соң­ғы ханы Абылайдың немересі Кенесары сұлтан бастаған ұлт-азаттық көтеріліс он жылға созылып, ақыры империяның аранына тұтылып, оның жымысқы айла-тәсілінен жеңіліс тапты.

Абай орыстың ұлығы мен оязына бағынышты байғұс қазақты отаршылық шырмауы мықтап басқанын осы өлең арқылы терең астарлайды. Өз билігі өзінде жоқ мүсәпір елдің әлеуметтік күйі оң­басын білген соң, жүрегі қан жылап айтқаны болар.

Бірлік жоқ, береке жоқ,

шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың,

баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға

талас қылған,

Күш сынасқан күндестік

бұзды-ау шырқын.

Кілең шенқұмар, мансап­құ­марлар бәсекеге ұрынып, шар салып, сайлауға түсемін деп жа­ныққан «партияшыл» топ бекер­ге малын шашты, әкімшілік лауа­зым­ға таласып, қарсыласынан асып түспекке жасаған сатқын­дық, екі­жүзділік мінездерімен көз­­ге ұрды. Қазақ тіліне «пар­тия» де­ген сөз осы уақытта енді. Орыс ұлық­­тарының, тілмаштардың сұм­дық парақорлығын көрген қыр қазақтары болыстыққа бір сайланып кетсе, шығарған шығынын, кеткен малын еселеп қайтарып аламын деп жанталасты. Осының бәрін көзімен көріп, көңіл таразысына өлшеп отырған Абай мұның түбі қараңғы халықты әб­ден бұзып, күнкөріс үшін жа­ман­дықтан та­йынбайтын имансыз тобырға ­айналдырып тынатын өнбес, ­баянсыз тірлік екенін ұқты.

Тобықтының өз ішіндегі аға­йын арасындағы күндестік, ала­уыздық кеселдері бір шеті бо­лыс­тық сайлауға қатысты өрші­ге­нін Мұхтар Әуезов толық сурет­теп берді. Атқамінерлердің өзара қырқысы қайран елді жік-жікке бөліп, құтын қашырды, жұ­татып, жүдетті. Бұрын-соңды бол­маған, иісі қазаққа жат, арыз жа­зып, итжеккенге айдату траге­диясы да қазақ даласында осы 1868 жылғы реформадан соң басталып, белең алды. Абайдың «Қалың елім, қа­зағым, қайран жұр­тым» атты өле­ңі отарланған ха­лықтың траге­дия­сын ашып қана қоймайды, оның басқару, билік жүйесін қо­са әшкерелейді. Өз тағдырына өзі қолы жетпейтін халық – дүниеде­гі ең сорлы халық. Семей оязы­ның қазағы бастан кешкен кеп бар­ша қазақ даласына тән құбылыс бо­латын. Ресей им­периясы­ның әскери қамал-бекі­ністері біртін­деп қалаға айнала бас­таған кезең күшейгенде 1905 жыл­ғы төңкеріс келіп жетті. Бұл жаңа өзгерістерге, басқа дәуірге ұласты.

 

Әсем ЕРЕЖЕҚЫЗЫ,

Абай академиясының ғылыми қызметкері